АҚШ президенті Дональд Трамп Конгрессте қос палатаның алдында сөз сөйледі. Ол билікке келген сәттен бері қандай іс-шараны жүзеге асырғанын айтты. Трампты партияластары қолдаса, демократтар қолдарына «Өтірік», «Маск кетсін», «Популист» деген жазуы бар тақтайшаларды ұстап, айғау-шу арқылы сөзін бөлумен болды.
Трамп: «Мен бүгін осы бір залда Американың қайта оралғанын айту үшін келдім. Біздің намысымыз қайта оралды. Біздің сенімділігіміз қайта оралды. Американдық арман қайта тірілді», - деп сөзін бастады.
Ол биліктегі 6 апта ішінде айтарлықтай жетістікке қол жеткізгенін айтты. «Соңғы 6 аптада мен 100 жарлық шығарып, орындалуы тиіс 400 қаулы қабылдадым. Бұл елімізге қауіпсіздік, оптимизм, байлық әкелуі тиіс. Халық мені осы істі атқару үшін сайлады және мен бұл істі атқарамын. Көпшілік менің президенттік қызметімдегі бірінші айды тарихымыздағы ең сәтті кезең деп атауда», - дейді Трамп.
«Менің басты приоритетімнің бірі экономикамызды құтқарып қалу және жұмысшы отбасыларға шұғыл көмек көрсету болып саналады. Байден тұсында экономика құлдырады. Олардың саясаты азық-түлік бағасын қымбаттатып, энергия құнын шарықтатты. Көптеген азаматқа алғашқы қажеттілік заттары қолжетімсіз болып қалды. Біз соңғы 48 жылдағы ең үлкен инфляцияны бастан өткердік. Президент ретінде мен осы қымбатшылықпен күн сайын күресудемін», - дейді ол.
Трамп Мемлекеттік тиімділік департаментінің (DOGE) жұмысының нәтижесін айтып, Илон Маскты мақтады. Ол «Маск өте нәтижелі жұмыс істеуде» деді. DOGE бүгінде АҚШ бойынша үлкен тексерістер өткізіп, бюджеттік саладағы қаржы тапшылығы мен қаржыны тиімсіз пайдалану бойынша фактілерді жариялаумен келеді. Департамент тек қана АҚШ-тың ішкі қаржысын емес, сонымен бірге сыртқы бағдарламаларын да тексеруде.
Трамп өз баяндамасында АҚШ-тағы гендерлік саясатты айыптады. Ол ендігі таңда АҚШ-та екі ғана жыныстың барын айтты. Ер мен әйел жынысын ғана бекітетінін мәлімдеп, балалардың жынысын ауыстыруға тыйым салатын заң шығаруды тапсырды.
АҚШ президенті өз сөзінде заңсыз жүрген мигранттар мәселесіне жіті тоқталды. Байденнің заңсыз мигранттарды АҚШ-қа кіргізуге жол бергенін айтып, оны айыптады және «қауіпті саясат ұстанды» деп мәлімдеді. Ол заңсыз жүрген мигранттарды елден шығаруды күшейтетінін жеткізді және жұмыс күшін толықтыру үшін жаңа бастамаларды ұсынатынын айтты. Мысалы «алтын карта» дайындап, оны 5 млн долларға сататынын мәлімдеді. «Осылайша АҚШ-қа қаржысы бар, білімді азаматтар шоғырланатын болады» дейді ол. Трамп бұл жүйені green card-тың жетілдірілген түрі ретінде сипаттады. «Алтын карта» бағдарламасы инвесторларға арналған қазіргі бағдарламаларды алмастыруы мүмкін.
АҚШ президенті қызметіне кіріскен сәттен бастап, өзге елдерге баж салығын көтеріп, сауда соғысын бастады. Трамп ұзақ жылдар бойы өзге елдердің АҚШ тауарларына тариф енгізгенін айтты және ендігі таңда АҚШ басқа елдерге баж салығын көтеретінін жеткізді. Мысал ретінде ол Канада, Мексика, Бразилия, Қытай және ЕО-ны айтып, «Вашингтонның ендігі саясаты ішкі өнеркәсіпті қолдау болады» деді.
«Олар бізге қарсы тариф енгізген сәтте, біз оларға қарсы тариф енгіземіз. Олар бізге қандай салық салса да, біз өз салығымызды саламыз. Олар өз нарықтарына бізді кіргізбейтін саясат ұстанса, біз оларды өз нарығымызға кіргізбейтін саясат ұстанамыз. Ондай мысал жетерлік, олар тіпті кейде бізді өз нарықтарына кіргізбей жатады. Біз триллиондаған доллар қаржы тартып, жұмыс орындарын ашамыз», - дейді ол. 2-сәуірден бастап бірқатар елге баж салығын енгізетінін мәлімдеді.
Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийдің жазған хатына қатысты айтты. Ол Зеленскийдің туитін мысалға келтіріп, Украина тарапының келісімге дайын екенін жеткізді және Киев пен Вашингтон арасында минералдарға қатысты келісімді бекіту мүмкіндігі барын айтты. Ол соғысты аяқтау үшін Ресейдің де үлес қосып жатқанын жеткізді.
Трамп өз сөзінде АҚШ-та жаңа әуе қорғаныс жүйесі болатынын, Панама каналын АҚШ өз бақылауына алатынын, АҚШ-тың ғарышкерлері Марсқа ту тігетінін, Гренландия халқы АҚШ-пен бірге болу шешімін қабылдауы тиістігін, АҚШ аумағында табиғи ресурстарды игеру бойынша қарқынды жұмыс іске асатынын мәлімдеді.
Mezgil.kz