Еуропа үлкен соғысқа дайындалуда: Путиннің түбіне Ресей қоғамы жетеді!

Кеше Украинапрезиденті Зеленский Францияға, Парижге сапарлап барды. Президент Макронмен жолығып, Украинадағы соғыс һәм бейбіт келіссөз тақырыбын, және ең бастысы – Еуропалық қауіпсіздік кепілдігі мәселесін талқы етті.

1743071669115491.jpg

Бүгін Францияның ұйыстыруымен, Парижде «Ықыластылар коалициясы» саммиті өтеді. Ол – Украинаға ұзақ мерзімдік қауіпсіздік кепілдігін беруге мақұл елдер саммиті. Осыған дейін президент Трамп: «Ресей-Укарина қақтығысының бейбіт шешілуіне ең әуелі Еуропа мүдделі болуы тиіс», - деп сөйлеген. Енді аталған алқа-қотан жиында Украинадағы бейбіт келіссөздер мен, соғыстан соң Украинаға бітімгерлік күштер жіберу, Украинаға қауіпсіздік кепілдігін ұсыну мәселелері талқы болмақ.

ФРАНЦИЯНЫҢ ӘСКЕРИ КӨМЕГІ: РЕСЕЙДЕН САНКЦИЯНЫ АЛМАЙМЫЗ!

Осының алдында Украина мен Франция президенттері жеке жолықты. Франция Украинаға ұзын-ырғасы 2 млрд еуроға тең әскери көмек беретінін мәлімдеді. Бұл көмектің аясында Украина танкке қарсы зымырандар, «Mirage» истребительдеріне қарсы зымырандар, қашықтан басқарылатын оқ-дәрілер мен бронды техникалар алады. Осыған қоса, Франция Украинаның өзіндегі әскери өндіріске, қару-жарақ өндірісіне де көмек қолын созбақ.

Макрон сөз арасында: «Біз АҚШ президенті Дональд Трамптың соғысты тоқтату туралы бастамаларын, жалпы соғысты тоқтатуға бағытталған қадамдарды құптаймыз. Бірақ, ұрыстың тоқтауы – автоматты түрде Ресейге салынған санкциялардың алынуы дегенді білдірмейді! Ресей Халықаралық құқықтық шеңберде мойындалған Украина аумақтарын түгел қайтарып бергенде ғана, Ресейден санкциялар алынуы мүмкін», - деді.

Макронның сөзінше, дәл қазіргі соғысты реттеу процессінде Украина мен Ресейдің күштері тең емес.

«Агрессияға тап болған мемлекет (Украина) ешқандай шартсыз ұрысты тоқтату туралы ұсынысты қабылдап отыр. Ал агрессия жасаушы мемлекет (Ресей) өзінің шарттарын қойып, ұрысты тоқтатуға құлық білдірмей отыр», - дейді Макрон.

Аталған кездесуден соң Украина президенті француз ақпарат құралдарына сұхбат беріп, бірсыпыра мәселенің қоясын ақтарды. Біз сонда айтылған дулы һәм шулы мәлімдемелердің бірқатарын топтастырдық.

ЗЕЛЕНСКИЙ: ПУТИН ӨЛГЕН СОҢ БӘРІ РЕТТЕЛЕДІ!

Зеленский: «Путин ең әуелі өз қоғамынан қорқады. Ресей қоғамының дүрлігуінен, оянуынан қорқады. Ал Ресей қоғамын сырттан келіп ешкім оята алмайды. Путин түбінде өзі Ресей қоғамын өзіне қарсы қояды. Ресейдің құлдырап жатқан экономикасы, санкциялар Ресей қоғамын оятады. Батыстың санкциялық саясаты мен Путиннің онымен күреске қауқарсыздығы қосарланған күш болып, Ресейді оятады.

Ол үшін біздің одақтастарымыз позициясында мығым тұруы тиіс. Ресейге, Путинге қарсы қысым күшейсе, бұл Ресей қоғамында дүрбелең тудырады. Путин міне, осыдан қорқады.

Путиннің екінші қорқатыны – өз күшінен айырылып қалу қаупі! Бұл да Ресей қоғамының көңіл-күйіне байланысты. Оның әлі қанша жыл билікті ұстап отыруына байланысты. Ол жуырда өледі. Бұл – факт. Сонымен барлығы аяқталады. Яғни, оның бейқам әрі баянсыз өмірінің өз жолымен аяқталуы немесе толықтай оқшаулануы туралы әңгіме. Қазірге дейін Путинді толық оқшаулау мүмкін болмады», - дейді.

Әрі қарай Украина президенті: «Мен Украинаны кеудемнен жаным шыққанша қорғайтын боламын. Мен Путиннен гөрі жаспын. Бұл анық! Сондықтан, бәсті маған қойсаңыздар қателеспейсіздер», - деді.

Президент Зеленский АҚШ билігі һәм президент Трамп туралы да пікір білдірген: «Егер АҚШ Украинаны НАТО-ға қабылдауға келіссе, Трамп өзі айтқандай соғысты 24 сағаттың ішінде тоқтатты деп есептеуге болар еді. Украина үшін дәл қазір ең жақсы қауіпсіздік – НАТО-ға мүшелік. Бұл қазір тікелей АҚШ-қа байланысты болып отыр. Егер АҚШ көнсе, қазір қарсы болып отырған Германия да өз позициясын өзгертер еді деп ойлаймын. Сондықтар, қазір бәрі Трамптың қолында», - дейді.

Айтпақшы, бүгін Парижде өтетін «Ықыластылар коалициясы» саммитіне ұзын-ырғасы 35-ке жуық мемлекеттің басшысы мен халықаралық ұйым басшылары келіп қатыспақ.

ЕУРОПА ҮЛКЕН СОҒЫСҚА ДАЙЫНДАЛУДА

Парижде үлкен саммит өтерден бұрын НАТО-ның Бас хатшысы Марк Рютте де сөз сөйлеп: «Украинадағы соғыс аяқталған күннің өзінде, Ресеймен қарым-қатынастарды бұрынғыша жалғастыру мүмкін емес», - деп мәлімдеді.

«Ресейдің Еуропаға төндіріп тұрған қауіпі Укаринадағы соғыс аяқталған соң да сейілмейді. Биыл жаздың өзінде Ресей мен Беларусь Еуропа шекарасының дәл түбінде ауқымды әскери жаттығулар өткізбек. оның қалай өрбитіні белгісіз», - дейді.

Ал әскери сарапшылар: «Егер Ресей мен Беларусь Еуропаға шабуыл бастаса, Польша Калининград немесе Беларусь аумағынан болатын шабуылға төтеп беруі тиіс болады. Ал Польшаның қазіргі арсеналын есепке алсақ, Польша қорғанысы әрі кеткенде 2 аптаға ғана жетеді. Бұл уақыттың ішінде Польшаға одақтастардың әскері келіп жетуі тиіс. Сондықтан да, Еуропа Ресеймен ашық қақтығысқа төтеп беруі үшін кем дегенде 2-3 қажет. Бұл уақыттың ішінде Еуропа өзінің қару-жарақ арсеналын қалпына келтіре алар еді», - дейді.

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар