Аштық жайлаған өлке: Аштықтан адамдар көшеде құлап жатыр!

Суданда аштық өрши түсті. Әлемдік қауымдастық үнсіз жатқан сәтте, Судан билігі мен қоғамдық ұйымдар дабыл қағуда. 90-жылдардан бастап Оңтүстік Судан тәуелсіздік үшін күресті және 2011 жылы өз тәуелсіздігін жариялады. Ұзаққа созылған соғыс пен аймақтағы құрғақшылық Судан мен Оңтүстік Суданда жаппай аштықтың өршуіне әкелді.


Миллионам жителей Судана грозит голод | Новости ООН

 

2017 жылы Оңтүстік Суданда құрғақшылық күшейді. 2017 жылдың соңында БҰҰ комиссиясы Оңтүстік Суданда аштық басталғанын ресми жариялады. Комиссия мүшесі әр 10 мың адамның екеуі аштықтан көз жұматынын айтты және гуманитарлық көмекті арттыруға шақырды.

 

Аштық көршілес Судан елінде де байқалуда. 2023 жылдың 15-сәуірінде Суданда азамат соғысы басталды. Ел әскері мен Жылдам әрекет ету күштері арасында кескілескен шайқастар өтуде. Салдарынан мыңдаған адам қаза тауып, миллиондаған адам босқынға айналды. Дарфур аймағындағы қақтығыс, Оңтүстік Суданмен шекара маңындағы ұрыстар, Суданның ішкі қайшылығы мен азамат соғысының өршуі, құрғақшылық пен ұзаққа созылған қарулы қақтығыстарға байланысты ауыл шаруашылығының түбегейлі күйреуі Суданда аштықтың өршуіне әкелуде.

 

Дүниежүзілік азық-түлікпен қамтамасыз ету бағдарламасының басшысы Синди Маккейн 2024 жылы Женевада өткен әлем дипломаттарының кездесуі барысында Судандағы аштық жайлы баяндама жасап, дабыл қаққан болатын. «Судан қазіргі таңда әлем бойынша аштық жайлаған өлкеге айналды. Миллиондаған адам бірнеше күн тамақ ішпей, ілініп-салынып әрең жүр. Салдарынан ауру артып, инфекция тарауда. Аштықтан көз жұмған балалар саны артуда. Әлемдік қауымдастық ХХІ ғасырда мұндай сұмдыққа көз жұма қарамауы тиіс», - деді ол.

 

Суданның халқы 40 млнды құрайды. БҰҰ Судан халқын аштықтан құтқару үшін 2025 жылы кемі 6 млрд доллар қажет екенін айтуда. Осы мақсатта БҰҰ демеушілік жасайтын мемлекеттер тізімін әзірлеу үстінде.

 

Соңғы есептеулер бойынша Суданда 3 млнға жуық адам соғыс салдарынан азық-түлікке қол жеткізе алмауда. Ал АҚШ президенті Дональд Трамптың шешімінен кейін Африкадағы көптеген тамақтандыру бағдарламалары уақытша тоқтатылып, Суданда 1100 қоғамдық тамақтану асханалары жабылған.

 

USAID-тың бағдарламалары тоқтатылып, Судандағы 80 пайыз қоғамдық тамақтандыру асханаларына құлып салынды. Судандағы қоғамдық тамақтандыру асханасын ұйымдастырушы Дуаа Тариктың сөзінше, АҚШ-тың бағдарламалары аймақ үшін өте маңызды саналған. Алайда ендігі таңда ол көмек тоқтатылды. «Аш адамдар еріктілердің үйін қағып, асханаларды торып жүр. Көшеде құлап жатқан, ашқұрсақ жүрген жандар өте көп», - дейді ол.

 

Қоғамдық тамақтандыру асханалары о баста жергілікті байлар мен диаспоралардың демеушілігімен күн көрсе, артынша USAID-тың негізгі бағдарламаларының бір бөлігіне айналды. «USAID-тың жұмысы тоқтатылғаннан кейін Судандағы бес ауданда аштық өршіп кетті» дейді сарапшылар.

 

АҚШ билігі USAID-тың азық-түлікпен қамтамасыз ету бағдарламалары тоқтамайтынын айтса да, Суданда асханаларға қаржы бөлу тоқтатылған. Мамандар Суданға жылдам арада гуманитарлық көмек көрсетілмесе жүздеген мың адамның аштықтан көз жұмуы мүмкін екенін айтуда.


Mezgil.kz



Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар