Украина тағдыры һәм әлемдік қайта бөлу: Қазақстанды не құтқарады?

Ресейдің әскери-саяси билігінің бейбіт жатқан Украинаға соғыс ашқанына үш жыл толды. АҚШ-тың жаңа саяси басшылығы (Трамп пен оның командасы) осы үш жылға жалғасқан қанқасап соғысты тоқтататынын айтуда. Украина тарабы да, биыл атыс тоқтап қалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Десе де, Украинаға керегі – соғыстың уақытша тоқтауы емес, біржола бейбітшілік орнату.

1740489507141463.jpg

Осы ретте біз осыған дейінгі Украинадағы жағдайлардың һәм болашақ бейбіт келісімнің Қазақстанға саяси әсері қандай деген сұраққа жауап іздедік. Белгілі саясаттанушы, Халықаралық сарапшы Жанат Момынқұловпен сұхбаттастық. Спикер Жанат Момынқұлов пен Mezgil.kz редакциясы үш басты сұрақтың төңірегінде әңгіме өрбітті.

Бірінші басты сауал: Украинадағы соғыс қалай, қашан аяқталады? Соғыс біржола тоқтай ма, әлде бұл уақытша келісім бола ма?

Екінші басты сауал: Осы соғыста қай тараптың ұпайы түгел деуге болады? Тараптар не ұтты, неден ұтылды?

Үшінші басты сауал: Соғыстың тоқтауы Қазақстанға саяси тұрғыдан қалай әсер етеді?

Жанат Момынқұлов жауаптары:

ТРАМП – ДИПЛОМАТ. ПУТИН БӘРІБІР ДИПЛОМАТИЯҒА КӨНЕДІ!

Бірінші сауал төңірегінде: Менің ойымша, Украина айналасындағы конфликт осы жылы аяқтала бастайды. Сарапшылар, қанша жерден төндіріп, дүрліктірсе де, барлық тараптар дауды аяқтауға дайын. Әрине, бұрынғы қауіпсіздік қызметтерінде істеген адамдар, британдық «MI6-ны» басқарған адамдар немесе Джон Миршаймерс секілді реализм мектебінің өкілдері: «Әзірге бұл конфликттің аяқталуына шарттар қалыптасып, пісіп-жетілген жоқ», - десе де, анализ жасап қарайтын болсқа, тараптар бәрібір келіссөзге келеді. Қазір соның алғышарттарын көріп отырмыз.

Ресей-АҚШ арасындағы қарым-қатынастар жылып келе жатыр. Оны Трамптың әртүрлі мәлімдемелері мен БҰҰ-дағы дауыс берулерінен көріп бағалауға болады. Трамп өз сөзіне қарсы дүниелер жасайды деп ойламаймын. Оның әрбір айтқан мәлімдемелерінің астарында нақты бір бағыттар бар. Трамп Путинді, Украинаны нақты келіссөздерге қарай алып келе жатыр.

Қазірге бұл басы. Тым оптимист болғымыз келмейді. Бірақ, сең қозғалды. Бұрыннан сіресіп келе жатқан жағдайлар енді біртіндеп жұмсаратын болады.

Путин: «Украинаның мемлекеттігіне қарсы емеспін», - деді. Сонымен қатар, Путиннің өзінің бұрынғы талаптары бар, 2021 жылғы талаптары бар. Ал Трамп: «Екі жақ та шегініс жасауы керек», - деп отыр.

Трамп – дипломатияның маманы. Ал Путин дипломатия ережелеріне бәрібір бағынады деп ойлаймын.

Әрине, Ресейдің Украинаға қатысты талаптары өктемдеу. Өйткені, ол майдан даласында да, дипломатияда да басымдыққа ие. Бірақ, Украина да кешелі-бері бүкіл Еуропаны жинап ақылдасып жатыр. Украинаға қаржы беру, Украинаға әскер жіберу мәселелері қазір қатты белсенді талқылануда. Меніңше, Украина жерінің 18 пайызынан айырылып, сол арада соғыс тоқтайды.

Қазір Ресей мен АҚШ арасындағы дипломатиялық жұмыстар жалғасуда. Жақын арада министрлер қайта кездесуі мүмкін. Путин мен Трамп кездесуі мүмкін. Трамп та, Путин де дайын. Әлі кейбір шарттары пісіп-жетілмесе де, алға жылжуды байқауға болады.

Украинаның тілеп отырғаны – қауіпсіздік кепілдігі. Баяғыдағы «Будапешт келісімі» болмады. Соның орнын алмастыратын, болашақта Ресейге тосқауыл болатын үлкен бір гарантия сұрап отыр.

Ал АҚШ-тың Украинадан сирек кездесетін металлдар бойынша келісім жасасуды талап етуі, құн сұрауы – белгілі бір нүктеде АҚШ пен Украинаның өзара келісе алатынын көрсетеді. Американың азаматтық-индустриалдық компаниялары Украинаның аумақтарына келіп орнығатын болса, ол да Ресейге сес болады. Ол да гарантия бола алады.

Біздің Каспийде АҚШ мұнай компанияларының отырғаны секілді, Украинаға да АҚШ компаниялары келіп отыруы керек.

АҚШ-тың мұнысы меркантилдік, пайдакүнемдік, трансакциялық қарым-қатынастар десек те, Трамп әр нәрседен пайда тауып қалуды көздейді. Десе де, Трамп осы жолы соғысты біржолата тоқтату үшін барлық тарапты алып келе жатыр. Жоғарыдағы шарттар мен келіссөздер осының шеңберіндегі дүниелер. Қазір саудаласу жүріп жатыр. Олар Ұлттық мүдде тұрғысынан қалай түйісе алады, қазір осы мәселе!

Меніңше, соғысты тоқтатып, бірнеше этаптан тұратын кезеңге өтуі мүмкін. Соғыс бірден тоқтамайды. Бірінші, уақытша тоқтайды. Жылдың соңына дейін бірнеше кездесулер болады. Украина мен Ресей дипломаттарының кездесуі тағы бар. Кеше Уиткофф та Ыстамбұл протоколы негізге алынатынын айтып қалды.

Қазір Украинаның да, Ресейдің де айтып отырғаны – соғысты біржолата тоқтату үшін не істеуіміз керек деген сұрақ. Ресей де АҚШ пен Еуропадан гарантия сұрайды. Ресейдің шарты – Украина Ресейге қарсы мемлекет боламуы керек!

БҰЛ СОҒЫСТА УКРАИНАНЫҢ ДА, АҚШ-ТЫҢ ДА, РЕСЕЙДІҢ ДЕ ҰПАЙЫ ТҮГЕЛ...

Екінші сауал төңірегінде: Ресей көп нәрседен ұтылды. Халықаралық аренадағы беделінен айырылды. Әскери беделінен айырылды. Қаншама адамы өлді. Санкциялар бар. Экономикалық жағынан кері кетті. Соған қарамастан, осы 9 мамырда Ресей өзін «жеңімпаз» ретінде көрсететін болады. Әлемге және өз халқына өзін «жеңімпаз» деп жариялайды.

Біріншіден, әлемге өзін «изгой мемлекет» емес екенін дәлелдеуге тырысады. Сол үшін Путинге қазір келіссөз керек. Ол келіссөзге отырады. Қазір Путинді осы тығырықты жағдайдан құтқаратын фактор керек. Ол – Трамп.

Екіншіден өз халқына: «Міне, мен жеңіп шықтым. Осыған дейінгі құрбандар босқа кеткен жоқ», - деп айтып, Ресейдің ішкі саяси сахнасына «жеңімпаз» ретінде оралмақшы. Ұпайын солай түгендемек.

Келіссөздер кезінде Украина бойынша да өз талаптарын барынша орындатуға тырысып, дивиденттерді барынша алып қалуға тырысады, күш салады.

Ал Украина неден ұтады? Украинаға үлкен компаниялар жаңағы сирек кездесетін металлдарды игеруге келсе ұтады. Украина өзін батыр халық ретінде әлемге дәлелдеді. Еурпаның мүшесіне айналады. Украинаның 80-82 пайызы болашақта Еуропамен интеграцияланады. Британ-француз әскерлері келетін болады. Америка мен Еуропаның қарулары Украинаға берілетін, сатылатын болады. Украина Еуропаның толыққанды мүшесіне айналады. Корей сценарий секілді, Украина келешекте Оңтүстік Корейге пара-пар үлкен күшке айналуы мүмкін.

Қазір Украина қиын жағдайда. Еуропа қауқарсыз болып тұр. Еуропа Ресейден 10 есе бай болса да, әскери жағынан бүгін-ертең Ресейге төтеп бере алатын хәлде емес. 

Салмақтың барлығы Украинаға түсіп, Украина жерінен айырылады. Ал Трампытң қазіргі ыңғайсыз мәлімдемелері Украинаның беделін түсіретіні рас.

ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ҮНДІСТАН ҚЫТАЙҒА БАЛАМА БОЛМАҚ!

Үшінші сауал төңірегінде: Бұның болғаны Қазақстанға тиімді. Ресей мен АҚШ-тың арасының жылынуы – бұл Ресейдің қайтадан Батыс клубына оралуын білдіреді. Ресей бұрыннан-бері өзін «Еуропалық держава» ретінде негізін қалыптастырған. Бізге империя ретінде солай келді. Біз Еуропаға жету үшін осы Ресейдің терезесін қолдандық. Қазір Батыстағы христиан әлемі, ақ нәсілді әлем, оңшылдар өркениеті, дәстүршілер клубы күшейіп келе жатыр.

Біздің көршіміз – Қытай бар. Соңғы жылдары, әсіресе Украинадағы соғыс жылдары Қытай да күшейіп кетті. 2022 жылдан бері Қытай да бізге өзінің ықпалын арттырды. Бұл жағдайға Қытай да алаңдаулы. Ресей мен АҚШ бір-біріне жақындаған жағдайда, Қытайға да белсенді әрекет етіп, Еуропамен жұмыс жасап, осы келіссөздере қатысып, даусын білдіруі керек болады.

Қытай мен Еуропа арасын біздің Каспий байланыстырады. Жалпы бұл соғыстарда ресурстардан бөлек, тағы бір маңызды фактор – логистикалық фактор. Сауда жолдарының жүруі. Қытайдың «Бір белдеу», біздің «Жібек жолымыз» не болмақ? Америкаға ол жобалар тиімсіз бе? Америка қолдамауы мүмкін. Себебі, мүддесіне қайшы.

Қазақстанға керегі тыныштық пен тұрақтылық. Біз санкцияға қатысты мәселелерден құтыламыз. Қысым азаяды. Бізге нағыз көп векторлы саясатымызды көрсететін уақыт енді келген секілді. Президент Тоқаев та дипломат болғандықтан, нағыз өзінің өнерін көрсетеді деп ойлаймын.

Қазақстанның сыртқы саясатындағы тепе-теңдік, бұрыннан бері келе жатқан Ресеймен, Қытаймен, Батыспен, басқа да аймақтармен қарым-қатынастар өзінің дұрыстығын дәлелдеуі мүмкін. Біздің сыртқы байланыстарымыз рационалды болды, прагматикалық болды. Барынша теңгерімді, есептелген қарым-қатынастар болды.

Ең бастысы – бұл соғыс бізге бір ғана Ресейге тәуелді болудың қауіпті екенін көрсетеді. Өйткені, үлкен күштердің риторикалары алмасып отырады. Кеше – дос болса, бүгін – қас. Осындай жағдайда теңгерімді саясат жүргізуіміз үшін бізге альянстар жүйесін құру керек.

Сонымен қатар тәуекелдер де бар. Егер АҚШ пен Ресей жақындаған жағдайда, жаңа империялар заманына қайта оралады деген рас болып, АҚШ пен Ресей әлемді қайта бөліске салады деген рас болып жатса – Ресей өзінің ықпалы жүрген бұрынғы аймақтарды бөліске салмай ма деген үлкен сұрақ туындайды.

Қазақстан бірінші – дұрыс сабақ алуы керек. Теңгерімді, көп жақтылы саясатты ұстанып, дипломатияны дамыту керек. Логистикалық жолдарға, әсіресе оңтүстікке, Үндістанға қатты мән берген жөн. Түркі жобасының маңызына үңілгеніміз жақсы.

Түркі жобасына Американың қолдауы бар. Батыстың қолдауымен Түркі жобасын дамытуымыз керек. «Түркі мемлекеттерінің ұйымы» дейтін бізді сақтап қалатын күш қалыптасып келе жатқан секілді. Өзбекстанмен, Әзербайжанмен альянстар жүйесін қолға алу керек! Қазақстан өзіне дос мемлекеттерді жариялауы керек!

Тек Түркі мемлекеттерімен ғана емес, басқа да мемлекеттермен альянстар құруымыз керек. Үндістан бірінші кезекте. Үндістан – Қытайға балама болады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар