Ауқаттылар рейтингі: Трамп Қазақстан байларының шаңына жуымай қалды...

«Forbes» басылымы жылдағы дәстүрі бойынша әлемнің ауқаттыларының тізімін жариялады. Көш басында Илон Маск тұр!

1743581557846336.jpg

(Суреттер: wikipedia.org)

Жалпы биылғы тізімге әлемнің 80-ге жуық мемлекетінен ұзын-саны 3028 миллиардер кірген екен. Бұл осымен 39-шы мәрте жарияланып отырған рейтинг және 1987 жылдан бергі аралықтағы миллиардерлер ең көп енген тізім. Бұл тізімдегілердің барлығының жиынтық байлығы - 16,1 трлн долларды құрайды екен.

Сонымен, алғашқы үштікке америкалық терең қалталы кәсіпкерлер қонжиыпты.

1) «Tesla» мен «SpaceХ» қожайыны Илон Маск. Оның дәулеті 342 млрд долларға бағаланған.

2) «Meta» қожайыны Марк Цукерберг. Оның дәулеті 216 млрд доллар деп есептеледі.

3) «Amazon» қожайыны Джефф Безос. Оның байлығы 215 млрд долларға бағаланыпты.

Ең бай адамдардың алғашқы ондығына: Америкалық бизнесмен – Ларри Эллисон ($192 млрд), француз кәсіпкері – Бернар Арно мен оның отбасы ($178 млрд), америкалық инвестор – Уоррен Баффет ($154 млрд), америкалық бай, «Google-дың» негізін қалаушылардың бірі – Ларри Пейдж ($144 млрд), америкалық бизнесмен, «Google-дың» негізін қалаушылардың бірі – Сергей Брин ($138 млрд) және испан кәсіпкері, «Zara», «Massimo Dutti», «Bershka», «Pull & Bear», «Stradivarius» т.б. киім брендтері кіретін «Inditex» тобының иесі – Амансио Ортега ($124 млрд), америкалық кәсіпкер – Стив Балмер ($118 млрд) енген.

Бұл тізімде АҚШ президенті Дональд Трамп та бар. Оның дәулеті 5,1 млрд долларға бағаланып, 700-ші орынға жайғасқан екен.

Ал миллиардерлері ең көп ел – АҚШ екен. Бұл тізімге АҚШ-тан 902 бизнесмен енсе, екінші орында – Қытай тұр. Ұзын-саны 450 кәсіпкер тізімге енген. Үшінші ел – Үндістан. Бұл елден ауқаттылар тізіміне 205 адам кіріпті.

Аталған тізімге Қазақстаннан 7 ауқатты адам еніпті. Олардың кейбірінің дәулеті АҚШ президенті Трампты артта қалдырады. Қараңыз:

Қазақстанның ең ауқатты адамы – Вячеслав Ким көрінеді. «Forbes» басылымы оның дәулетін 7,1 млрд долларға бағалаған. Және әлемдік рейтингте 464-ші орынға жайғастырыпты.

Оның ізін баса Михаил Ломтадзе тұр. Оның қалтасы 5,9 млрд доллар деп есептелген. Және әлемдік рейтингте 597-ші орынға орналасқан.

Қазақстандықтардың ішінде алғашқы үштікте Ресей паспортын Қазақстан паспортына алмастырған олигарх Тимур Турлов тұр. «Forbes» басылымы оның байлығын 5,8 млрд долларға тең деп көрсетеді және әлемдік рейтингте 605-ші орынға орналастырған.

Онан соң әлемдік ретйингтің 620-шы сатысында Владимир Ким бой көрсетеді. «Ескі Қазақстан» кезінде еркін байыған Кимнің көші «Жаңа Қазақстанның» кезінде де көрікті көрінеді. «Forbes» басылымы оның дәулетін 5,7 млрд долларға бағалайды.

Әйдік Тимур мен Динара Құлыбаевтар да әлем ауқаттыларының тізімінде жүр. Отбасылы екеудің әрқайсысының қалтасында кемі 5,3 млрд доллардан бар деп есептеген, «Forbes» басылымы оларды 673-ші орынға жайғастырған екен.

Қазақстандық олигархтардың тізімін Болат Өтемұратов түйіндейді. Ол әлемдік рейтингте 979-ші орынға орналасыпты. Барлық жиған-тергені 3,7 млрд долларға тең деп бағаланған.

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар