Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Заңның негізгі мақсаты Түркістан қаласын туристік орталық ретінде дамыту, тарихи-мәдени ошақтарды сақтап қалу болып саналады.
Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітіле отырып, келесі мәселелер қамтылған:
- Тарихи-мәдени мұраны сақтау – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау;
- Археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу;
- Тарихи-мәдени мұраны қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дәріптеу;
- Қорғау аймағында биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттарды салмау;
- Археологиялық ескерткіштердің резерватын құру;
- Мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді инфрақұрылым және инклюзивті туризм құру арқылы қалада жайлы орта қалыптастыру;
- Қаланың бірыңғай келбетін – сәулет ерекшелігін сақтау үшін дизайн код енгізу;
- Тиімді басқару мен бақылау үшін әкімдік пен мәслихат өкілеттігін кеңейту;
- Мемлекет тарапынан қолөнер шеберлерін қолдау мен көлік транзитін реттеу;
- Туризмді дамыту және тұрмыс сапасын арттырумен қатар қаланың тарихи ерекшелігін сақтау қарастырылған.
Сарапшылар аталмыш заңның аясында Түркістанды туристік орталық ретінде жылдам дамыту үшін жергілікті билікке жылдам әрі дербес шешім қабылдау құзіреті берілетінін айтты. Сонымен бірге қаладағы сәулет өнеріне ерекше мән берілмек. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында биіктігі 7 метрден асатын нысандар салуға тыйым салынуы мүмкін. Ақпан айының 13-күні Сенатта өткен Түркістан қаласына қатысты екі заң жобасында қаланың ерекше мәртебесі және қаладағы архитектура мәселесі талқыланып, аталған ұсыныс көтерілген болатын.
2024 жылы Түркістан қаласына келген туристер саны 45 пайызға артқан. eQonaq жүйесінің ақпаратынша туристердің басым көпшілігі Өзбекстаннан келеді.
Мамандар «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңның қабылдануынан кейін қаланың инфрақұрылымы дами түсетінін және туристер санының артатынын болжауда. «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңның толық мәтіні баспасөзде жарияланады.
Mezgil.kz