ҰҚШҰ – шалажансар ұйым: Тасмағамбетов не дейді, сарапшылар не дейді?

Кеше Иманғали Тасмағамбетов Бас хатшылық жасайтын ҰҚШҰ Украинадағы соғысқа қатысты, Еуропаның бітімгер әскерін Украина жеріне жіберуге қатысты мәлімдеме жасады.

1741335192692630.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

ҰҚШҰ мәлімдемесінде:

«ҰҚШҰ өз бақылауына жататын аумақ маңындағы НАТО әскери күштерінің белсенділігін мұқият бақылап отыр. Олардың әскери белсенділігі дәл қазір біздің ұйымға қатер төндіріп тұрған жоқ. Десе де, Швеция мен Финляндияның НАТО-ға қосылуынан кейінгі альянстың белсенді әрекеттері бізді алаңдатпай қоймайды. Өйткені екі әскери-саяси альянстың жауапкершілік аймақтары арасындағы фронтальды байланыс сызығы 1,5 мың км-ге ұлғайып отыр. Сондықтан біздің алаңдауымыз заңды әрі түсінікті», - делінген.

1741334832816680.jpeg

(Сурет: odkb-csto.org)

Ал «ҰҚШҰ әскери күштерін Ресейге көмекке жіберу мүмкіндігі» туралы: «Қандай да бір қауып-қатер төнген, қажеттілік болған жағдайда ғана ҰҚШҰ Жарғысында жазылған шарттар бойынша, мүше-мемлекеттердің барлығының мақұлдауынан соң ҰҚШҰ күштерін жіберу мүмкіндігін қарастырамыз», - дейді ҰҚШҰ.

Бұл айтылған мәлімдемелер қазір посткеңестік ақпараттық кеңістікте қызу талқы болуда. ҰҚШҰ-ның Ресейге көмек ретінде әскери контингент жіберу мүмкіндігі қаншалықты? Бұндай шешімді Қазақстан қоғамы қалай қабылдайды? Осыған байланысты біз саясаттанушылар мен әскери сарапшылардан пікір сұрадық...

ҰҚШҰ – ШАЛАЖАНСАР ҰЙЫМ. ҰҚШҰ РЕСЕЙГЕ КӨМЕК ЖІБЕРМЕЙДІ!

1741334913842335.jpg

(Сурет: malim.kz)

Амангелді Құрметұлы, әскери сарапшы:

– Жалпы ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтің сөзін медиа сәл басқаша сипатта беріп жатыр. Бірінші кезекте, Тасмағамбетов «Еуропалық әскери контингент Украинаға орналасатын болса, жағдай біршама шиеленіседі» деген сипатта мәлімдеме жасаған. Сөзбе-сөз айтатын болсақ: «Әлі күнге дейін ол жерде ешқандай Еуропалық контингент жоқ. Себебі, егер олар Украинаға баратын болса, онда аймақ масщтабында біршама қауіпті жағдай қалыптасуы мүмкін», - деген мазмұнда айтты.

Сонымен қатар: «Егер Еуропалықтар Украинаға әскер жіберетін болса, ҰҚШҰ түрлі нұсқадағы көмек көрсетуге әзір екенін» айтқан. Сондықтан, бірден ҰҚШҰ-ның күштері Украинаға барады дегенді өз басым болжамаймын. Және ондай жағдай қалыптаса қояды деп есептемеймін. Оған бірнеше себеп бар...

Бірінші кезекте: Қалай болғанда да, Украинадағы соғыс – Ресейдің жеріндегі соғыс емес. Яғни, ҰҚШҰ аумағында болып жатқан соғыс емес.

Екіншіден: Бұл ҰҚШҰ белгілі бір мөлшерде әскер жіберетін кезде әр елдің Парламенттері келісім беруі керек. бұл жерде біздің Парламентке де жүк түседі.

Үшіншіден: ҰҚШҰ-ның негізгі әскери күші Ресейліктер екенін ескеру керек. Оның өзінде 3-4 мың әскер. Қалғандары әрі кетсе 200-ден ғана әскер қоса алады.

Төртіншіден: Жалпы бұл ұйым – біршама шалажансар, нақты ісінен гөрі декларативті сипаты басым ұйым. Кезінде, НАТО-ға балама тәрізді құрылды деуге болады. Бірақ, ең бастысы – 90-шы жылдары құрылым өз миссиясын біршама атқарған болатын. Яғни, ОА-дағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ТМД елдері аумағында қорғаныс мәселесін үйлестіру, Тәжік-Ауған шекарасын бірлесе күзету секілді. Ол кезде азды-көпті пайдасы тиген шығар, бірақ, одан кейінгі 25 жылда бұл ұйымның жан-жақты қалыптасқан, ірі әскери ұйымға айнала алмағаны рас.

Бұл ұйымда әскери әлеуеті тұрғысынан барлығы тең емес. Әскери әлеуеті жағынан мүшелері бірдей қауқарлы болмаған жағдайда ұйым шалажансар болады. Сондықтан, Тасмағамбетовтің мәлімдемесін саяси жүріс деп қана бағаладым. Қазіргідей айғай-шу шығып жатқан кезде, текетірестің медиадағы, саяси пікірталастағы салмағы арта түскен сәтте Қазақстан азаматының осы ұйым атынан бір ауыз пікір білдіріп қойғаны  бәлкім геосаяси ойындар үшін де қажет болған шығар. Сондықтан, бұл бас жарылып, көз шығаратын мәлімдеме емес...

ҰҚШҰ-ҒА КӨМЕК ЖІБЕРУ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ НЕЙТРАЛИТЕН САЯСАТЫНА ҚАЙШЫ...

1741334970608997.jpeg

(Сурет: egemen.kz)

Нұрболат Нышанбай, саясаттанушы:

– Кеше тараған ҰҚШҰ-ның мәлімдемесіне байланысты, бұл мәселе осыған дейін, соғыс басталғаннан кейін бірнеше мәрте көтерілген. Қазақстан әскері Украина жеріне «одақтасын қолдау үшін» жіберілуі мүмкіндігі қаншалықты деген сөз қозғалған. Осы үшін бірнеше арандатушылық әрекеттер де болды. Соңғысы – Каспий құбыр консорциумына Украина тарапынан жасалған шабуылды желеу етіп, БАҚ-та шулатып, барынша осы қақтығысқа Қазақстанды араластыруға тырысты.

Бірақ, қалай болғанда да Украинаға әскер жіберу – прагматикалық тұрғыдан Қазақстанға тиімсіз. Себебі, бұл ҰҚШҰ аясында болып отырған бірінші жағдай емес. Осыған дейін Армения тарапынан ұсыныс жасалып, көмек сұралған. Сондықтан, бұл Қазақстан дипломатиясы үшін тиімсіз. Егер әскер жіберілетін болса, Қазақстан осыған дейін ұстанып келген нейтралитетінен айырылады.

Кешегі БҰҰ-ның ОА мен Аунағыстан бойынша кеңсесінің Қазақстанда ашылуының өзі – Қазақстанның осындай қақтығыстар мен соғыс аумақтарынан бейтарап болғандығынан. Қазақстан көп жақты дипломатияны ұстануының жемісі.

Үшінші бір мәселе – Украина жеріне Еуропалық әскердің келуі де қазір екіталай. Себебі, Макрон, Стармер мен Зеленский қайтадан Вашингтонға барғалы жатыр. Олар қандайда бір деңгейге қауіпсіздік кепілдігін алып барады. Еуропа әскері бейбітшілікті сақтау үшін Украинаға келген күннің өзінде, олар Ресеймен шекаралық аймақтарға орналаспайды. Сондықтан, Украинада қауіпсіздік кепілдігі орнайтын болса, ол жерге Батыстың әскерінен гөрі, БҰҰ-ның бітімгершілік күштері келуі мүмкін.

Қазақстанға ресми сұрау салынып, әскер жіберу туралы ұсыныс айтылған жағдайдың өзінде, бұл ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің барлығы ақылдасып, мақұлдасып қабылданатын болады. Қазақстан Арменияға қалай жауап берсе, Ресейге де солай жауап қайтаратын болады.

ТАСМАҒАМБЕТОВ ТІСҚАҚҚАН САЯСАТКЕР:  ҚАЗАҚСТАН ОККУПАЦИЯДАҒЫ АУМАҚТАРДЫ МОЙЫНДАМАЙДЫ...

1741335031448919.jpg

(Сурет: madeniportal.kz)

Әбдірашит Бәкірұлы, қоғам қайраткері:

– Иманғали Тасмағанбетов тісқаққан саясаткер. Сондықтан, ол өзі көтеріп отырған мәселенің түпкілікті мәнін түсінбейді деп айта алмаймыз. Ол бәрін біліп отыр: Украинаның ОКДБ мүшесі емес екенін, оның территориясына ОКДБ, егер Украина мемлекетінің арнайы сұрауы болмаса, кіре алмайтынын, ОКДБ әскери құрамы негізінен Ресей әскери жасақтары екенін, тәуелсіз мемлекет ретінде өз жеріне Еуропа мемлекеттерінің әскерін кіргізуді тек Украина шешетінін,  Қазақстан бейтарап ел ретінде Украинаның Ресейге өткен аймақтарын ресми түрде мойындамайтынын, ондай жағдайда Қазақстан Еуропа жағынан санкцияларға ілінуі мүмкін екенін және одан өзге көптеген астарлы жағын, көзге ашық көрінбейтін нюанстары бар екенін түсініп, ұғып отыр...

Ендеше ол неге осы жолдауды жазады дейміз. Оның себептері де көп:

Алдымен, И.Тасмағанбетов оны жазып, жария етуге міндетті;

Екіншіден, Ресей өзінің жаңа Конституциясын қабылдап, ол бойынша Украинаның төрт облысы мен Қырым «Ресей жері» деген «ресейлік статусқа» ие болды. Олай болса, И.Тасмағанбетовтың «жолдауы» Ресей заңнамасы тұрғысынан дұрыс, оны Ресей «Біз Украинаға шабуыл жасаған жоқпыз» деп, барлық жерде айтып келе жатуынан байқаймыз. Бірақ, әлем оны мойындамай, Ресейді «агрессор ел» деп жариялады.

Ендеше, Тасмағанбетов   Қазақстан азаматы ретінде бұл жолдауды Қазақстанға қатысты алғанда  «месседж» ретінде жазып отыр деп қабылдау керек. Яғни, Қазақстан азаматы, қазақ ретінде Иманғалидың ойының астарында «Қазақстан мемлекеті осыдан өзіндік қорытынды шығаратын болар, сөйтіп, болуы мүмкін оқиғаға алдын ала дайындық жасап, мүмкін болар зардабын айналып өтерлік маневрге өзіне жол ашатын болар» деген мақсат болуы мүмкін.

Сондықтан, мен И.Тасмағанбетовтың атынан жарияланған бұл мәлімдемені «Иманғалидың қазаққа сатқындығы» деп бағаламаймын. Оған еш негіз жоқ!

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар