2024 жылы әлемнің 15 елінде 1500-ден астам адамға қатысты өлім жазасы орындалған. Бұл 2015 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш саналады. Аталмыш факті бойынша Amnesty International ұйымы арнайы баяндама әзірлеп, дабыл қақты.
Құқық қорғаушылар 2024 жылы ресми тіркелген 1518 өлім жазасының орындалуы туралы мәліметті анықтады. Алайда бұл шынайы ақпараттан алшақтау дейді олар.
Өлім жазасы бойынша алдыңғы үштікті Иран, Ирак және Сауд Арабиясы иемденуде. Бұл елдерде ресми 1380 өлім жазасының үкімі орындалған, яғни барлық белгілі фактінің 91 пайызы осы елдерге тиесілі деген сөз. Қытай мен Йемен елдері де өлім жазасын орындау бойынша бестікке кірген. Аталмыш елдерде өлім жазасын орындау сәтінде ату, дарға асу әдістері кең қолданылады.
Сарапшылар шындығында өлім жазасына кесілгендердің саны әлдеқайда көп деген пікірде. Қытай, Солтүстік Корея мен Вьетнам, Сирия мен Африка елдері өлім жазасына қатысты орындалған үкімдердің көпшілігін жария етпейді.
Bild басылымы 2024 жылы Иран билігі 997 адамға қатысты шығарылған өлім жазасы үкімін іске асырғанын жазған еді. Аталған көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 16%-ға көп деген сөз. Өлім жазасы үкімі 34 әйел мен 9 кәмелеттік жасқа толмаған балаға да орындалған. Ал HRW ұйымы шындығында көз жұмғандар саны әлдеқайда көп дейді. Алайда оларды тіркеу көрсеткіші аз екенін айтуда.
«Әлемде өлім жазасына қатысты үкімді орындаушы елдер ақпаратты толық бермейді. Алайды жыл өткен сайын жазалаудың бұл әдісінен бас тартып жатқан елдердің саны артып келеді. 2024 жылы әлемде 15 мемлекет өлім жазасына қатысты үкімді орындаған. Бұл тарихтағы ең төменгі көрсеткіш саналады. Адамзат осы бір қатал жазалау түрінен бас тартып жатқанының көрінісі. Өлім жазасын қолданатын елдердің саны азайғаны қуантса, өлім жазасын іске асыру бойынша үкім саны артқаны сескендіреді», - дейді Amnesty International ұйымының Бас хатшысы Аньес Калламар.
Ұйымның баяндамасында өлім жазасы есірткі тасымалдау, терроризм мен сепаратизм, адам ұрлығына қарсы қолданылуымен қатар, оппозицияға қарсы қысым әдісіне де айналғаны айтылады.
Mezgil.kz