ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Украинадағы соғыс пен Еуропалық бітімгерлік күштердің Украина аумағына орналастырылуы туралы мәлімде жасап: «Қандай да бір қауып-қатер төнген, қажеттілік болған жағдайда ғана ҰҚШҰ Жарғысында жазылған шарттар бойынша, мүше-мемлекеттердің барлығының мақұлдауынан соң ҰҚШҰ күштерін жіберу мүмкіндігін қарастырамыз», - деген еді.
(Суреттер: odkb-csto.org және parlam.kz сайттарынан алынды)
Біз осы мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның пікірін білдік.
Абзал Құспан, ҚР Мәжілісінің депутаты:
– Біріншіден, Иманғали Тасмағамбетов бұл мәлімдемені ҰҚШҰ атынан жасады. Қазақстанға тікелей қатысы жоқ. Ол мәлімдеме Қазақстанның позициясын білдірмейді.
Әрине, Қазақстан ҰҚШҰ мүшесі. Бірақ, Қазақстан ҰҚШҰ аясында болсын, БҰҰ аясында болсын, кез келген шетелдегі ұрыс қимылдарына әскерін араластыруы – міндетті түрде Мәжілісте қаралады. Мәжілісте 98 депутат бар. Ресей мен Украина арасындағы жағдайға қатысты көптеген сұрақтар, мен пікірлер бар. Сондықтан, ҰҚШҰ басшылығы шешім қабылдады екен деп, Қазақстан әскері Украина қақтығысына араласып кетеді деген сөз емес! ҰҚШҰ шартында егер қақтығыс сипаты даулы болатын болса, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Парламентінің талқылауынан өтуі міндетті. Украина-Ресей қақтығысы - даулы мәселе. Сондықтан, бұл алдымен міндетті түрде Мәжілісте қаралады. Ал Мәжіліс бұған қатысты оң, дұрыс шешім қабылдайды деп сенімдімін.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – ҰҚШҰ басшысының мәлімдемесі – Қазақстан әскері ҰҚШҰ аясында Украина-Ресей қақтығысына араласады дегенді білдірмейді!
Шекараны мойындау мәселесіне келсек, Қазақстан Президенті бұл мәселеге өз уақытында анық, айқын жауабын айтты. Ресей-Украина шиеленісінде Қазақстан бейтарап. Қазақстан БҰҰ шеңберінде мойындалған шекараны ғана мойындайды. Біздің бұған алып-қосарымыз жоқ. Мен ғана емес, Мәжіліс депутаттарының қай қайсысы осы мәселеде Мемлекет басшысының осы ұстанымын қолдайды деп айта аламын.
Mezgil.kz