Қару мен қаржы: Украина соғысында Еуропа АҚШ-ты алмастыра ала ма?

АҚШ пен Украина билігі арасындағы саяси шиеленіс жалғасуда. Дональд Трамп Вашингтонның Киевке көрсеткен көмегін 300-500 млрд доллар арасында деп бағалайды. Алайда АҚШ-тың экономикалық институттары бұл сандармен келіспейді және шынайы көмекті 175 млрд доллар деп атауда. Оның 100 млрд долларға жуығы ғана тікелей Киевке қару және қаржы ретінде жіберілген, ал қалған қаржы АҚШ аумағынан шықпаған. Бұл АҚШ пен Украина арасындағы негізгі келіспеушіліктің бір себебі саналады.


image (1).jpg

 

Kiel Institut für Weltwirtschaft, IfW Kiel дерегінше Украинаны қолдау үшін ЕО елдері, АҚШ, Исландия, Норвегия, Швейцария және Ұлыбритания жалпы жиынтығы 246 млрд еуро қаржы бөлген. Оның ішінде 120 млрд еуро тікелей әскери көмек болса, қалғаны қаржылай және гуманитарлық көмек саналады. ЕО елдері 70 млрд еуро қаржылай көмек және 62 млрд еуро әскери көмек жіберген.

 

Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәліметінше қазіргі сәтке дейін Украинадағы соғыстың құны 320 млрд долларды құрады. Оның ішінде 120 млрд доллар Украинаның өз қаржысы, ал қалған 200 млрд доллар Еуропа, АҚШ және басқа елдердің көмегі саналады. Зеленский АҚШ-тың 67 млрд долларды қару ретінде, 32 млрд долларды қаржы ретінде бергенін айтты. Украина басшысы бұл көмекті «грант» деп атауда және «қайтаруға міндетті емеспіз» деген позицияда.

 

«АҚШ Украинаны қаржыландырудан бас тартса, Еуропа елдері АҚШ-ты қаржылай көмек тұрғысынан алмастыра алады» дейді әскери сарапшылар. «Германия мен Ұлыбритания жыл сайын Украинаға ЖІӨ-нің 0,2% бөліп келді, ал Франция 0,1%-ын жұмсаған. Еуропадағы әр ел ЖІӨ-нің 0,5-1%-ын Украинаға көмек ретінде жұмсайтын болса, Еуропа АҚШ-тың берген көмегін еселеп алмастыра алады», - дейді Kiel Institut für Weltwirtschaft сарапшылары.

 

Сарапшылар Еуропаның қазіргі геосаяси дағдарысты еңсеру үшін қажетті қаржыны таба аларына сенімді. Пандемия салдарымен күресу үшін Еуропа 800 млрд еуро қаржы бөлді. Еуропада Ресейдің 280 млрд доллар активтері бұғаттаулы күйде жатыр. Бұл көрсеткіштер Еуропаға біршама артықшылықтар береді және Украинаны дербес қолдайтын мүмкіндікке жол ашады. Алайда Еуропа елдері арасында Украина соғысына қатысты біржақты позиция жоқ. Бұл шешім қабылдауды қиындатады.

 

Сарапшы Фабиан Хоффманның пікірінше Еуропа елдері Украинаны қару-жарақпен қамтамасыз етуде біршама қиындыққа тап болмақ. Еуропа елдері Киевке артиллериялық снарядтар мен бронды техникалар жеткізе алады, алайда алыс қашықтыққа соққы жасайтын зымырандарды жеткізу қиынға соқпақ. Storm Shadow/SCALP-EG зымырандарын жасау ұзақ уақытты қажет етеді, ал Еуропа қоймаларында бұл қарудың қоры аз. Сарапшылар Германияда TAURUS зымыранының 600 данасы барын айтуда және Берлин бұл қуатты зымыранды Украинаға беру туралы шешімді қабылдаудан бас тартумен келеді.

 

Сарапшылар Украина үшін АҚШ-тың әуе қорғаныс жүйелері және оған қажетті зымырандары қашанда маңызды болғанын айтуда. Вашингтон Украинаны қолдаудан бас тартса, Киевтің әуе қорғаныс жүйесі әлсірей түспек. Трамп әкімшілігі Украинаға тікелей көмек беруден бас тартып, Украина үшін қаруды Еуропа елдеріне АҚШ нарығынан сатып алуға рұқсат етуі мүмкін.

 

Әскери сарапшылар АҚШ-тың көмегінсіз Украина әскерінің бірнеше ай соғыса алатынын айтты. Мысал ретінде Хоффман былай дейді: «2023 жылдың соңы мен 2024 жылдың бастапқы кезеңін айтуға болады. АҚШ Конгресі Украинаға 6 ай бойы қару беруге тыйым салып келді және Киев жарты жыл бойы АҚШ-тың көмегінсіз соғысты. Көптеген сарапшылар Украинаның қорғаныс шебі толық күйрейтінін болжады, алайда Украина шебі құлаған жоқ», - дейді.

 

FT басылымы АҚШ тарапынан барлау ақпараты берілмесе, байланыс жүйесі үзілсе және қару беру толық тоқтатылса, Украина әскерінің 6 ай бойы үздіксіз соғыса алатынын жазды.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар