Бүгін Өзбекстанның Самарқанында «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммиті өтіп жатыр. Саммитке Орталық Азия елдерінің басшылары мен Еуропалық одақ басшылары қатысуда. Аталған жиында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.
(Суреттер: Ақорда телеграм арнасы)
Президент Тоқаев баяндамасынан:
- Қазақстан ЕО нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын;
- Еуропа Одағы шетелден импорттайтын мұнайдың 13 пайызға жуығы біздің елімізге тиесілі. Оның басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданады;
- Еуропа Одағы аталған консорциумның тұрақты әрі ұзақ мерзімді жұмыс істеуіне қолдау білдіріп отыр. Қазақстан мұны жоғары бағалайды және шикізат тасымалдаудың балама жолдарын да дамытады;
- Total, Eni, Svevind секілді бұрыннан келе жатқан серіктестерімізбен және басқа да еуропалық компаниялармен жаңартылатын энергия көздері және «жасыл» сутегі өндірісі жобалары қолға алынды;
- Қазақстан Өзбекстан және Әзербайжанмен бірлесіп, «жасыл» энергияны Каспий теңізі арқылы Еуропа нарығына жеткізетін электр желісін салу бойынша ірі жобаны бастады;
- Қазақстанда Еуропа Одағы экономикасына қажетті 34 шикізаттың 19 түрі өндіріледі. Оның қатарында уран, титан, мыс, литий, кобальт, вольфрам және басқа да көптеген элементтер бар;
- Еліміз ЕҚДБ банкімен арадағы келісім бойынша геологиялық барлау саласында бірлескен жобаларды іске асырып, кен игерудің озық тәжірибесін енгізіп жатыр;
- Былтыр Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен контейнер арқылы тасымалданған жүк көлемі 62 пайызға артып, 4,5 миллион тоннаны құраған. Мақсат – 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға дейін жеткізу;
- Қазақстан әлемдегі ядролық отынның 40 пайызға жуығын қамтамасыз ету арқылы таза энергия өндірісінде маңызды рөл атқарады;
- Жыл басында Қазақстанда Президент жанындағы Жасанды интеллект бойынша халықаралық консультативтік кеңестің негізі қаланды;
- 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлауды көздейтін ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр;
- Астанада AlemАi жоғары технологиялар орталығы құрылуда;
- Президент Astana Hub базасында «Орталық Азия – Еуропа Одағы» инновациялық кампусын ашуды ұсынды;
- Президент Сирек кездесетін металдарды зерттейтін аймақтық орталық құруды ұсынды;
- Жасанды интеллект, су ресурстарын басқару, биотехнология секілді маңызды салаларда маман даярлауға ерекше басымдық беретін «Орталық Азияға арналған Erasmus+» бағдарламасын әзірлеу жөнінде бастама көтерілді;
- Жаһандық тұрақсыздық жағдайында әлемде болып жатқан күрделі оқиғаларға баға беруде барынша ұстамдылық пен жауапкершілік таныту керек;
- Барлық елді БҰҰ Жарғысы мен жалпыға ортақ халықаралық құқық қағидаларын мүлтіксіз сақтау үшін барынша күш-жігер жұмылдыруға, сондай-ақ Бас хатшы Антониу Гутерриштің қызметіне қолдау білдіруге үндеді;
- БҰҰ-ның құрылғанына 80 жыл толған сәтте мұның өзектілігі арта түседі;
- Қазақстан кез келген қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін жақтайды. Сондықтан Украинаға қатысты келіссөздердің басталуын құптайды. Мәселенің күрделі екеніне қарамастан, шиеленістің оң шешімін табатынына сенім артады.
ҚАЗАҚСТАН ЕО-НЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ БАСТЫ СЕРІКТЕСІ!
Тақырыпқа тұздық: Осының алдында президент Тоқаев Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен, Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен және Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен жеке кездесулер өткізген.
НАҚТЫ ДЕРЕКТЕР: Еуропа Одағы – Қазақстанның ірі сауда серіктесі әрі шетелдік инвесторы: шетелден тартылған тікелей инвестицияның 40%-дан астамы ЕО-ға тиесілі! 2024 жылы Қазақстан мен Еуропа Одағына мүше елдердің тауар айналымы 50 млрд долларға жуықтады (ЕО мен ОА арасындағы сауда көлемінің 80%-ы). 2024 жылы Қазақстан Үкіметі мен ЕҚДБ 935 млн долларға 25 жобаны қаржыландыру туралы келісімге қол жеткізді. Сонымен қатар, ЕҚДБ «жасыл экономика» бағдарламаларын жүзеге асыруға 2 млрд еуро инвестиция құюды жоспарлап отырғаны және белгілі болды.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ КӨП ЖАҚТЫЛЫ САЯСАТЫ ҺӘМ ЕО
Қазақстан көп жақтылы саясатты ұстанатын мемлекет. Орталық Азияда һәм жаһандық саясатта «орта держава» статусын белгілеуші Қазақстанның интеграциялық әралуандылығы – ең алдымен мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі!
Жоғарыда көргеніміздей, Еуропалық одақ – Қазақстанның басты сауда-экономикалық серіктесі. Бүгінгідей экономикалық-саяси шиеленістер ушығып тұрған кезеңде әріптестікті әралуан деңгейде дамытуға қос тарап та мүдделі. Ол үшін Қазақстан мен ЕО арасында потенциалды бағыттар да жеткілікті. Атап айтқанда: Энергетика, инфрақұрылым және өнәркәсіп, көлік-логистика және цифрлық инновациялар, яғни техника-технология. Бұл бағыттар дәл қазір Қазақстан мен ЕО арасындағы әріптестікті тереңдете түсетін тың жобаларды қолға алуға дайын бағыттар.
Соның ішінде, ерекше атап айтатын бағыт – логистика саласындағы жобалар. ЕО қазірдің өзінде Қазақстанның баламалы бағыт ретінде қолға алған жобасы – Транскаспий көлік дәлізіне қосылуға мүдделілік танытуда. Ал логистика дегеніңіз – экономика! Логистика дегеніңіз – геосаясат!
Түйін: Орталық Азия елдері өздерінің теңдестірілген көп векторлы сыртқы саясаты шеңберінде ЕО-мен қарым-қатынасты дамытуда. ЕО мемлекеттері Орталық Азиядан бағалы ресурстарды көбірек сатып алуға ниетті. ЕО елдері Транскаспий бағыты арқылы Қазақстан мен Түркіменстаннан мұнай мен газды көбірек алуға тырысуда және аталмыш бағытты дамытуға қаржы құюға дайын екенін айтумен келеді. Бұл интеграцияның – бізге аларынан берері мол екені айдан анық.
Mezgil.kz