Ердоғанды сескендірген Имамоғлы кім? Түркияда не болып жатыр?

Түркияда төңкеріс иісі мүңкіп, Ердоған өзінің басты қарсыласын қамауға алды. Кешелі-бері жаһандық ақпарат Ыстамбұлдағы көтерілген халықтың талап-тілегіне назар бұруда.

1742455783891072.jpg

(Суреттер: aa.com.tr және bbc.com)

Сонымен, қамалған Ыстамбұл мэрі кім? Оған Ердоғанның қандай қатысы бар? Рет-ретімен, ықшамды түрде жазайық...

ЕКРЕМ ИМАМОҒЛЫ КІМ?

Ыстамбұл мэрі – Екрем Имамоғлы 54 жаста. Ол 2019 жылы Түркияның халық ең көп қоныстанған және ең либералды қаласы – Ыстамбул мэрінің сайлауында жеңіске жетті. Бұған президент Ердоған қарсылық танытып, қайта дауыс санатып, қайта сайлау өткізген. Бірақ, Имамоғлы қайта өткізілген сайлауда алдыңғысынан көп дауыс жинап, бәрібір Ыстамбұлды тізгіндеді.

1742455295729757.jpg

(Сурет: aa.com.tr)

Ердоғанның бұлай жасауына себеп те жоқ емес. Бір жылдары Ердоғанның өзі: «Кім Ыстамбұлды басқарады – сол Түркияны басқарады», - деп сөйлеген еді.

Сонымен, қазір Имамоғлы түрік жұртында ең танымал саясаткерлердің бірі саналады. Ол Түркиядағы ең көнекөз һәм ең танымал саяси партия – Республикалық-халықтық партия өкілі.

2023 жылы Имамоғлы Түркия президенттігіне кандидат болған. Кейін, оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, ақыры ол сайлауға қатыса алмай қалған. Ол осы наурызда (23-інде) партия Имамоғлыны ішкі праймериз арқылы 2028 жылғы президенттік сайлауға үміткер ретінде ұсынбақ болған. Алайда, Түркия күштік құрылымдары бұған жеткізген жоқ.

Имамоғлы 2028 жылғы президенттік сайлаудағы Режеп Тайып Ердоғанның ең басты қарсыласы болған. Ал осы аптаның басында Түркия билігі оны қызметінен алып, өзін түрмеге қамады. Осыдан соң, Ыстамбұл жұрты өре-түрегеліп, кешелі-бері наразылық акциялары өрши бастады.

1742455630417427.jpg

(Сурет: bbc.com)

ЫСТАМБҰЛ НЕГЕ КӨТЕРІЛДІ?

Ыстамбұл жұртының көтерілуіне – Имамоғлының қамалуы себеп болғанын айттық. Ал оның партиясы -  Республикалық-халықтық партия өз жақтастары мен елдегі оппозициялық саяси топтарды күш біріктіруге шақырды.

РХП: «Ердоғанға жауап ретінде, Түркияның бүкіл оппозициясы бірігіп Имамоғлыны президенттікке ортақ үміткер ретінде ұсынайық», - деп үндеу жасады. Сонымен қатар, Түркия оппозициясы жұртты Ердоған басшылығына қарсы наразылыққа шығуға үндеп жатыр.

Түрік оппозициясының серкелерінің бірі – Өзгүр Өзел: «Мен миллиондаған адамдарды жексенбі күні таңертең көшеге шығып, сайлау жәшіктеріне барып, Түркияның келесі президенті Екрем Имамоғлыны қолдауға шақырамын!» - деп мәлімдеді.

ЕРДОҒАН ОППОЗИЦИЯНЫ АЙЫПТАДЫ

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған: «Оппозиция Түркияның аграрлық секторының жетістіктерін бұрмалауға тырысуда», - деп мәлімдеді.

Ердоған Бештепе ұлттық көрме залында: «Біз экспортты 32,6 миллиард долларға жеткіздік. Соңғы 22 жылда біз 110 миллиард доллар сыртқы сауда профицитіне қол жеткіздік. 13 өнім түрі бойынша біз экспорт бойынша әлемдік көшбасшылардың үштігіне кіріп отырмыз. Тұқымды 104 елге сатуға шығарудамыз», - деді.

Оның айтуынша, Түркияның шынайы әлеуеті ауыл шаруашылығының барлық салаларында танылған. Бұл секторда жұмыс істейтіндер не болып жатқанын және қалай болып жатқанын жақсы біледі.

Факт: Қазірге дейін Екрем Имамоғлымен бірге оның 105 жақтасы әрі әріптесі қамауға алынған. Оларға: «Күрд жұмысшылар партиясымен астыртын байланыс орнатты», - деген айып тағылған.

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар