Солтүстік Кореяның хакерлері әлемнің ірі компанияларына шабуыл жасауда. Lazarus Group хакерлік тобы ByBit криптовалюта биржасына шабуыл жасап, 1,5 млрд доллар болатын криптоны қолды еткен. Аталған криптоның 300 млн долларын қаржыға айналдырып үлгерді дейді ВВС басылымы.
Солтүстік Корея билігі хакерлік топтарды қаржы табу тетегі ретінде қолданады. Пхеньян әскери операциялармен бірге хакерлік операцияларды да жүйелі жоспарлауды басты міндетінің бірі санайды. Ким Чен Ын режимі үшін хакерлер қаржы табудағы тиімді жолдың бірі саналады. Солтүстік Корея хакерлері ұзақ жылдар бойы әлем бойынша банктерге, сақтандыру қорларына, жеке есепшоттарға, медициналық орталықтарға, криптобиржаларға, ірі компанияларға шабуыл жасаумен келеді. Хакерлер қаржымен бірге құнды қағаздар мен құпия құжаттарды да ұрлап, оны бопса құралы ретінде қолданады. Қара нарықта саудаға шығарады. Түскен қаржы режимді қолдауға және әскери салаға бағытталады.
Солтүстік Корея хакерлері үшін ең үлкен мәселе ұрланған қаржыны конвертация жасау. Lazarus Group хакерлік тобы ByBit биржасына екі апта бұрын шабуыл жасаған. Қазіргі таңда сарапшылар шабуылдың қалай жасалғанын зерттеу үстінде.
Elliptic компаниясының өкілі, крипто нарықты зерттеуші Том Робинсон былай дейді: «Солтүстік Корея хакерлері өте қауіпті. Олар жылдар бойы жинаған тәжірибесін түрлі салада қолданып келеді. Оларды бақылап отырамыз. Байқағанымыз КХДР хакерлері демалыссыз жұмыс істейді. Демек, бірнеше топ ауысып отырады деген сөз».
21 ақпан күні хакерлер ByBit-ке шабуыл жасады. Шабуыл барысында олар цифрлық әмиянды өзгерте білген. ByBit өзінің цифрлық әмиянына криптовалютаны жөнелтуді ойлаған, алайда 401 мың түрлі криптовалюта хакерлердің әмиянына барып түсті. ByBit директоры Бен Чжоу салымшылардың зардап шекпейтінін айтты және шығынды инвесторлардан несие алып, өтеп бермек. Өз кезегінде Чжоу Lazarus Group хакерлеріне соғыс жариялады. Ол арнайы Lazarus Bounty бағдарламасын іске қосты. Ол бойынша ұрланған қаржыны анықтағандарға арнайы сыйақы берілмек. Қазіргі таңда 20 адамға 4 млн доллар сыйақы берілген. Олар ұрланған 40 млн доллардың қайда жасырынғанын анықтап, оны бұғаттауға көмектескен.
Сарапшылар Солтүстік Корея хакерлері ұрлаған қаржыны қайтаруға мүмкіндік аз дейді. «Солтүстік Корея - жабық мемлекет, жабық жүйе, жабық экономика. Олар заңсыз криптоны ақшаға айналдыру жолдарын біледі. Оларды жағымсыз имидж мүлде алаңдатпайды. Сол үшін де Пхеньян аса қауіпті», - дейді Check Point киберқауіпсіздік компаниясының сарапшысы Дорит Дор.
Солтүстік Корея Lazarus Group хакерлік тобын өзіне тиесілі екенін мойындаған емес. Алайда сарапшылар бұл дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат дейді және Пхеньян түрлі хакерлік топтар арқылы әскери құпияларды да ұрлауға тырысқанын айтты.
Солтүстік Корея хакерлері 2019 жылы UpBit-ке шабуыл жасап, 41 млн доллардың криптосын ұрлады. KuCoin биржасына шабуыл жасап, 275 млн доллардың криптосын қолды етті. 2022 жылы Ronin Bridge-ге шабуыл жасап, 600 млн доллар болатын криптоны ұрлады. 2023 жылы Atomic Wallet-ке шабуыл жасап, 100 млн доллардың криптосын заңсыз иемденді. 2020 жылы АҚШ билігі Lazarus Group хакерлік тобының мүшелерін әлемдегі ең қауіпті киберқылмыскерлер қатарына қосты. Енді міне Lazarus Group ByBit-ке шабуыл жасап, 1,5 млрд доллардың криптосын ұрлаған және жаңа рекорд орнатты.
Әлемнің сарапшылары бұл қаржының көбін Солтүстік Корея қауіпті қару түрлерін жасап шығуға жұмсайтынын айтуда.
Mezgil.kz