Саудиядағы АҚШ-Ресей келіссөздері аяқталды: Тараптар не дейді?

Сауд Арабиясының Эр-Риядында өткен АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөздер аяқталды. Тараптар АҚШ-Ресей қарым-қатынастары мен Украинадағы соғысты тоқтату бойынша маңызды мәселелерді талқылады.

1739890964378758.jpg

(Сурет: reuters.com)

АҚШ делегациясының құрамында: Мемлекеттік хатшы Марко Рубио, АҚШ президентінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц және Таяу Шығыс бойынша арнайы өкіл Стив Уиткофф бар.

Ресей делегациясының құрамында: СІМ басшысы Сергей Лавров, Ресей президентінің сыртқы саясат бойынша көмекшісі Юрий Ушаков пен РФ Тікелей инвестиция қорының басшысы Кирилл Дмитриев бар.

АҚШ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ НЕ ДЕЙДІ?

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио: «Трамп Украина соғысын әділетті негізде аяқтауды қалайды. Ол соғыстың 2-3 жылдан кейін қайта басталғанын қаламайды. АҚШ бұл қақтығысты түбегейлі шешуді ойлайды.

ЕО қандай да бір кезеңде келіссөз үстеліне отыруы тиіс. Өйткені, ЕО Ресейге санкция салды. Украинадағы қақтығысты аяқтау үшін барлық тараптың келісімі керек. Ол келісім барлығына «тиімді» болуы шарт. Келіссөз барысында қауіпсіздік кепілдігі мен территория мәселесі сөз болады. Бұл келіссөздердің негізі», - деді.

Марко Рубио: «Эр-Риядта Ресейдің ресми өкілдерімен кездесу – Украинадағы соғысты тоқтату бойынша ұзын да күрделі жолдағы алғашқы қадам болды», - деді.

Марко Кубио: «Украинадағы бейбітшілік – Ресеймен экономикалық мүмкіндіктердің кілті.

Келіссөздердің бірінші кезеңі – дипломатиялық миссиямыздың жұмысын қайта жандандыру және дипломатиялық байланыстарды жандандыру.

Келіссөздердің екінші кезеңі – Украинадағы  бейбіт келіссөздер тақырыбына арналады. Әрине, бұл мәселеде Украина мен Еуропадағы әріптестердің пікірі ескеріледі. Олармен ақылдасулар өткізіледі. Бұл міндетті кезең.

Ал үшінші кезеңде – Украинадағы соғысты тараптарға тиімді позицияда аяқтаған соң, Ресеймен геосаяси әріптестікті қайта жандандырудың жолын іздеуге ден қойылмақ. Ашығын айтқанда, экономикалық байланыстар туралы сөз болмақ.

Бірінші кезеңді біз оңай еңсере аламыз. Дипломатиялық байланыстарды орнатуда аса бір күрделіліктер жоқ. Ал екінші кезең қиын. Ол – Украинадағы соғысты тоқтату. Ал үшінші кезең – экономикалық байланыстарды орнату. Ол үшін міндетті түрде екінші кезең толықтай жүзеге асырылуы керек», - деді.

АҚШ президентінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц: «Біз біліп, көріп отырмыз. Алда территорияларға қатысты дискуссиялар болады. Сол секілді, қауіпсіздік кепілдігі туралы да талқылаулаз аз болмайды. Бұл келіссөздердің басты талқысы болады. Бірақ, ең маңыздысы – президент бұл соғысқа нүкте қойғысы келетіні туралы айтты. Соғыстың жалғасқанына ешбір ел мүдделі емес. Бұған біз де мүдделі емеспіз. Біз соғыстың уақытша тоқтағанына емес, біржола тоқтағанына күш саламыз», - деді.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Тэмми Брюс: «АҚШ пен Ресей екеуара қарым-қатынастардағы «кедергілерді» жойып, Украина бойынша келіссөздерді бастауға келісті. Қос тарап та алда болатын бейбіт келіссөздерге жоғарғы лауазымды тұлғалардан команда жасақтауға, Украинадағы соғысты жылдамырақ аяқтауға күш салуға, бейбіт келіссөздерді тұрақты және тараптардың барлығына тиімді болатындай етіп жасауға мақұлдасты», - деді.

РЕСЕЙ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ НЕ ДЕЙДІ?

Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров: «АҚШ пен Ресей арасындағы Украина бойынша келіссөздер жылдамырақ басталуы тиіс. Ресей қазір күдеді. АҚШ келіссөздерге қатысатын өз адамдарын бекіткенін күтеміз. Сонан соң, біз де өз келіссөзшілерімізді даярлаймыз», - деді.

Сергей Лавров: «АҚШ пен Ресей келіссөзінде ұсынылған бір мәселе – энергетикалық нысандарға шабуылдауға мараторий енгізу. Біз мұндай нысандарға шабуылдамаймыз. Ал Украина шабуылдап жатыр», - дейді.

Сергей Лавров: «Батыстық БАҚ жазып жатқан Украинадағы соғысты аяқтаудың үш кезеңдік жоспары – фейк», - деді.

Ресей өкілі Кирил Дмитриев: «Эр-Риядтағы келіссөздер «жылы» өтті. Ресей мен АҚШ бұл келіссөздерде екі ұлы елдің бір-бірімен араласпай іс болмайтынына келісті. Ресей мен АҚШ екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды жандандыру бойынша жеке кездесу өткізді. Соның ішінде, энерготасымалдауға қатысты әлемдік баға бойынша әңгімелесу болды», - дейді.

Ресей өкілі Юрий Ушаков: «Екіжақты келіссөздер жаман өткен жоқ. Ресей мен АҚШ бір-бірінің мүдделерін ескеруге келісті. Барлық сауалдар мен қордаланған мәселелер бойынша салмақты талқы жасалды. Ресей мен АҚШ екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға келісті. Бұған Мәскеу де, Вашингтон да мүдделі», - деді.

ӘЛЕМДІК БАҚ НЕ ЖАЗЫП ЖАТЫР?

«Bloomberg» басылымы: «Келер аптада Саудияда Трамп пен Путин кездесуі өтуі мүмкін. АҚШ пен Ресей делегациялары бүгінгі кездесуде осы мәселені де талқылады», - деп жазады.

«Fox News»: «АҚШ пен Ресей делегациялары бұл кездесуде Украинадағы соғысты аяқтау бойынша үш кезеңнен тұратын бейбіт келісімді талқылады. Бірінші – ұрыс қималдарын тоқтату кезеңі. Екінші – Украинада сайлау өткізу кезеңі. Үшінші кезең – бейбіт келісім құжатына қол қою кезеңі», - деп жазады.

«СNN»: «АҚШ пен Ресейдің Саудиядағы кездесуі 4 сағаттан астам уақытқа созылып, 3 түрлі негізгі ой айтылды. Олар: Бірінші – АҚШ пен Ресейдің арасындағы дипломатиялық қатынастарды қайта жандандыру. Екінші – Украина соғысын аяқтау бойынша арнайы топты бекіту. Үшінші – Украина соғысы аяқталған соң АҚШ пен Ресей арасындағы геосаяси және экономикалық байланыстарды қайта бастау туралы мүмкіндікті қарастыру», - деп хабарлады.

ЕУРООДАҚ НЕ ДЕЙДІ?

АҚШ пен Ресей делегацияларының бүгінге кездесуінен соң Еуропалық одақ Ресейге қарсы санкциялық саясаттан бас тартпайтынын мәлімдеді.

«Тіпті, АҚШ Ресейге қарсы салған санкцияларын алып тастаған күннің өзінде, ЕО Ресейге қарсы санкцияларды алмайды. Керісінше, қазір ЕО елдері Ресейге қарсы санкциялардың 16-ші пакетін келісуде. Бұл жолы санкциялар Ресейдің энергетикалық секторын қамтымақ», - деп мәлімдеді Франция СІМ-і.

ПРЕЗИДЕНТ ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕЙДІ?

Украина президенті де, Украина өкілдері де Саудиядағы АҚШ-Ресей келіссөздеріне қатысқан жоқ. Украина президенті Зеленский бүгін Түркияға ұшып барып, Түркия президенті Ердоғанмен кездесу өткізді.

Президент Зеленский Саудиядағы келіссөздерге қатысты пікір білдіріп:

«Украина ең қиын күндердің өзінде Ресей қойған ультиматумға көнбеді. Қазір неге көне қалуы керек? Ресей 2022 жылы бізге ультиматум қойып: әскерді қысқартуды, оккупацияланған аумақтарды Ресейдікі деп мойындауды талап етті. Украина Ресейдің айтқанымен жүретін «қуыршақ» президент қойғысы келді.

Қазір қандай да бір келіссөздер өтіп жатыр. Ол келіссөздер АҚШ пен Ресей арасында өтуде. Ресейліктер мәз жүр. Украина жайлы Украинасыз талқылауда. Біз оны елемейміз. Біз ең қиын күндерде Ресейдің ультиматумына көнбегенбіз, қазір де көнбейміз», - деді.

ПРЕЗИДЕНТ ЕРДОҒАН НЕ ДЕЙДІ?

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да пікір білдіріп:

«Соғыста – жеңген тарап жоқ. Ал бейбітшілікте – жеңілген тарап болмайды. Біз соғыстың алғашқы күндерінен-ақ, қантөгісті тоқтату үшін көп күш жұмсадық. Тараптарды келіссөз үстеліне отырғызуға барымызды салдық. Түркияның күш салуымен, келіссөздер арқылы Қара теңіздегі «астық келісімі» жасалды.

Қазіргі кезеңде  дипломатиялық мақсат бар. Оны Трамп мырза бастады. Ол – соғысты келіссөз арқылы аяқтау. Түркия қазір де АҚШ, Украина мен Ресмей келіссөздері үшін таптырмас алаң бола алады», - деді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар