АҚШ президенті Дональд Трамп әлем елдерінен АҚШ нарығына келетін тауарларға жаппай тарифтер енгізді. Трамп пен оның командасы ұзын-саны 183 елге тарифтер енгізді. Ішінде Қазақстан да бар!
(Коллаж: Mezgil.kz)
Трамп енгізген тарифтердің көлемі 10 пайыздан 46 пайызға дейінгі аралықты қамтиды. Батыстық БАҚ: «Трамп әлемдік саудаға әсер ететін 100 жылдағы ең қатаң тарифтерді жариялады», - десе, Трамптың өзі бұл күнді «Еркіндік алу күні» деп атаған.
Әлемдік сарапшылар Ақ үйдің бұл шешімін – «Трамп жаһанға сауда соғысын ашты» деп сипаттаса, «Bloomberg» басылымы «бұл тарифтер әлемдік саудадағы 33 трлн долларға тең тауар айналымына әсер ететінін» жазады.
Сонымен, Трамптың салық саясаты – сауда соғысы ма? ЕО мен Қытай бұан не деп жауап береді? Қазақстанға салынған 27 пайыздық тарифтің салдары қандай болмақ? Бұл Қазақстан экономикасына қаншалықты ауыртпалық жүктейді? Біз белгілі экономист Сапарбай Жобаев мырзаға хабарласып, пікір сұрадық.
ТРАМПТЫҢ САЛЫҚТЫҚ САЯСАТЫ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?
(Сурет: el.kz)
Сапарбай Жобаев, экономист, э.ғ.к. Қазақ технлогия және бизнес университетінің аға оқытушысы:
– Әрине, Трамптың салық саясаты – бұл оның сайлау алдында берген уәделерін орындау деп қабылдауымыз керек. Себебі, АҚШ-тың төлем баллансы соңғы 5-10 жылда өте төмен, профитцитпен болды. Яғни, бұлардың экспорты аз да, импорты көбейді. Әсіресе, Қытайдан, Еуропа елдерінен импорт көлемі ұлғайды. Сондықтан, Американың жағдайы жақсы мемлекет болғанымен, төлем баллансының профицитті, яғни, төмен болуы – бұл АҚШ экономикасына теріс әсер етті. Сондықтан, Трамп өзінің сайлау алды бағдарламасында шетелден келетін импорттың көлемін азайтып, оларға кеден төлемдерін көбейтіп, қосымша құн салығын көбейтіп, өзіндегі өндірісті дамытып, Американы бұрынғыдай – «Ұлы Америка» жасауға уәде берген. Трамп қазір сол уәдесін орындап жатыр.
Ал бұның салдары әрине, дүниежүзілік саудаға теріс әсер етеді. Сауданың көлемі азаюы мүмкін. Әсіресе, көрші Канада, Мексика секілді мемлекеттерге 25 пайыздық кеден салығын салу – бұл қате қадам деп есептеледі. Бірақ, АҚШ мүддесі үшін оң көрсеткіш болып есептеліп тұр.
Ал Қытай мен ЕО елдері не істеуі мүмкін? Әрине, ЕО елдері, әсіресе, Ұлыбритания АҚШ-тың ең жақын, әріптес мемлекеті саналады. Сондықтан, анау айтқандай үлкен өзгерістер жасамайды. Себебі, Трамп Ұлыбритания мен ЕО-ға өте аз көлемде ғана тарифтер салуы мүмкін. Мысалы, 10 пайыздың көлемінде ғана.
Америкадағы ішкі өндірісті қолдау үшін, дамыту үшін Еуропаның болат өндірісіне 25 пайыз салуы – бұл АҚШ-тың ішкі болат өндірісін дамыту қадамы болып есептеледі. Сондықтан, ЕО-да бірлі-жарым тауарға ғана кеден салығын салып, онда да 10 пайыздық көлемде ғана шектелуі мүмкін. Бұл дүниежүзілік сауда ұйымының регламентіне сәйкес. Сол себепті, айтарлықтай кикілжің тудырмайды.
Ал Қытайдың мәселесі қиын. Қытайдың төлем баллансы оң. Ол Америкаға өте көп көлемде, триллион долларлап экспорт жасайды да, Америкадан импорты 600-700 млрд доллар ғана. Сондықтан, Қытай мәселесінде Трмап өте қатты тұрып жатыр.
Кейін Трамптың Ресей, Венесуэла, Куба, Солтүстік Корей, Мянма секілді авторитар мемлекеттермен де сауда айналымын өте қиын жағдайға түсіруі мүмкін. Авторитар мемлекеттерге Трамп жақсы жағдай жаратпайтынын бірден айтты.
Қазақстанның АҚШ-қа экспорттайтын тауарларына 27 пайыз салымы – қазір нақты емес. Біздің АҚШ-пен айтарлықтай сауда байланысымыз жоқ. АҚШ-пен инвестицияларымыз өте үлкен. Бірақ, негізгі сауда-саттығымызды Еуропа, Ресей, Қытаймен жасап отырмыз.
Біз АҚШ-қа титан, сирек кездесетін металлдарды біз экспорттаймыз. Бұл тауарлар АҚШ-тың өз өндірісіне керек тауарлар. Сондықтан, Қазақстанды автаритар мемлекеттермен бірге, 27 пайыздың қатарына қосуы уақытша болуы мүмкін. Ертең өзінің өндіріс компаниялары Қазақстанның металлы бізге керек деп, тарифтерді азайтуы да мүмкін. Сондықтан, тікелей әсері аз, бірақ жанама әресі өте үлкен болмақ.
Неге десеңіз: Ресей, Қытай, Еуропа мен АҚШ-тың саудасы азаятын болса, бұл елдердегі өндірістерден болып отырған біздің шикізаттарымызға деген сұраныс та азаяды. Мысалы, Ресейге санкция салды. Ал Ресейдің көп кәсіпорындары бізден алатын металлдарға, көмірге және басқа өнімдерімізге сұранысты азайтты. Сондықтан, біз басқа нарықты іздеуге мәжбүр болып отырмыз.
Қытайда дәл солай. АҚШ Қытай тауарларына өте үлкен кеден төлемін енгізсе, Қытай өз өндірісін азайтып немесе басқа өндіріске өтуі үшін біздің бүгінгі қалыптасқан өнімге сұраныс азаюы мүмкін. Осындай жанама кері әсерлері бар.
Біз де қарап отырмастан, Түркі едері, көрші Орталық Азия мемлекеттері, Оңтүстік Азия мемлекеттерімен сауданы дамытып, логистикалық жолдарды дамытып, өзімізге сауда көлемін азайтпауға әрекеттер етуіміз керек. Еуропададан да біздің мұнай мен газ, энергетикалық шикізатымызға сұраныс үлкен. Осы бағытты жақсылап дамытуымыз керек. Ол үшін шекарадағы коррупцияны азайтудан бастауымыз керек.
Mezgil.kz