Украинадағы ауқымды соғыс басталғаннан-бері Ресей армиясы 900 мыңнан астам адамынан айырылды, оның 250 мыңы қаза тапты, деп хабарлады НАТО.
(Сурет: uatv.ua)
Сонымен қатар, «Ресейдің әскери-саяси билігі майдан даласындағы шығынның орнын толтыру үшін жеткілікті мөлшерде адамдарды тартып жатыр», - дейді НАТО-ның жоғары лауазымды шенеунігі бейсенбі күні Брюссельде өткен альянс елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуінде.
Жарияланған деректерге көз жүгіртсек, майдан даласында жараланған ресейлік әскерилердің көбі сапасыз медициналық көмектің салдарынан өмір бойы мүгедек болып қалған.
Ал «Неміс толқыны» (dw.com) жариялаған мәліметтерге сүйенсек, ресейлік армия ұрыс даласында тәулігіне 1000-нан астам адамын жоғалтуда. Бұл қаза тапқандар мен жараланғандарды қоса есептегендегі сан. Дейтұра, ұрыс даласын жаңа сарбаздармен толтыру қарқыны бәсеңдемеген.
Батыстың әскери аналитиктері: «Украинадағы ресейлік әскерлердің алға жылжуы баяулауда, оның шығындары өсуде, бірақ Ресей билігі ауыр шығындарға төтеп беруге дайын», - дейді.
НАТО: КЕЛІСІМНІҢ АУЫЛЫ АЛЫСТА...
НАТО бағалауы бойынша, ұрыс алаңындағы жағдай өте күрделі. Ресей соғысты ұзарту және келіссөздерде табысқа жету үшін өзінің артықшылығын арттыру мақсатында тұтастай майдан шебінде Украина Қарулы Күштеріне қысым көрсетуді жалғастырады.
«Неміс толқыны» дегенше: Ұрыс даласындағы артықшылық әлі Ресей жағында. Ресей өзінің артықшылығы мен қарқынын сақтап қалуда және Украина армиясындағы тапшылықтың салдарынан жеңіске жетуге тырысуда.
НАТО басшылығы: «Ресей ұрыс даласындағы атысты тоқтатуға ниет білдіріп отырған жоқ. Оның Украинаға соғыс ашудағы мақсаттары түк те өзгерген жоқ», - дейді.
РЕСЕЙ КУРСКІГЕ 70 МЫҢ САРБАЗЫН ЖІБЕРДІ...
Украина Ресей Федерациясының Курск облысында бұрын жаулап алған территориясының 90 пайызынан айырылды. НАТО-ның мәліметінше, Украина армиясы 100 шаршы шақырымнан аз аумақты алып жатыр. Ресей Суджа қаласын толық бақылауды қалпына келтірді. Қазір Курск облысында 70 мыңға жуық орыс солдаты бар.
Сонымен қатар, Солтүстік Корейдің 11 мың әскері Курскіні қорғауғада. Солтүстік Корей әскерінің шығыны да тым көп. 5000 адам. Оның 1500-і қаза тапқандар.
«Ресейдің келіссөз үстеліндегі ұсыныстары мен оларға деген көзқарасы да өзгерген жоқ», - дейді НАТО өкілдері.
«Мәскеу қазір уақыт өзіне жұмыс жасап жатқанын жақсы түсінеді. Путиннің келіссөздерге жақсы ниетпен бара қоюы күмәнді. Путин келіссөздерге дайын емес», - дейді НАТО басшы-қосшылары.
НАТО өкілдері: «Ресейдің келіссөздердегі мақсаттарының бірі – Батыспен және халықаралық қауымдастықпен қарым-қатынасты қалпына келтіру. Сөйте тұра, Мәскеу Украина халқының рухын түсіруге тырысуда. Бірақ Украина халқы әскери, азаматтық ерекше төзімділік пен күресуге деген жігерін көрсетті. Украина бейбітшілікті қалайды, бұл шүбәсіз. Ал НАТО-ның ұстанымы – Украинада әділ және тұрақты бейбітшілік орнату. Қандай бейбіт келісім жасалса да, ол Ресейге жай ғана уақыт ұтуға жол бермеуі керек», - дейді.
Аталған жиынға Украина атынан Украина СІМ басшысы Андрей Сибига қатысқан.
Mezgil.kz