Трамп пен Путин не келіседі? АҚШ Қырымды Ресейдікі деп мойындай ма?

Бүгін АҚШ және Ресей президенттері Дональд Трамп пен Владимир Путин телефон арқылы сөйлеседі. Талқыланатын тақырыптар легі: Украинадағы соғысты тоқтаты, 30 күндік ұрысты тоқтату келісімі және АҚШ пен Ресей қарым-қатынастары.

1742290039974339.jpg

Осының алдында ағылшын тілді БАҚ: «Трамп Қырымды Ресей жері деп мойындауға дайын», - деп ақпарат таратқан болатын.

ТРАМП ҚЫРЫМДЫ РЕСЕЙДІКІ ДЕП МОЙЫНДАЙ МА?

Украиналық «24tv» арнасы: «Трамп әкімшілігі оккупацияланған Қырымды ұрысты тоқтату бойынша потенциалды келісім аясында Ресейдікі деп мойындауды қарастыруда. АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесінің өкілдері: «Әкімшілік ешқандай міндеттемелерді мойнына алған жоқ және бұл сұрақ жария түрде, БАҚ-та талқыланбайды», - деп қысқа қайырды», - деп хабар таратты.

Айта кетейік, «Трамп Қырымды Ресейдікі деп мойындай ма, жоқ па» деген сұраққа Ақ Үй әлі ресми жауап берген жоқ. Ұзын-құлақтың айтуынша, президент Трамп дәл осы сұрақ бойынша әлі нақты шешім қабылдамаған. Оның жай-жапсары, анық-қанығы бүгінгі Путинмен сөйлесу барысында белгілі болмақ.

Айта кетейік, президент Трамп Қырымды Ресейдікі деп мойындауға мақұл екенін 2018 жылы да айтқан болатын.

ӘЛЕМДІК БАҚ-ҚА ШОЛУ: ТРАМП ПЕН ПУТИН НЕ ТУРАЛЫ СӨЙЛЕСПЕК?

Сонымен, президент Трамп қызметіне кіріскелі-бері Ресей басшысы Путинмен екінші мәрте телефон арқылы сөйлескелі отыр. Осыған дейін Трамп Путинді Ақ үйге шақыру туралы сұраққа: «Бұған әлі ерте. Алдымен соғысты тоқтатып, келісімге келіп алайық», - деп жауап берген.

Ал осы жолы Трамп пен Путин не туралы сөйлеспек? Әлемдік ақпарат талқылануы мүмкін және тиіс деген тақырыптарды сан-саққа жоруда. Солардың бірпысырасын назарларыңызға ұсынамыз...

ЖАҢА ЯЛТА КЕЛІСІМІ: ТРАМП ПУТИНГЕ УКРАИНАНЫҢ ҚАЙ ЖЕРЛЕРІН БЕРМЕК?

«NEW YORK TIMES» басылымы: «Трамп пен Путин Украина неден айырылады деген сұрақ төңірегінде талқы жасайды», - дейді.

«Трамп пен Путиннің бүгінгі әңгімелесуі – ұлы державалар Еуропа шекарасын белгілейтін 1945 жылғы Ялта конференциясын еске түсіреді. Трамп 1945 жылғы Черчильь, Сталин мен Рузвельт үштігі Еуропа контингентін қалай бөлгендігін атап айтпаса да, Путинмен сөйлесу барысында ұрысты тоқтатуға келіссе, Ресейдің еншісінде қай жерлер мен қандай активтер қалатыны туралы талқы болатынын ашық білдірді», - деп жазады «The New York Times».

Трамп осыған дейін: «Меніңше, біз жер туралы ұзақ сөйлесеміз. Ол соғысқа дейінгі кездегіден басқаша болатынын аңғарып отырсыздар. Біз электростанциялар туралы сөйлесеміз. Бұл үлкен әрі күрделі мәселе. Десе де, бұл сұрақтардың көбін біз қос тараппен де талқыладық», - деген еді.

Трамп электростанция туралы сөйлесеміз дегенде Еуропадағы ең үлкен ядролық нысан – Запорож АЭС-і туралы айтса керек. Трамп ашып айтпаса да, осыған дейінгі риторикалары арқылы: «Ресей әскері қай жерлерге табан тіреді, сол аумақтар Ресей иелігінде қалады» дегенді астарлап меңзегендей болды. Ал бұл дегеніңіз Украинаның 20 пайызға жуық территориясы. Ал Украина тарабы «Трамп Ресейге Одесса портын да беруге келісуі мүмкін» деп алаңдаушылық білдірген.

ТРАМП ПУТИНДІ КӨНДІРЕ АЛА МА?

«THE WALL STREET JOURNAL» басылымы: «Ұрыстың тоқтау-тоқтамауы Трамп пен Путиннің бүгінгі әңгімесінен кейін белгілі болады», - деп жазады.

«Атысты 30 күнге тоқтату туралы АҚШ ұсынысы орындала ма, жоқ па, Трамптың бүгінгі әңгімесіне байланысты болмақ. Ол жерде сөзсіз, Укаринаның кейбір территориясын Ресей бақылауына беру туралы әңгіме болады. Кремль осыған дейін атысты уақытша тоқтату туралы бастаманы тұншықтырды. Олар Украинаның нейтралды статусы мен кепілдік талап етті. Еуропаның бітімгер әскерін Украинаға орналастыруға үзілді-кесілді қарсы. Бұл мәселеде Трамп пен Путиннің бейбіт келісімге бірден келе қоюы екіталай», - деп жазады.

 «POLITICO» басылымы: «Трамп Путинді тыңдағанымен, өзіне ешқандай міндеттеме алмауы керек», - деп жазады.

Басылым АҚШ-тың қазіргі һәм бұрынғы дипломаттарының Трампқа айтқан ақыл-кеңестерін жариялапты. Олар: «Президент Трамп Путиннің ұсыныс-пікірін мұқият тыңдағанымен, дәл қазір өзіне ешқандай мәндеттемелер алмауы керек», - дейді. Қараңыз:

Фиона Хилл, Трамптың бірінші президенттігі кезінде Ресей мәселесімен айналысқан адам: «Ресей өз тарапынан қандай да бір шегіністерге барады дегеннің нышаны да байқалмайды. Егер солай бола қалса, бұл бір қызық болмақ», - дейді.

Даниел Фрид, АҚШ мемлекеттік департаментінде 40 жылдан бері істеп келе жатқан адам: «Трамп шын мәненде Путиннің көзіне тіке қарап тұрып, өз дегеніне көндіре ала ма? Әлде, Путиннің мысы басып кете ме, бұл да үлкен сұрақ тудырады», - дейді.

Майк Карпентер, Байден командасында жұмыс істеген шенеунік: «Егер Трамп Мәскеуді ұрысты 30 күнге тоқтату шартына көндіре алса, шынымен Трамптың Ресейге қарсы ықпал ету құралы бар екенін білдіреді. Егер көндіре алмаса, Трамптікі блеф қана деген сөз», - дейді.

ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕЙДІ?

Кеше Украина президенті Зеленский де ұрысты 30 күнге тоқтату туралы сөйлеген болатын. Ол: «Атысты 30 күнге тоқтату келісімі орындалуы үшін – ең әуелі Ресей шарт қоюын тоқтатуы керек. Украина ұрысты 30 күнге тоқтатуға келісті. Ал оның орындалуы Ресейге байланысты. Олар шарт қоюын доғарып, келісімге қарай қадам жасауы керек», - деді.

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар