Сәуірдің басында (3-4 аралығында) Тәшкентте Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдерінің кезекті саммиті өтеді. Оған Еуропалық кеңес басшысы Антониу Кошта мен Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляен және ОА елдерінің басшылары қатысады деп күтілуде.
(Сурет: cronos.asia)
Саммит Өзбекстан астанасы Тәшкентте өтеді. Оған президент Шавкат Мирзиеев төрағалық жасамақ. Саммитке ОА-дан Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркіменстан басшылары барады.
Аталған саммит әуелде Самарқанда, 2024 жылы өткізілуі тиіс болған. Кейін ол 2025 жылға шегерілген.
ЕО ҺӘМ ОА: ТӘШКЕНТТЕГІ САММИТ – ҮШІНШІ ЖОЛЫҒУ
Сарапшылар: «Аталған саммит – Еуропалық Одақ үшін Орталық Азия елдерімен екіжақты ықпалдастықты тереңдету мен аймақтық ынтымақтастықты кеңейтуге өзінің геосаяси мүддесін көрсетудің басты мүмкіндігі болмақ», - дейді.
Расында, қазіргідей Ресейдің Украинаға қарсы заңсыз басқыншылық соғысы және Ауғанстандағы жалғасып жатқан қым-қуыт оқиғалармен ерекшеленетін өзгермелі геосаяси кезеңде ЕО мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынастар стратегиялық сипатқа ие болуда.
Еуропалық кеңес басшысы Антониу Кошта: «Біз қазір хаос пен бөлшектену әлемінде өмір сүріп жатырмыз. ЕО үшін жалғыз мүмкін шешім – бейбітшілік пен өркендеу үшін серіктестікті нығайту болып табылады. Көпполярлы әлемде белсендірек және мақсатты өзара әрекеттесу қажет. «ЕО-Орталық Азия» саммиті халықаралық құқық нормаларын толық сақтай отырып, бейбітшілік, қауіпсіздік және орнықты даму жолында бірлесіп жұмыс істеуге ұмтылысымызды күшейтеді», - деп мәлімдеді.
Аталған саммит барысында: ЕО өзара мүдделі салаларда, соның ішінде көлік және цифрлық байланыс, стратегиялық шикізат, экономика және қауіпсіздік, таза және тиімді энергия көздеріне көшу салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қатысты ұсыныстар айтады деп күтілуде.
Айта кетейік, осыған дейін ЕО мен ОА лидерлері екі мәрте басқосу өткізген. Алғашқысы – 2022 жылдың қазан айында Қазақстанда, Астанада өткен. Онан соң, алқа-қотан саммит Қырғызстанның Шолпан-Атасында 2023 жылы өткізілді. Бұлардан бөлек, министрліктер деңгейінде бірқатар кездесулер ұйымдастырылды. 2023 жылы Люксембургте өткен жиында ЕО мен ОА арасындағы қарым-қатынастарды тереңдетудің жол картасы келісілген.
Ал 2019 жылы ЕО Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиялық жоспар қабылдады. Жаңартылған стратегия Орталық Азия мемлекеттерімен неғұрлым күшті және инклюзивті серіктестікті дамытуға бағытталған.
Mezgil.kz