Ресей демографтары дабыл қағуда: Халық саны азайып жатыр, азайып жатыр!

Ресейде демографиялық жағдай нашарлауда. Бұл туралы ресейлік демографтар мәлімдеме жасап, дабыл қағуда. Ресей ғылым академиясының Орталық экономика және математика институтының директоры Альберт Бахтизин Ресейге болашақта халықтың жаппай азаюына жол бермеу үшін «арнайы демографиялық операция» қажет деп мәлімдеді.


Население России к 2046 году сократится до 138,8 миллиона человек -  Парламентская газета

 

«Біз жылына 500-600 мың адамды жоғалтудамыз. Аумақтың үлкендігін ескерсек, экономиканың өсімін ескерсек, бұл нағыз ұлттық қауіпсіздік мәселесі ғой. Демек, бізге азайған халықтың санын толтыру емес, көбейту маңызды. Ал бізде керісінше жыл сайын халық саны азайып келеді», - дейді ол.

 

Ғалым Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамын қайталап, ғасырдың соңында Ресейде 120,5 млн адам қалуы мүмкін дейді. Ал ДДСҰ мәліметі бойынша Ресейде 2100 жылы 106 млн адам қалуы ықтимал. Осылайша демограф мемлекет халық санын арттыруға қатысты жылдам әрі нәтижелі шешімдер қабылдамайтын болса, онда жағдайдың күрделене беретінін айтып, дабыл қағуда.

 

Ресей президенті Владимир Путин ресейліктерді көп балалы отбасы болуға шақырумен келеді. Ол үшін жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларын ашып, «Ана капиталын» төлеуді жалғастыруда. Мемлекет көп балалы отбасы болуды насихаттайтын идеологияны жүргізуде, ал діни мекемелер аборт жасатудың күнә екенін мәлімдеуде. Алайда демографиялық өсім деңгейі көңіл көншітер емес.

 

Бірыңғай ведомствоаралық ақпараттық-статистикалық жүйеде (EMISS) жарияланған Росстат мәліметтері бойынша 2025 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша туудың жалпы коэффициенті (бір әйелге шаққандағы балалардың орташа саны) 1,399-ға дейін төмендеген. Бұл соңғы 18 жылдағы ең төменгі көрсеткіш саналады. Бұл тағы бір дабыл қағарлық мәселе дейді ғалымдар.

 

2023 жылдың аяғында бұл көрсеткіш – 1,41, 2022 жылы – 1,42, соғысқа дейінгі 2021 жылы – 1,47 болған еді. Ресми статистика 9 жыл қатарынан бала туудың жалпы коэффициентінің төмендеуін тіркеп, осы уақыт ішінде 0,37 пунктке немесе 21%-ға төмендегенін көрсетті. Ресейде өткен жылы өмірге келген балалар көрсеткіші 1999 жылғы деңгейге түсіп, жаңа ғасырдағы антирекордты орнатты.

 

Бала туу көрсеткіші 18 аймақта қалыпты деңгейде тұр, ал қалған аймақтарда демографиялық қарақұрдым жалғасуда. Тек қана Тыва мен Шешестанда ғана халықтың өсімі 2,1 есептеу деңгейіне жетті. Бала туу көрсеткіші төмендеген аймақтар ішінде Еврей автономиясы, Қалмақ елі, Алтай өңірі, Белгород облысы көш бастады.

 

2018 жылы Ресей президенті халық санының азаюына тосқауыл болатынын мәлімдеді. Алайда соңғы 6 жылда Ресей халқы 3 млн адамға азайды. Бұл өлім санының туу санынан көп болуымен, халықтың басқа елге көшуімен тікелей байланысты.

 

Ресей билігі 2030 жылға қарай туудың жалпы коэффициентін 1,6-ға, ал 2036 жылға қарай 1,8-ге жеткізуді ойластыруда. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін түрлі бағдарламалар қабылданбақ. Сарапшылар бұл міндетті іске асыру қиын екенін айтуда және Ресей халқының азаюын тоқтату мүмкін емес деген ойда.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар