Қазіргі кезең үлкен саясаттағы турболентті кезең екені белгілі. Күн сайынғы соғыстар, дау-жанжалдар мен ірілі-ұсақты қақтығыстар әлемдік саясаттың күн тәртібіне өзінің түзетулерін енгізуде.
(Сурет: baq.kz сайтынан алынды)
Қазір жаһан жұрты жаппай қарулануда. Қорғаныс бюджетін еселеп арттыруда. Оған себеп те жоқ емес. Ірілі-ұсақты мемлекетаралық қақтығыстар көбейіп келеді. Солардың ішінде Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысы алты құрлықты алаңдатты. Дереу қарулану керектігін, мемлекеттердің қорғанысын күшейту керектігін түсіндірді. Осындай алағай да бұлағай кезеңде өркениетті қоғамның бір мүшесі ретінде Қазақстан да түрлі тосын жағдайларға сай болуы керек! Бұл «жау шақырушылық» емес, «қауіп еткендіктің» қадамы!
ЖАҺАНДЫҚ ҚАРУЛАНУ ЖАРЫСЫ ҺӘМ ҚАЗАҚСТАН
Ресейдің бейбіт жатқан Украинаға басқыншылық соғыс ашып, үш жыл тоқтаусыз агрессия көрсетуі мен Украинаға әскери-материалдық қамқорлық жасаған АҚШ-тың өтемақы талап етуі – кезіндегі берілген Будапештте берілген «қауіпсіздік кепілдіктерінің» күші жоғалғанын көрсетті.
Қазіргі уақыт – жаһан жұрты қарулану жарысын қызу бастап кеткен уақыт. Бұрындары, бұл жарыс әлемдік әскери рейтингтің ұшар басындағы үштік – АҚШ, Ресей мен Қытай арасында белсенді жүріп келсе, қазір Еуропа да ояна бастады. НАТО-ға мүше елдер де әскери сала бюджетін еселеп көбейтіп, сыртқы һәм жаһандық қауіп-қатерлерге қамдануда. Тіпті, Екінші жүниежүзілік соғыстан кейін қарулануына 100 жылдық тыйым салынған Германия, Жапония секілді елдер де бұл жарысқа белсенді қатысатындықтарын айтты.
Қазір әлемдік қарулану жарысы негізінен үш бағытта өрбуде:
1.Әскери артықшылық үшін күрес.
2. Қарсыластың шабуыл құралдарынан тиімді қорғануды ұйымдастыру.
3.Әскери тепе-теңдікке қол жеткізу.
Қазақстан бұл тұрғыдан қайтпек? Қазақстан армиясы әскери өндірістік саланы күшейтіп, әлемнің озық елдерінен сатып алу арқылы қару-жарақ арсеналын жаңалай ала ма? Бұл қазір біз үшін өзекті мәселе болып отыр!
АҚШ, РЕСЕЙ МЕН ҚЫТАЙ: ЯДРОЛЫҚ ДОДА...
Бүгінде қарулану жарысына орасан зор құралдар мен күштер тартылды. Көптеген елдер бұрын қолданылмаған қару түрлерін әзірлеуде. Мысалы, дәлдігі жоғары қарулар, ақпараттық қарулар мен нейтрондық қарулар т.б. Бұл жанталаса қарулану додасы ғылымның көптеген салаларына әсер етіп, технологияларды, бірінші кезекте компьютерлік және ғарыштық технологияларды дамытуға қуатты серпін берді.
Ресей үкіметі өзінің қорғаныс стратегиясын қайта қарауда және қару-жарақтың жаңа түрлерін, оның ішінде ядролық зарядты алып жүруге қабілетті қару-жарақты әзірлеуде. Осындай ядролық әзірлемелер АҚШ-та да қайта жанданды. Кейінгі онжылдықтарда Қытай қарулану жарысына белсенді түрде қатысып, АҚШ-қа гипердыбысты қару саласында өзінің де таласы бар екендігін танытты.
ҰҚШҰ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН
Қазақстан Ресей доминатты күшке ие ҰҚШҰ-ға (ОДКБ) мүше мемлекет. Ал ҰҚШҰ өз кезегінде НАТО-ға балама ретінде құрылған әскери алянс. ҰҚШҰ құрылған күннен күні бүгінге дейін өзінің іске алғысыз екенін толық дәледдеді. Тіпті, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің өз ішіндегі территориялық дау-жанжалдар мен қақтығыстар кезінде реттеуші функциясын атқара алған жоқ. Мысалы, ҰҚШҰ мүшесі Армения Әзербайжанмен Қарабақ үшін соғысқанда ҰҚШҰ қауқарсыз қарап отырды. Қырғызстан мен Тәжікстан арасында КСРО-дан қалған территориялық дау қайта тұтатын, қарулы ұрыс болғанда ҰҚШҰ сырттан қарап отырды.
Сол себепті де, Қазақстан қоғамы Ресей доминантты күшке ие ҰҚШҰ-ға теріс көзқараста. «Қазақстан ҰҚШҰ-дан шығуы керек» деген талаппен бірнеше кезек петиция да жарияланған. Әзірге географиялық және саяси-экономикалық факторлардың себебімен, Қазақстанның ҰҚШҰ-дан шығып кету мүмкін емес.
ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЙТПЕК КЕРЕК?
Мұндай жағдайда Қазақстан мемлекеттік мүддені ескере отырып, сақ қимылдауы керек-ақ. Десе де, Қазақстанға қазір альтернативті әскери алянстар керек. ол дегеніңіз өзге мемлекеттермен әскери ынтымақтастықтарды жеке дамыту қажет. Бірлескен әскери оқу-жаттығуларды көбірек өткізу. Мысалы: Қазақстан мен Әзербайжан, Қазақстан мен Өзбекстан, Қазақстан мен Түркия, Қазақстан мен Үндістан, Қазақстан мен Пәкістан т.б. бірлескен әскери даярлықтар өткізу. Сол арқылы әскерді машықтау.
Одан бөлек, мемлекетералық қатынастар негізінде әскери мамандарды оқыту, даярлау жұмыстарына көбірек көңіл бөлу. Әскери өндірістік кешендерді бірлесіп іске қосу т.б. шаралар дәл қазір Қазақстан үшін қауіпсіз әрі стратегиялық тиімді шешімдер болары анық.
ҚАЗАҚСТАН КІМДЕРМЕН ӘСКЕРИ ЖАТТЫҒУЛАР ӨТКІЗДІ?
Осы ретте біз Ресей Укаринаға соғыс ашқан 2022 жылдан күні бүгінге дейін Қазақстан қандай бірлескен әскери оқу-жаттығулар ұйымдастырды деген сұраққа жауап іздедік. Ашық дереккөзден көзіміздің шалғаны келесілер:
2022 жыл: 28 мамырдан 9 маусымға дейін Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері түріктің Измир қаласында өткен «Эфес - 2022» көпұлтты оқу-жаттығуына қатысты.
Қыркүйектің соңында Түрік Республикасы Қарулы Күштерінің Арнайы мақсаттағы орталығында алғаш рет арнайы мақсаттағы күштердің «Шексіз бауырластық-1» бірлескен оқу-жаттығуы өтті. Оған Әзербайжан, Қазақстан, Түркия, Пәкістан және Өзбекстан әскери контингенттері қатысты.
2023 жыл: Қазан айында Қазақстан мен Әзербайжан «Хазри-2023» бірлескен әскери-теңіз оқу-жаттығуын өткізді.
1-11 қараша Қазақстан мен Үндістан әскерилері республиканың Жамбыл облысында авиацияны қолдана отырып, «ҚазИнд-2023» бірлескен терроризмге қарсы оқу-жаттығуын өткізді.
2024 жыл: 8-17 шілде аралығында Қазақстанда Орталық Азия елдерінің қатысуымен «Бiрлестiк-2024» әскери оқу-жаттығу өтіп, оған Орталық Азия елдері - Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан қатысты.
Әзірге осылар. Десе де, Қазақстан жаһандық қарулану жарысында көштен қалмауы үшін дәл осы бағыттағы әскери интеграцияларды қарқынды дамытуы уақыт талабы. Қазаққа осындай әскери альянстар керек-ақ!
Mezgil.kz