Ресейдің көлеңкелі мұнай флоты мен құбырларына шабуылдар саны артты. Украина дрондары Ресейдің құбырларына соққы жасаса да, танкерлерге жасалған шабуылдың артында кім тұрғаны белгісіз. Соңғы айларда әлемнің және Ресейдің бірнеше портында мұнай және шикізат тасымалдайтын бірнеше танкерде жарылыс болған.
20 ақпанда Reuters ақпараттық агенттігі екі айдың ішінде Ресейге тиесілі деген үш танкерде жарылыс болғанын жазды. Алайда өзге ақпарат көздері кемі 4 танкерде жарылыс болғанын айтуда.
«Seajewel» танкері Мальта туымен жүзеді. Танкер Италияның солтүстігіндегі Савона портында тұрған сәтте, танкерде екі жарылыс болған. Жарылыс 14 ақпанда болып, танкердің бір бөлігінде үлкен жарық пайда болған. Украина ақпарат көздерінің жазуынша аталған танкер Ресейдің көлеңкелі флотына тиесілі.
«Seacharm» танкері Маршалл аралдарының туымен жүзеді. Қаңтар айында Түркияның Жейхан портында тұрған сәтте танкерде жарылыс болды. Екі танкерді де Афинада тіркелген Thenamaris компаниясы басқарады. АҚШ-тың санкциясына ұшыраған танкерлердің көбі дәл осы компанияға тіркелген болатын.
Тағы бір танкер «Grace Ferrum» деп аталады. Ол Либерия туымен жүзеді. Ақпан айында Ливияның Триполи портында тұрған сәтінде танкерде жарылыс болды. «Grace Ferrum» Ресейдің порттарына жиі барады. Мысалы 2024 жылы, 1-қарашада Мурманск портында болған. 6-қарашада Петербор портында болса, 11-қаңтарда Усть-Луга портына тұрақтаған.
Келесі танкер «Кoala» деп аталады. Аталмыш танкер Антигуа және Барбуда туымен жүзеді. 9-ақпанда Ресейдің Усть-Луга портында тұрған сәтте танкерде жарылыс болған. «Koala» танкері қыркүйек айында Ресейдің порттарына кіріп, мұнай тиеген.
Сарапшылар Ресейдің көлеңкелі флотына тиесілі танкерлердің шабуылға ұшырауын «Ресей билігіне қысым» деп атады. Әзірге танкерлерді кім жарғаны белгісіз.
Mezgil.kz