Әңгіменің әлқиссасын Эр-Риядтағы кездесуден бастайық. Бүгін Сауд Арабиясының Эр-Риядында АҚШ және Ресей делегацияларының кездесуі басталды.
Келіссөздерге Ресей командасын СІМ басшысы Сергей Лавров бастап барса, АҚШ делегациясын Мемхатшы Марко Рубио бастап барған.
САУДИЯДАҒЫ КЕЛІССӨЗ: УКРАИНА МЕН ЕУРОПА ШЕТТЕ ҚАЛДЫ...
АҚШ делегациясының құрамында: Мемлекеттік хатшы Марко Рубио, АҚШ президентінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц және Таяу Шығыс бойынша арнайы өкіл Стив Уиткофф бар.
Ресей делегациясының құрамында: СІМ басшысы Сергей Лавров, Ресей президентінің сыртқы саясат бойынша көмекшісі Юрий Ушаков пен РФ Тікелей инвестиция қорының басшысы Кирилл Дмитриев бар.
(Сурет: reuters.com)
Талқыланатын басты тақырыптар: Украина мен Ресей соғысын аяқтау шарттарын қарастыру. Ресейге салынған санкцияларды алу немесе жеңілдету шарттарын талқылау.
Айта кетейік, бұл кездесуге Украина мен Еуропа шақырылған жоқ. Осыған дейін АҚШ президенті Трамп: «АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөздерге Украина қатысатын болады», - деп мәлімдеген.
Алайда, Украина президенті Зеленский: «Украина Ресеймен және АҚШ-пен Саудиядағы кездесуге қатыспайды. Украина бұл туралы ештеңе білмейміз. Ал Украина бізсіз өткен кез келген келіссөздер нәтижесіз деп есептейді. Бізсіз өткен біз туралы ешбір келісімді мойындамаймыз», - деп мәлімдеді.
Осыдан соң АҚШ президентінің Украина-Ресей бойынша арнайы өкілі Кит Келлог: «Украинаға ешкім бейбіт келісімді мәжбүрлемейді. АҚШ барлық тараптардың ұсыныстарын тыңдайды. Украина қандай шарт бойынша бейбіт келісімге қол қоярын өзі шешеді, мұны Киев үшін АҚШ істемейді», - деп мәлімдеді.
Ал бүгін Украина президенті Зеленский ресми сапармен Түркияға барды. Ол Анкарада президент Ердоғанмен жолықпақ.
(Сурет: bbc.com)
ПАРИЖДЕГІ БАСҚОСУ: ЕУРОПА УКРАИНАҒА ӘСКЕР ЖІБЕРЕ МЕ?
Мюнхендегі әлемдік қауіпсіздікке арналған басты жиыннан соң, Франция президенті Макрон Еуропа елдерінің басшылары мен халықаралық саяси ұйым басшыларын шұғыл Парижге жинады.
Талқыланған басты тақырып: Соғыс аяқталған соң Украинаға қауіпсіздік кепілі ретінде әскер жіберу мүмкіндігі, АҚШ-тың жаңа басшылығының ЕО мен Украинаға қатысты саясаты. Соның ішінде бейбіт келісімге Еуропа елдерінің қатысу мүмкіндігі.
Макрон шұғыл шақырған жиынға кімдер келді? Қараңыз: НАТО Бас хатшысы Марк Рютте Ұлыбритания премьері Кир Стармер, Германия канцлері Олаф Шольц, Италия премьері Джорджа Мелони, Испания премьері Педро Санчес, Дания премьері Метте Фредериксен, Польша премьері Дональд Туск, Нидерланды премьері Дик Схооф, Еуропалық комиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық кеңес басшысы Антониу Кошта т.б.
Париждегі кездесу бірнеше сағатқа созылған. Ол бойынша қабылданған қандай да бір шешім туралы мәліметтер жоқ. Десе де, жиынға қатысушылардың барлығы: «Ресей агрессиясына тойтарыс беруде Украинаны үзбей қолдау керек», - деп келіскен.
Тақырыпқа тұздық: осыған дейін Франция мен Ұлыбритания және Швеция Украинаға қауіпсіздік кепілдігін қамтамасыз ету үшін әскер жіберуге дайын екендіктерін мәлімдесе, Польша әскер жібере алмайтынын, бірақ, бұл бастаманы қолдайтынын айтқан. Ал Гармания канцлері Шолц: «АҚШ-тың күшімен Украина бойынша бейбіт келіссөздер басталды деп айтуға әлі ерте», - деп мәлімдеді.
БАҚ-тың жазуынша, Франция мен Ұлыбритания жіберуі мүмкін әскери контингенттің саны 25-30 мыңды құрайды. Бұл күш қазірдің өзінде жасақталып, дайын тұр.
(Сурет: Bloomberg скрині)
ЕУРОПАДАН УКРАИНАҒА АУҚЫМДЫ КӨМЕК: ЕО 700 МЛРД ЕУРО БЕРЕ МЕ?
«Bloomberg» басылымына сұхбат берген Германия СІМ басшысы Анналена Бербок Еуроодақтың Украинаға бұрын-соңды болмаған көлемде ауқымды көмек пакетін даярлап жатқанын айтты. Бұл қаражат әскери техникалар сатып алуға жұмсалмақ. Көлемі шамамен 700 млрд еуроны құрамақ.
«Біз ауқымды көмек пакетін іске қоса аламыз. Мұндай көлем бұрын-соңды болған жоқ. Бейбітшілік күшпен ғана келеді! Ол үшін Украинаға ұзақ мерзімді қауіпсіздік кепілдігі қажет. Және Украинаның НАТО блогы мен ЕО-ға қосылуы туралы келіссөздерді жылдамдату керек. біз Еуропа болған соң, неміс болған соң Украина жағында табандап тұрамыз. Сол үшінде Украинаға әскер, қаржылық және гуманитарлық көмек көрсетеміз. Ресей соғыс бастағалы-бері біз, Еуропа Украинаға ұзын-саны 134 млрд еуроның көмегін бердік. Бір ғана Германияның көмегі 44 млрд еурны құрады», - деді Бербок.
Mezgil.kz