Голандағы қазақ бітімгерлері: Сирияда қазақ әскері бір жыл не істеді?

Қазақстанның БҰҰ миссиясы аясындағы дербес бітімгерлік миссиясының Голан жоталарына жіберілгеніне тұп-тура бір жыл болды.

1741940367570680.jpg

(Суреттер: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен алынды)

2024 жылдың наурызында 139 қазақстандық әскери қызметкер БҰҰ миссиясы аясында «соғысушы тараптар арасында атысты тоқтатуды сақтау» тапсырмасын орындау үшін Голан биіктеріне жіберілген.

Бізге белгілісі: Голан жоталарында қазір 139 қазақстандық бітімгер және 4 штабтық офицер қызмет атқарып жатыр. Контингенттің ротациясы биыл наурыздың ортасында жоспарланған. 

ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, «Фауар» базасында бітімгерлік күштер ұзын-саны 557 тапсырма орындаған екен. Соның ішінде: Израиль-Сирия арасындағы ұрысты тоқтату келісімінің орындалуын қадағалау, аймақты патрульдеу, бітімгерлік базаларынан әскери персоналдарды эвакуациялау, территорияны минадан және жарылмаған оқ-дәрілерден тазарту, БҰҰ-ның жоғарғы лауазымды қызметкерлері мен тұлғаларын қорғау және шектеулі аймақтарда алып жүру т.б. қызметтер атқарған.

Айта кетейік, бұл – Қазақстанның бітімгерлік күштерінің алғашқы дербес операциясы, алғашқы дербес миссиясы.

ҚР Қорғаныс министрлігі: «Сириядағы жағдай шиеленіскен тұста Қазақстанның бітімгерлік күштері өздеріне жүктелген жауапкершілік аумағын көтерілісшілердің басып алуына жол бермей, базаны берік ұстап тұруда шешуші рөл атқарды», - дейді.

Біз осы ретте әскери сарапшы Амангелді Құрметұлына хабарласып, Қазақстанның бітімгерлік мииссиясының қызметі туралы пікір алдық. Қазақстанның бітімгерлік миссиясының маңызы неде? Қазақстан әрі қарай да бұл қызметті жалғастыруы керек пе? Сарапшы пікірін талқыға ұсынамыз...

ШЫНАЙЫ ТӘЖІРБИЕ: ҚАЗАҚСТАН СИРИЯҒА ТАҒЫ 100 БІТІМГЕР ЖІБЕРГЕНІ ЖӨН!

1741940188210608.jpg

(Сурет: А.Құрметұлының желідегі парақшасынан алынды)

Амангелді Құрметұлы, әскери сарапшы:

– БҰҰ бітімгерлік күштерінің арасында Қазақстанның бітімгерлік күштерінің болуы – Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттарндың бірі. Жалпы Президенттің өзі БҰҰ-ны реформалау туралы жиі айтады. Бірақ, реформалау туралы құры айта бермей, қызметі әлсіреген ұйымның жұмысының қайта жандануына қолғабыс жасау да маңызды. Ал бітімгерлік күштерді жіберу –қолғабыс жасау деген сөз.

Қазақстанның бітімгерлік күштерінің Голан жоталарына барғанына бір жыл өте шықты. Әлбетте, ол жерде жүрген біздің офицерлер мен сарбаздар көп тәжірбие жинақтайды.

Біріншіден сол маңайда ұрыс қимылдары жүруде. Израильдіктер Голан жотасынан өтіп, Дамашыққа қарай кетіп қалды. Біздік жауынгерлер оны көрді және басқа елдердің бітімгерлік күштері орналасқан аумақтарға, БҰҰ базаларына израильдіктердің келіп, танктермен қақпаларын бұзып кірген жағдайлар болған. Бұның барлығын біздің Голан жоталарында жүрген жауынгерлер көреді. Шынайы ұрыс ықтималдығының қаншалықты жоғары екендігін сезінді. Сондықтан, бұл бітімгерлік миссия біздің жауынгерлер үшін үлкен тәжірбие болды.

Екіншіден, БҰҰ-ны мәлімдемелермен ғана емес, нақты миссиялармен, нақты істермен қолдаған дұрыс. Бұл біздің сыртқы саясатымыздағы кешенді қадамдардың бірі.

Ал алдағы уақытта бітімгерлік күштерді жіберу керек пе дегенге келсек, оны ротациялап, тағы бір 100 сарбаз жіберген дұрыс. Өйткені, Сириядағы жағдай тағы да күрделенуі мүмкін. Сирияның билігіне жаңа келген «Хаят Тахрир аш-Шам» тобы мен Израиль қақтығысқа келіп қалуы ғажап емес. Қазір аймақта «Хаят Тахрир аш-Шам» мен друздар арасында да біршама кикілжіңдер бар. Сондықтан, ол жерде қазір бітімгерлік күштердің арағайындық жасауы маңызды.

Иә, кейінгі жиырма жылдың ішінде БҰҰ бітімгерлік күштерінің мәртебесі біршама төмендеп кетті. Бұрын БҰҰ бітімгерлік күштері өте ықпалды болатын. Әсіресе, 1950-ші жылдардың ортасындағы Суэц дағдарысы кезінде, Африкадағы кейбір оқиғалардың кезінде осы бітімгерлік күштердің ықпалы болды.

Әлемдік институт алдағы уақытта БҰҰ-ны жетілдіретін болса, осындай құрылымдар мен миссияларын да жетілдіруі керек болады. Сол себепті де, Қазақстан тағы 100 сарбаз жіберіп, тәжірбие жинақтатқаны жөн. Өйткені, ол күнделікті жаттығу емес, ол тұтастай бітімгерлік миссия. Заманауи техникалар мен түрлі қақтығыстарды, арандатуларды біздің офицерлер мен сарбаздар көзбен көріп жүрсе, бұл біздің қорғаныс қабілетімізге де біршама пайдалы болады деп ойлаймын.

Осы тұста айта кетерлігі, бітімгерлік күштер Голан жотасында тұрғанымен, израильдік әскер Голаннан өтіп, Дамашыққа жақындап қалды. Сондықтан, біз ротация жасағанымызбен, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің кейбір шешімдеріне жүгенген жөн. Израильдің алға жылжуына БҰҰ қандай көзқараста деген үлкен сұрақ бар.

Жалпы Голан жоталарында біздің миссия көбіне патруль қызметін және минадан тазарту қызметтерін атқарды. Дәл қазір бітімгерлерге нақты қауіп төндірген жағдай болған жоқ. БҰҰ бітімгерлеріне соқтығып, соғыс ашқан күш – ДАЙШ болатын. Қазір ол жерде ДАЙШ ықпалы азайды. Ал қалған күштер Халықаралық контингентке соқтыға қоймайды. Бірақ, сол контингент орналасқан аймақтарда түрлі арандатулар болып жатады. Дәл Қазақстанның бітімгерлеріне қатысты арандатулар тіркелмегенімен, басқа бітімгерлік күштердің қақпасын қиратып кету, базаның қабырғасын соғып кету секілді ұсақ-түйек арандатулар қыс бойы болып тұрды. Бірақ, бұл «бас жарылып, көз шығатын» жағдайлар емес. Жалпы айтқанда, Таяу Шығыс шынайы ұрысқа өте жақын аймақ. Бұл біздің әскеріміз үшін үлкен тәжірбие. Ал бұндай тәжірбиелер біздің армиямыз үшін маңызды!

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар