Курскі шайқасы – Путиннің халықаралық беделін аяққа таптаған операция!

Украина әскері Ресейдің шекара шебінде жатқан Курскі облысының аумағына 2024 жылдың 6 тамызында әскер бастап кірді. Ал 15 тамызға дейін Курскі облысында ұзын-саны 1000 шаршы шақырым жер Украина бақылауына өтті. Украинаның әскербасы Сырскийдің есебінше: Сол кездің өзінде Курскі облысындағы 100-ге таяу елдімекен Украина бақылауында болған. Соның ішінде Ресей үшін стратегиялық маңызға ие Суджа қаласы да бар. 2024 жылдың аяғына қарай, Ресей қарсы шабуылдар ұйымдастырды. Курскіні қорғау үшін қосымша әскер мен техникалар жіберді. 

1741852058307988.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

Бұлтартпас факт – бұл соңғы 80 жылда, яғни Екінші дүниежүзілік соғыстан соң қандай да бір шет мемлекеттің Ресей аумағына әскер кіргізіп, тұтастай облыстың едәуір бөлігін өз бақылауына алған алғашқы жағдай.

УКРАИНА ӨЗ ӘСКЕРІН КУРСКІДЕН ШЫҒАРУДА

АҚШ-тың жаңа басшылығының Киевке жасаған әскери-саяси қысымынан соң, Курскіні ұстап тұрған Украина әскерінің жағдайы қиындады. Ал соңғы күндерде Украина әскерін Курскіден шығарып жатыр. Соның ішінде, Украина бақылауында ұстап тұрған Суджадан Украинаәскерлері шығарылғаны туралы ақпараттар жария болды.

Қазір Суджа Ресей әскерінің қолына өтті (басым бөлігі). Осыған дейін Курскі аумағында Украинаның 5-6 мың сарбазы қалған деген ақпарат шыққан. Қазір олар тиімді позицияларға шегіне отырып, Курскі аумағынан шығарылуда.

Ресей Қорғаныс министрлігі, Бас штабының басшысы Герасимовтың сөзінше: Қазір Курскі облысының 86 пайызы Ресей бақылауында.

ПУТИННІҢ КУРСКІГЕ САПАРЫ: ШЫН БА, ӘЛДЕ ҚОЙЫЛЫМ БА?

Кеше Ресей президенті Владимир Путин Курскі аумағына барғанын орыс ақпараты жария жазып жатты. Тіпті, командалық басқару пунктінде жиын өткізген видео да тарады. Алайда, ол фото-видео деректерден президент Путиннің нақты геолокациясын танып-білу мүмкін емес.

Қазір әлемдік БАҚ: «Путин Курскіге барды ма, әлде барған кейіп танытты ма?» деген сұрақты қызу талқылауда.

Ал президент Путин Курскіні азат ету бойынша былай деп сөйледі:

«Біздің қазіргі басты міндетіміз – Курскі облысында орда тіккен қарсыластарды барынша жылдам ығыстырып, тас-талқан ету. Ресей-Украина шекарасы бойынша қауіпсіздік аймағын құру. Ресей Курскі облысында қолға түскен украин тұтқындарына – терроршы деп қарайтын болады. Ал шетелдік жалдамалы жендеттерге Женева конвенциясының құзыреті жүрмейді», - деді.

КУРСКІ ОПЕРАЦИЯСЫ – ПУТИННІҢ ЖЕКЕ БАС БЕДЕЛІНЕ ЖОЙҚЫН СОҚҚЫ БОЛДЫ!

Бүгін Украинаның әскербасы Сырский: «Біз Курскідегі қорғанысты қаншалықты ақылға қонымды деп тапқанша ұстап тұратын боламыз», - деп қысқа қайырды.

Дейт ұра, Курскі операциясы өз мақсатына жетті ме? Үш жыл соғыста Донбассқа бірде-бір мәрте бармаған, майданның қыз-қыз қайнап жатқан шебіне аяқ баспаған президент Путин қалайша әлі «жаудан» толық азат етілмеген Курскіге бара қалды?

Украина Реседің БҰҰ мойындаған заңды аумағына әскер кіргізіп, оны табандап тұрып 8 ай бойы өз бақылауында ұстап тұрды. Ал Ресей үшін стратегиялық маңызды Суджа 218 күн Украина бақылауында болды.

Жоғарыда айтқанымыздай, бұл соңғы 80 жылда Ресей жерін оккупациялаған алғашқы факт. Ресейдің 200 мыңға жуық халқын босқынға айналдырды. Ресейге Курскіні қорғау үшін өзге мемлекеттен көмек сұрауға мәжбүрледі. Ресей Солтүстік Корей әскерін Курскіге жұмылдыруға мәжбүр болды. Солтүстік Корейдің Курскіде қырылып қалған сарбаздарының саны әртүрлі деректерде 4-8 мыңның аралығында деп айтылады. Ресей сондай-ақ, Запорож бағытындағы әскердің басым бөлігін Курскіні қорғауға жұмылдырды. Бұл Украинаға Запорож бағытындағы қысымды азайтуға мүмкіндік берді.

КУРСКІ: РЕСЕЙДІҢ ӘСКЕР ШЫҒЫНЫ ҚАНША?

Кеше Украинаның әскербасы Сырский Курскідегі Ресей шығындары туралы сөйледі:

«2024 жылдың 6 тамызынан бергі Ресейдің Курскі облысындағы әскер шығыны 54,9 мың адам. Оның 22,2 мыңы қаза тапқандар. 31,8 мыңы жараланып, саптан шыққандар. 942-сі тұтқынға түскендер.

Жаудың 2,1 мың техникасы талқандалды. Соның ішінде: 90 танк, 654 бронды көлік, 5 ДАРЖ (РСЗО), 2 ӘҚК (ПВО), 1 әскери ұрыс ұшағы, 2 тікұшақ, 1100 автокөлік, 28 арнайы техника мен 1,5 мың соққылаушы дрон.

Осы шайқастар барысында Ресей авиациясы өз аумағын, өз қаласын аяусыз бомбалады. Әсіресе, Суджа қаласын аяған жоқ. Қала толықтай дерлік талқандалды.

Менің ең бірінші міндетім – Украина сарбаздарының өмірін сақтап қалу. Сол себептен, керек кезінде тиімді позицияларға шегіне отырып, маневрлар жасаймыз», - деді.

Ал Ресей армиясы Бас штабының басшысы Герасимов Курскідегі Украина шығындары туралы сөйлеп: «Украина Курскі облысында 68 мың адамынан, 7 мың техникасынан айырылды», - деді.

Түйін: Әлемдік сарапшылар Украинаның Курскі облысына жасаған операциясы – Ресей президенті Путиннің халықаралық саяси аренадағы жеке бас беделіне айтарлықтай нұқсан келтіргенін айтады. Оның камуфляж киіп, Курскі облысына барғанының себебі де – осы түскен беделді көтеруге деген жанталасы! Ал ол шын мәнінде Курскіге барды ма, жоқ па ол жағы маңызды емес...

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар