The Washington Post: Путин ұрыс қимылдарын тоқтатуды қалай ма?

The Washington Post басылымы Ресей президентінің «ұрыс қимылдарын тоқтатуға әзірміз» деген мәлімдемесі шынайы еместігін жазды. АҚШ барлау қызметінің құпия құжаттары мен 6-наурызда жариялаған баяндамада Ресейдің Украинаны басып алу жоспарының өзгермегендігі айтылды. Құжатта Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаға қатысты ұстанымы еш өзгеріске түспегендігі көрсетілген.


Путин заявил, что СВО может стать длительным процессом

 

6-наурызда АҚШ барлау қызметі Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты Трамп әкімшілігіне бірнеше сараптама мен құжаттарды ұсынды. Құжаттарда Путиннің Украинаны бағындыру жоспары жайлы айтылған. Құжатта Дональд Трамптың Украина соғысын аяқтауға қатысты дипломатиялық бастамаларына баға берілмеген. Алайда құжат қорытындысында АҚШ билігінің соғысты тоқтату туралы көзқарасы Ресей билігінің көзқарасымен сәйкес келмейтіні жайлы жазылған.

 

Ресей басшысы Владимир Путин күні кеше Украинадағы ұрыс қимылдарын тоқтату ұсынысын қабылдауға әзір екенін айтты.

 

«Біз ұрысты тоқтату туралы ұсынысқа келісеміз, алайда бұл әрекет қақтығыстың негізгі себептерін шешіп, ұзаққа созылатын бейбітшілікті әкелуге тиіс деп санаймыз. Отыз күндік ұрысты тоқтату кезеңінде, Украина мобилизация ұйымдастырмайтынына, сарбаздарын дайындықтан өткізбейтініне және Украинаға қару берілмейтініне кепілдік бола ма? Бұл маңызды мәселе. Екі мың шақырымға созылған майдан шебі бойынша ұрыс қимылдары уақытша тоқтаса, онда уақытша келісімнің бұзылмауы қалай қадағаланады? Кім қадағалайды? Келісімді қай тарап бұзғанын қалай анықтайды? Бұның бәрі өте маңызды сұрақтар ғой», - деді Путин.

 

Осылайша Ресей басшысы Мәскеудің бұл ұсынысты орындауға қатысты өз талаптары болатынын меңзеді. АҚШ-тың бірқатар сарапшылары Ресей басшысы ұрыс қимылдарын тоқтатуға келіссе де, үзіліс кезеңін әскерін күшейтуге арнайтынын айтуда.

 

Карнеги Қорының Ресей бойынша сарапшысы Юджин Румер былай дейді: «Мен ұрыс қимылдарын уақытша тоқтату, келісім жасасу бұл оқиғаның соңы деп санамаймын. Бұл Ресей мен Еуропа арасындағы ұзаққа созылатын жаңа текетірестің басы ғана», - дейді.

 

Өзге сарапшылар АҚШ пен Еуропа бұл мәселеде бірлесе әрекет етсе, тиімді келісімге қол жеткізе алатынына сенімді.

 

«Путин соғысуды тоқтату үшін, ол ең алдымен келісімде жеңіске жете аларына сенуі тиіс. Алайда бұл келіссөзде оған жеңісті ұстатып жіберу керек деген сөз емес. Ең бастысы оны келіссөз үстеліне отырғызып алу қажет. Тиімді әрі ұзаққа созылатын бейбіт келісімді жасаудың бір тетігі Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік жасау және Украинаны қалпына келтіру болып саналады», - дейді сарапшы Эрик Киарамелла.

 

The Washington Post басылымы соңғы уақытта АҚШ президентінің Ресейге қатысты ұстанымы қатаң бола түскенін айтты. «Президент Трамп жылдам арада келісім жасауды қалайды. Алайда Ресей тарапы өз талаптарын жұмсартуға ниетті емес. Олар керісінше талаптарын күшейту үстінде. Трамп осындай сәтте Ресейге санкцияны күшейту мүмкін екендігі туралы айта бастады», - дейді басылым жариялаған мақалада.

 

Еуропа сарапшылары да Путиннің ұрыс қимылдарын тоқтатуға шынайы әзір екеніне сенбейді. «2014-2022 жылдар аралығында Путин Украинаны гибридтік операциялар арқылы бағындыруға тырысты. Украинада ресейшіл партияларды арттырып, тұлғаларды дайындады. Алайда бұл Путин күткен нәтижеге әкелмеді. Сол себепті де Путин ашық шабуылға көшіп, соғыс бастады. Ол жоспары да орындала қойған жоқ. Соған қарамастан Путин Украинаны толық бағындыру жоспарын өзгерткен жоқ», - дейді Ұлыбритания барлау қызметі.

 

Сарапшылар «Путин ұрыс қимылдарын уақытша тоқтатуға келісіп, артынша арандату операциясын іске асыру арқылы «Украина келісімді бұзды» деп мәлімдеп, қайта соғысты жандандырмақ» деген пікірде.


Mezgil.kz

 

 



Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар