Cирияның жаңа билігі мен күрд жасақтары арасында келісім жасалуда. «Сирия демократиялық күштері» коалициясы Күрдістан жұмысшы партиясының жауынгерлері Сириядан кетуі мүмкін екенін айтуда. Бұл жаңа билік пен күрд жасақтары арасындағы келісімге сәйкес жүзеге асуы мүмкін. Сириядан кетуден бас тартқан күрд жасақтары Сирияның жаңа билігімен келісім жасасып, тұрақты әскер құрамына қосылуды ойластыруда.
Сирияның жаңа билігі күрдтерге автономия беруден немесе Сирия әскері құрамында күрдтерге арналған жеке әскери бөлімше құрудан бас тартты. Сирияның шығыс аймақтары мен солтүстігінің бір бөлігін бақылауда ұстаған күрд жасақтары мен Сирияның жаңа билігі арасындағы шайқастар тоқтаған емес. Алайда 19-ақпан күні тараптар бірқатар келісімдерге келгені айтылды.
«Сирия демократиялық күштері» жариялаған құжатта бірқатар тармақтар қамтылған. Ол бойынша:
1. Сирия демократиялық күштері және өзге қарулы топтар Сирия әскерінің құрамына қосылады.
2. Сирияның солтүстік және шығыс бөлігінде мемлекеттік және азаматтық нысандардың жұмысы қайта жанданады.
3. Сирия жеріндегі күрд жасақтарының құрамында соғысқан шетелдіктер елден кетеді. Басым бөлігі Иракқа кетуі ықтимал.
4. Ұлттық және діни мәселелерді реттеу үшін күрд жасақтары мен Дамашық арасындағы байланыс күшейеді.
5. Сирияның біртұтастығын барлық тарап мойындап, арнайы құжатқа қол қояды. Аталған құжат бойынша Сирия жеріне босқындарды қайтару бағдарламалары қабылданады.
6. Сирияның президенті Ахмад әль-Шараа Сирияның шығыс және солтүстік аудандарына ресми сапармен барады. Оның қауіпсіздігіне күрд жасақтары кепілдік береді.
7. Аталған жұмыстарды нәтижелі ету үшін бірлескен арнайы комитеттер құрылады. Комитеттер ұлттық, діни және аймақтық мәселелер бойынша арнайы жоспар әзірлейді.
«Сирия демократиялық күштері» жариялаған құжатқа қатысты әзірге Дамашық ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Алайда Сирия президенті ел аумағындағы барлық қарулы топтарды Сирия әскері құрамына интеграциялау керектігін айтумен келеді. Ал ДАИШ іспеттес лаңкестік ұйымдар жойылуы қажет деген пікірде.
Ақпарат көздері Күрдістан жұмысшы партиясының көсемі болған, бүгінде Имралы аралында өмір бойы бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жатқан Абдулла Оджаланның күрд жасақтарына хат жазғанын айтты. Хатты күрд жасақтарының көсемдері алған, ал хатты жеткізуге Түркия рұқсат еткен. Хаттың мәтіні ашық жарияланбаса да, сарапшылар хатта күрдтердің Сирияда келісімге келу керектігі жазылғанын айтуда.
Сарапшылар Түркия президенті Сириядағы басты миссиясын аяқтауға жақын қалғанын айтты. «Ердоған Сириядағы күрд жасақтары Сирия әскерінің құрамына кіретін болса, аймақтағы терроризмді тізерлеттік» деп мәлімдеме жасамақ дейді сарапшылар.
Mezgil.kz