Еуропа қауымдастығы қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударуда. ЕО елдері АҚШ билігінің сыртқы саясаттағы ұстанымы өзгеруі мүмкін деп санайды және Еуропа өзін-өзі қорғай алатын күйде болуы шарт деп есептейді. Еуропа басшылары Кәрі құрлықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін түрлі бастама көтеруде. Ол ортақ әскери альянс құрудан бастап жекелеген мемлекеттердің ядролық қаруын қалқан етуге дейінгі түрлі ұсыныспен қолұстасып жатыр.
The Telegraph басылымы Францияның Еуропа елдеріне өзінің ядролық қаруын қалқан етуге ұсыныс айтуы мүмкін екенін жазды. «АҚШ Еуропадағы өз әскерінің бір бөлігін шығаратын болса, Франция Германия жеріне ядролық бомбалаушы ұшақтарын орналастыруы мүмкін» дейді The Telegraph.
Бұл идеяны Германияның жаңа билігі қолдауы ықтимал. Фридрих Мерц сайлаудан кейін Ұлыбритания мен Францияға ұсыныс айтып, «ядролық қаруды Еуропаның қалқаны етуге» шақырды. Мерц Еуропа елдері ендігі таңда АҚШ-тың әскери күшіне арқа сүйей алмайтынын айтты.
The Telegraph-қа пікір білдірген француз сарапшылары Париждің батыл қадамдарға баруы әбден мүмкін екенін жоққа шығармады. «Бұл ең алдымен Ресей президенті Владимир Путинге сигнал болар еді. Сонымен бірге Ұлыбритания премьері Стармер де Францияның әрекетін қайталауға мәжбүр болуы мүмкін», - дейді француз сарапшылары.
АҚШ ұзақ жылдар бойы Еуропаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Германия жерінде орналасқан АҚШ-тың әскери базасы мен жүзден астам ядролық оқтұмсығы Еуропаның қалқанына айналды. Алайда ендігі таңда АҚШ Еуропадағы әскерін азайтуы мүмкін. Осыған байланысты Франция президенті Макрон Еуропа елдерінің қауіпсіздігінде Париж бен Лондонның ядролық арсеналы маңызды рөл ойнайтынын айтты және ядролық қалқанды кеңейту керектігін меңзеді.
Қазіргі таңда Францияда 300-ден астам ядролық оқтұмсық бар. Франция өзінің ядролық қаруын әуе және теңіз әскери күштерінің негізінде қолдана алады. Ал Ұлыбританияның ядролық тежеуіш күштері негізінен Vanguard типіндегі 4 сүңгуір қайығы арқылы Лондонның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Ендігі таңда екі мемлекет Еуропаның қауіпсіздігінде басты рөл ойнамақ.
Mezgil.kz