Қазақстан Парламенті (Сенат) еліміздің бітімгерлік миссиясы туралы мәселені талқылады.
(Сурет: inform.kz сайтынан алынды)
Қазақстан өзінің тәуелсіз бітімгершілік күштерінің Голан жоталарындағы миссияларға қатысқаны үшін БҰҰ-дан жылына 5 миллион доллар алатын болады.
27 ақпанда Сенат депутаттары Қазақстан үкіметі мен БҰҰ арасындағы БҰҰ-ның Ажыратушы-бақылаушы күштері (UNDOF) мен БҰҰ-ға ресурстар беру туралы өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялады.
«Меморандумда қарастырылған қаржылық міндеттемелерге қазақстандық контингенттің қатысуы үшін БҰҰ тарапынан төленетін өтемақы кіреді. Біріккен Ұлттар Ұйымынан түсетін төлемдердің жалпы сомасы жылына шамамен 5 миллион долларды құрайды: жеке құрам үшін – жылына шамамен 2,4 миллион доллар (әрбір әскери қызметкерге айына 1448 доллардан) және техника, қару-жарақ пен мүлікті пайдаланғаны үшін – жылына 2,6 миллион доллар», – деді Сенат.
Бұл Қазақстанға бітімгершілік миссияларына қатысу кезінде бюджеттік шығындарды барынша азайтуға мүмкіндік береді және БҰҰ-мен өзара іс-қимылдың бұл форматын экономикалық тұрғыдан негіздейді.
2024 жылдың наурыз айында 139 қазақстандық әскери қызметкер БҰҰ миссиясы аясында «соғысушы тараптар арасында атысты тоқтатуды сақтау» тапсырмасын орындау үшін Голан биіктеріне жіберілген.
Тақырыпқа тұздық: Былтыр Mezgil.kz ақпараттық порталы ҚР Қорғаныс министрлігіне арнайы сұрау жолдап, Голан жоталарындағы қазақ бітімгерлік күштері жайлы ақпараттар алған болатын.
Ол бойынша: Голан жоталарында 139 қазақстандық бітімгер және 4 штабтық офицер қызмет атқарып жатыр. Контингенттің ротациясы биыл наурыздың ортасында жоспарланған.
Mezgil.kz