АҚШ президенті Трамптың шешімімен, Украинаға көмек уақытша тоқтатылды.
(Сурет: bbc.com)
Bloomberg: «Трамп Украинаға берілетін әcкери көмекті тоқтатты. Әне-міне Украинаға жіберілуі тиіс Еуропадағы транзит аумағында тұрған, порттар мен кемелерде тұрған қарудың барлығы уақытша тоқтатылды. Украина бейбітшілікке дайын екенін білдірмейінше, АҚШ қару жіберуді тоқтатады», - деп жазды.
ТРАМП: БІЗДІҢ КӨМЕККЕ СЕНЕТІН ЗЕЛЕНСКИЙ СОҒЫСҚЫСЫ КЕЛЕДІ!
АҚШ президенті Трамп кеше Зеленскийдің: «Соғысты тоқтату туралы келісімнің ауылы әлі алыс», - деген сөзіне шаптығып: «Бұл Зеленский айтқан ең жағымсыз мәлімдеме болды. Америка бұған ұзақ төзбейді. Менің айтқаным осы еді. Американың қолдауы барда бұл жігіт соғысты тоқтатқысы келмейді. Зеленскиймен жолыққан Еуропа да АҚШ-сыз іс тынбайтынын ашық айтты. Сондықтан бұл Ресейге күш көрсетудің ең ұтымды амалы дей алмаймын», - деп жазды.
ВЭНС: 20 МЫҢ САРБАЗ УКРАИНАҒА КЕПІЛДІК БОЛМАЙДЫ!
Ал бүгін АҚШ-тың вице-президенті Вэнс сұхбат беріп, АҚШ-тың Украинаға көмегі мен бейбіт келіссөздер туралы былай деді: «Трамп Украинаға көмекті тоқтатқан соң, АҚШ бейбіт келісім бойынша Ресеймен бірге жұмыс жасайды. Ең ақырында Зеленский, бәрібір келісімге келеді. Укарина бейбіт келісімге дайын екендігін білдірсе, Трамп бірінші болып телефон тұтқасын алатын болады», - деді.
Ақ үйдегі айтыс туралы: «Өткен жұмада Украина лидері Трампқа құрметсіздік көрсетті. Трамп әуелде Зеленскийдің шымшыма сөздеріне 25-30 минут бойы шыдап отырды. Трамп Зеленский тарапынан өзіне құрметсіздік болғанын көрді. Сол үшін де олардың әңгімелесуі камера алдында болғанын қалады. Егер Зеленский нақты іске көшетін болса, АҚШ Доғал бөлмедегі келіссөзді қайта жалғауға дайын», - деді.
Қауіпсіздік кепілдігі туралы: «Зеленский табиғи ресурстар бойынша Трамптың ұсынысын қабыл алып, Ресеймен келіссөзді бастауы керек. Ең жақсы қауіпсіздік кепілдігі – АҚШ-тың Украинадағы экономикалық мүддесі. Бұл әлдебір кездейсоқ мемлекеттің 20 мың сарбазынан гөрі әлдеқайда жақсы кепілдік. Бейбіт келісім тараптардың ешбіріне жақсы емес. Қос тарап та әуелгі позицияларынан шегініс жасауға тура келеді», - деді.
АҚШ-ТЫҢ УКРАИНАҒА «СОҚҚЫСЫ»: УКРАИНА ҚАНДАЙ ҚАРУДАН АЙЫРЫЛДЫ?
«Америка даусы» басылымы: «АҚШ көмегінің бұғатталуы туралы шешім ең әуелі ПВО зымырандарына, оқ-дәрілер мен HIMARS кешендеріне, артиллериялық қару-жарақтарға қатысты болмақ. Трамп осыған дейін 2019 жылы Украинаға әскер көмекті тоқтату туралы шешім қабылдаған (бірінші президенттігі кезінде). Оның ақыры Өкілдер палатасы Трампқа импичмент жариялап, Сенат ақтап алған. Бұл жолы Конгресстің қос палатасында да Республикашылар (Трамптың партиясы) айқын басымдыққа ие. Бұл шешімді Конгресс қалай қабылдайды, мәселе сонда!», - деп жазады.
«The Economist» басылымы: «АҚШ-тың бұл шектеуі Украинаға ауыр соққалы тұр. Америка қолдауының маңызды элементтері: қару-жарақ, зениттік зымырандар және негізгі байланыс құралы болып отырған Starlink кешендері. Және ең бастысы – барлау мәліметтері. АҚШ шектеуі бұларды да қамтымақ. АҚШ-тың әскери көмегінің ішінде Bradley ұрыс көліктері, GMLRS зымырандары, Patriot кешендері бар. Бұлар тоқтаса, Украина жағдайы қиындай түспек.
Трамп осыған дейін Украинаға әскери қолдауда 2023 жылы тоқтатқан. Ол кезде Конгресстегі республикашыларды араға салып, әскери көмек пакетін тоқтатқан. Сол кезде Украина 6 ай бойы снаряд тапшылығын бастан кешірген», - деп жазады.
УКРАИНАНЫ ЕУРОПА ҚҰТҚАРА АЛАДЫ. АҚША ДА, ҚАРУ ДА ЖЕТКІЛІКТІ!
Ал «Bloomberg» басылымы: «Еуропа Украинаны құтқара алады. Еуропаның қару-жарақ қоры азайған десек те, Еуропалық елдерде Украинаға бере алатын қару-жарақ әлі де бар. Соның ішінде артиллериялық снарядтардан бастап, жоғарғы дәлдіктегі зымырандар мен ПВО-лар жеткілікті. Сондай-ақ, ЕО-да өздерінің қорғаныс-өнеркәсібін дамытуға да қаражат жеткілікті.
Киевке көмекке ЕО елдері жабылып жиналып, 20 млрд доллар берсе, соның өзі қазірге жетіп жатыр. Бұл сома Ресейдің тоқтаусыз шабуылын тежеуге, келіссөзге дейін жақсы позиция қамдауына жеткілікті болар еді. Еуропа Ұлыбритания мен Швейцарияны қоса алғанда, Ресейге қарсы ауқымды санкцияларды сақтап отыр. ЕО бұл арқылы Ресей экономикасына қысымды арттыра түссе, АҚШ өз санкциясын алып тастағанның өзінде, Ресейге оңайға соқпайды. Еуропа қазір Ресейдің бұғаттаулы 250 млрд долларын бақылауда ұстап отыр. Бұл ақша соғыстан соң Украинаны қалыпқа келтіруге жұмсалуы мүмкін.
Еуропа елдері өздерімен нағыз саяси күш, саяси ойыншы ретінде санасуды қаласа, Ұлыбритания секілді қорғаныс бюджетін көбейтулері ең дұрыс қадам болмақ. Әскерді тасымалдауда және жасақтауда, жарақтауда, әуе-қорғаныс күштерінде, барлауда және басқа да маңызды бағыттарда АҚШ-ты алмастыра алатындай сандық басымдыққа ие болу керек.
Еуропа лидерлеріне шешімшіл болу керек. Естеріңізде болса, COVID-19 пандемиясы кезінде барлығы жабылып, қайта аяққа тұру үлін 860 млрд доллар бөлуге келіскен еді және бұл бірнеше аптада жүзеге асқан. Қазір жаңа әлемдік тәртіп жасақталуда. Ол бойынша АҚШ Еуропа қауіпсіздігіне кепілдік бермейді. Бұл Еуропа үшін тағдыршешті кезең. Сол үшін де Еуропа дереу іске кірісуі керек», - деп жазады.
РЕСЕЙДІҢ 200 МЛРД АКТИВІ ТӘРКІЛЕНЕ МЕ?
«Politico» басылымы: «Венгрия ЕО-ның Украинаға әскери көмегін бұғаттады. ЕО 20 млрд еуроға тең әскери көмек пакетін мақұлдауы тиіс болған», - деп жазады.
Ал «Financial Times» басылымы: «Еуропа Ресейдің бұғаттағы 200 млрд еуро активін тәркілемек. Осыған дейін Ресейдің бұғаттағы активін толық тәркілеуге Ыранция мен Германия қарсы болып келген. Енді сол Франция мен Германия және Ұлыбритания бірлесіп, бұғаттағы активтерді қолданудың жолын іздестіруде», - деп жазады.
ТРАМП НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНА ҰСЫНЫЛМАҚ!
Тақырыпқа тұздық: АҚШ президенті Трамп пен оның командаластары Украинаға қысымды арттырып, әскери көмекті тоқтатып жатқанда, Трамптың партияластары АҚШ президентін Нобель сыйлығына ұсынып жатыр екен.
АҚШ Өкілдер палатасының мүшесі, республикашы Даррелл Исса: «Мен бүгін президент Дональд Трампты Нобельдің бейбітшілік сыйлығына ресми түрде ұсынамын. Бұл сыйлыққа бір лайықды адам болса, ол – Дональд Трамп», - деп мәлімдеді.
Mezgil.kz