Қазақ пен Қазақстанды өлгенше жек көрген: Алматыда Жириновскийге ескерткіш ашыла ма?

Әңгіменің әлқиссасын Ресей ақпаратынан бастайық: Ресейлік ТАСС агенттігі қысқа бір мақала жариялап, Алматыда 2026 жылы Владимир Жириновскийге ешкерткіш ашылатынын жазды.

1741679239450327.jpg

(Сурет: tass.ru)

«В.В.Жириновскийге 2026 жылдың наурыз-сәуір айларында Мордовия Республикасы, Саранскі қаласында ескерткіш ашу жолспарланған. Сондай-ақ, Ресейдің бірқатар субьектілерінде осындай іс-шаралар жоспарланған. Сонымен бірге, саясаткердің кіші отаны – Алматы қаласында да ескерткіш ашылады деп күтілуде», - деп жазады ТАСС.

Иә, қағыс естімедіңіз. Ресейлік БАҚ: «2026 жылы Алматыда Ресей саясаткері Владимир Жириновскийге ескерткіш ашу жоспарланған», - деп жазды.

Жириновский деген кім еді?

Владимир Жириновский 1946 жылдың сәуірінде Алматыда дүниеге келген. 1960 жылдардың ортасына дейін қазақ жерінде тайраңдап күн кешкен. Оның бағы ашылып, жұлдызы жанған сәт «Қайта құру кезеңімен» тұспа-тұс келді. 1988 жылдан бастап, өзі құрған Кеңес Одағының «Либералды-демократиялық» партиясын басқарды. КСРО келмеске кеткен соң, оның партиясы «Ресейдің Либералды-демократиялық» партиясы болып қайта құрылды.

Владимир Жириновский қашан көзі жұмылып, көрге түскенше РФ Мемлекеттік Думасының барлық шақырылымдарының депутаты болды. Ол 2022 жылы «COVID-19» дертінен қайтыс болды.

Саясаткер Орталық Азия десе, оның ішінде, Қазақстан десе қаны қарая сөйлейтін жан еді. Қазақстанға өле-өлгенше шүйлігумен өтті. Бір мысал: 2014 жылы Жириновский: «Орталық Азия республикалары – Ресейдің Орта Азиялық федералдық округі болуы тиіс, ал Алматы – Верный деп аталуы тиіс», - деп мәлімдеді.

Енді «ТАСС» бұл ақпарды қайдан шығарды, соған тоқтала кетейік. Ресей президенті Путин 2024 жылғы қарашада: «2026 жылы Жириновскийдің 80 жылдығын мемлекеттік деңгейде мерекелеу туралы» жарлыққа қол қойды. Мемлекеттік Дума спикері Вячеслав Володин іс-шараларды дайындау жөніндегі ұйымдастыру комитетінің басшысы болып тағайындалды. Осы ұйымдастыру комитеті қасақана Жириновскийдің «кіші отаны» деп атап, қазақ жеріндегі Алматыны кіргізіп жіберді.

Ал бүгін Алматы қалалық Мәдениет басқармасы: «Алматы қаласының Мәдениет басқармасына В.Жириновскийге ескерткіш орнату туралы өтініштер түскен жоқ, ал Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау комиссиясы тиісті ұсынысты қарастырған жоқ», - деп хабарлады.

Зәнталақ «жерлес сымағымыздың» 2026 жылы Ресей билігі дүркіретіп атап өтетін 80 жылдығын алдын ала бізге тықпалауының ар жағында не жатыр? Түк те жатқан жоқ! Бұрынғы отаршылық бопса мен КСРО-лық «халықтар достығын» желеу етіп, жұрттың құлағын үйрете беру. Қазақ билігінің өздерінің осы бастамасына қалай қарайтынының тамырын басып көру. Сондықтан, Қазақстан Парламенті бұл сорақылыққа өре-түрегеліп, қарсы пікір білдіруі керек!

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар