Ертең Ресейдің әскери-саяси басшылығының бейбіт жатқан Украинаға соғыс ашып, қақалаларда қанқасап жасай бастағанына тұп-тура үш жыл болады. Осыған орай, бүгін президент Зеленский бастаған Украинаның әскери-саяси басшылығы жиын өткізуде.
(Сурет: bbc.com)
Ал ертең Киевке 13 мемлекеттің басшысы барады. Соның ішінде ЕО лидерлері де бар. Тағы 24-і жиынға онлайн қатысатынын айтқан.
Бүгін Зеленский АҚШ-пен табиғи ресурстар туралы келісім, Трамптың мәлімдемелері мен соғысты тоқтату бойынша бірқатар сұрақтарға жауап берді.
ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕДІ?
Президент сайлауы туралы:
– Мен үшін Украинаның қауіпсіздігі маңызды және мен ондаған жылдар бойы билікте болғым келмейді. Егер менің отставкаға кетуім - Украинаға бейбітшілік алып келсе, Украинаны НАТО мүшесі етсе, мен қазір-ақ қызметтен кете аламын. Елімізде әскери режим аяқталған соң ғана сайлау өткізіледі, - деді.
АҚШ-тың табиғи ресурстар туралы келісімі туралы:
– Мен біздің кейін біздің 10 буын ұрпағымыздың мойнына қарыз болып ілініп, солар төлейтін дүниеге қол қоймаймын, - деді. – Трамп мәңгілік емес. Ал бізге ұзақ уақыттық бейбітшілік керек, - деді. – Біздің әріптестерімізге құрметіміз бен алғысымыз шексіз. Бірақ, біз 500 млрд доллар деген қарызды мойындай алмаймыз. АҚШ ұсынған шарттың бір тармағы - АҚШ-тың Украинаға берген әрбір долларына біз 2 есе құн төлеуіміз керек, - деді.
Трамппен келіссөздер туралы:
– АҚШ ұсынған келісімде Украина үшін қауіпсіздік кепілдігі туралы сөз жоқ. Сол үшін мен Трампты Украинаға шақырамын. Немесе өзім Вашингтонға барып, сөйлесуге дайынмын. Мен салмақты адамдармен келіссөздерді қалай жүргізу керектігін, келісімдерге қалай қол қою керектігін білемін.
Мен Трамппен өзара түсініскім келеді. Украинаға қауіпсіздік кепілдігі туралы келіскім келеді. Соғыстан соң Украинаға кіргізілетін бітімгершілік контингенті туралы сөйлескім келеді. Экономикалық келісім - қауіпсіздік кепілдігі бола алады. Бірақ, біз жеке қауіпсіздік кепілдігін алғымыз келеді. Стратегиялық әріптестер келісімге қол қоюы тиіс. Мен біздің АҚШ-пен келісіміміз даусыз өткенін қалаймын.
Дәл қазір Ермак америкалықтармен сөйлесіп, талқылау жасап жатыр. Әлгі айтқан 500 млрд деген әңгіме жоқ. Демек, біз алға жылжып келеміз, - деді.
Трамптың сөздері туралы:
– Трамп мені диктатор деп атады деп ренжімеймін. Бұл сөзге диктатор адам ғана ренжи алады. Маған қазір басқаның емес, Украина халқының мен туралы не дейтіні маңызды. Трампқа да америкалықтардың өзі туралы не ойлайтыны маңызды. Әсіресе, Трамп үшін қазір осы сұрақ актуалды. АҚШ ұрыстың қызу кезеңін, атысты биыл тоқтату үшін барын жасайды деп сенемін, - деді.
АҚШ-тың көмегі туралы:
– Украина АҚШ-тан 100 млрд доллар алды. Ол үшін біз АҚШ-қа шексіз ризамыз. Соғыстың құны: 120 млрд доллар - Украинаның өз ақшасы. 100 млрд доллар Еуропалық әріптестердік көмегі (соның ішінде Жапония көмегі 15 млрд доллар). Ал 100 млрд доллар - АҚШ көмегі. Трагедияның экономикасы осындай.
Қазір АҚШ-тан Украинаға келуі тиіс көмек бар. Сомасы 15 млрд доллар. Ол ақша емес, қару-жарақ пен техника. Байден әкімшілігі кезінде мақұлданған көмек, бұл. Ол әлі Украинаға келіп жеткен жоқ.
Қазір Украина аумағында ұзын-саны 45 мың Starlink кешені бар. Олар ауруханалар, балабақшалар мен мектептер. Майдан даласы ғана емес. Осылардың әрбірі Starlink-ке ай сайын ақша төлеп отыр. Оны өшіру туралы АҚШ тарапынан әңгіме болған жоқ. Бұл АҚШ-тың тегін көмегі емес.
АҚШ қазір Израильге, Катарға, Сауд Арабиясына, БАӘ-ге қару-жарақ сатып, 100 пайыз пайда тауып отыр ма? Мен президент Трамппен диалог қалаймын! Меніңше, менің бұл қалауым әділетті, - деді.
Әскери өндіріс туралы:
– Украинадағы соғысты қауіпсіздік кепілдігін алғанның өзінде, осы аптада аяқтау мүмкін емес нәрсе. Меніңші қазір барлық мемлекет өзінің қорғаныс бюджетін еселеуі керек. Немесе одақтастық күштер құруы тиіс!
Бізге қазір кемі 20 дана Patriot кешені керек. Әрқайсысының құны шамамен 1,5-1,8 млрд доллар тұрады, - деді. – Бізге ең көп Patriot-ты Германия берді. Бірақ, оған лицензияны АҚШ береді. Біз АҚШ-тың көмегінен айырылып қалғымыз келмейді.
Бізде қазір 800 мың адамдық армия бар. Былтыр Украина 154 артиллериялық қондырғы шығарды. Бұл НАТО елдерінен көп. Биыл өндірісті тағы арттыруды жоспарлап отырмыз. Былтыр Украина 2,2 млн FPV-дрон мен 100 алыс қашықтыққа ұшатын соққылаушы дрон жасап шығарды. Былтыр Украина 40 пайызға өзін-өзі қару-жарақпен қамтамасыз етті. Тағы 30 пайызы Еуропаға, және 30 пайызы АҚШ-тың көмегі болды.
Қазір Украина Patriot-қа балама кешен жасауды қолға алуда. Паляница ұшып жатыр. Рута ұшып жатыр. Пекло ұшып жатыр. Біздің әскери өндіріс те қарап жатқан жоқ, - деді.
Сөз түйінінде президент Зеленский: «АҚШ билігі Путин ендігәрі соғыс бастап келмейді деп сенеді. Ұрысты тоқтату мен соғысты біржола тоқтату екібөлек. Бізге қауіпсіздік кепілдігі міндетті түрде керек! Бізге Ресейдің кепілдігі керек емес. Ресейдің құры сөздеріне АҚШ сенсе де, біз сенбейміз», - деді.
Mezgil.kz