АҚШ, Украина және Ресей арасындағы ұрысты тоқтатуға қатысты келіссөздердің жүріп жатқанына қарамастан, Мәскеу шабуылды үдете түсті. Сарапшылар Ресей әскері Украинаның өзге аймақтарына кіріп, көбірек жерді оккупациялауға тырысып жатқанын жазуда.
CNN басылымы Ресей әскерінің соңғы аптада майдан шебінің барлық бөлігінде шабуылды күшейтіп, резервтік күштерді арттырып жатқанын жазды. «Ресей Днепропетровск облысына кіруді ойластыруда» дейді сарапшылар. Бұл мақсатты іске асыру үшін Ресей Покровск маңындағы шабуылын үдеткен. Аталған бағытқа қосымша әскер мен бронды техниканы топтастыра түскен.
Ресей әскері соңғы үш айда Покровск қаласын басып алу үшін шабуылдар жасап, үлкен шығынға ұшырады. Қала қорғанысы мығым және тікелей шабуыл оң нәтиже берген жоқ. Ендігі таңда Мәскеу қаланы шабуылдаудың орнына оны жан-жақтан қоршауға алуды ойластыруда. Покровск бағытындағы шабуылдардың шығыны артқан сәтте, Ресей әскері Днепропетровск облысының Новопавловка елді-мекеніне жылжуды ойластыруда. Ресей әскері Новопавловка ауылын басып алу арқылы, Покровскке оңтүстік бағыттан баратын дәліздерді бақылауға алуды ойластыруда. Украина әскері Покровск бағытында қарымта шабуылдар жасап, бірнеше биіктікті өз бақылауына қайтарған.
Ресей әскері Луганск бағытындағы шабуылды да күшейткен. Ал Лиман бағытындағы шабуылдар санын орта есеппен 10-нан 30-ға дейін арттырған. Украина әскерінің қолбасшысы Сырский Ресейдің жаңа шабуылы басталғанын айтты. Сырский Ресей әскері Сум және Харьков облыстарына ауқымды шабуылды бастады дейді. Ол Ресейде 20 млн адамды мобилизациялау қоры барын айтып, қажет болған жағдайда 5 млн адамға қару ұстата алатынын мәлімдеді. Сырскийдің пікірінше Ресей мен Беларусь әскері бірлескен жаттығу өткізіп, 2022 жылғы сценарийді қайталауға талпынуы ықтимал.
Ресей әскері Сум облысы мен Харьков аймағында буферлі аумақ құру үшін шекарадағы ауылдардың бірнешеуін басып алған. Харьков бағытындағы Волчанск қаласында ұйыққа батқан Мәскеу, ендігі таңда шабуылды қосымша резервтік күштермен қайта жандандырмақ. Қазіргі сәтте қаланың тең жартысы Украинаның, тең жартысы Ресей әскерінің бақылауында тұр.
The Economist басылымы Украина әскерінің ресейлік шабуылдарды тойтарып жатқанын жазды. Ресей 2022 жылдың ақпан-наурыз айларында Сум облысын және Харьковты басып алуға талпынды. Алайда Ресей әскері үшін аталған қос бағыттағы шабуылдар сәтсіз аяқталып, Мәскеу әскерінің көп бөлігін жоғалтты. Харьковке кірген ресейлік арнайы жасақтар толық жойылса, Сум қаласына кірген Ресейдің диверсиялық топтары қаладан шыға алмай, қоршауда қалды. Олардың бір бөлігі тұтқынға түссе, бір бөлігі ұрыс барысында жойылды.
Владимир Зеленский өткен аптада Ресейдің Сум және Харьков облыстарына ауқымды шабуыл жасайтынын айтқан болатын. «Украина президентінің айтқаны орындала бастады» дейді Сырский. Киев Сум мен Харьковты қорғау үшін қосымша қорғаныс позицияларын орнатуда. Ор қазып, бронды техникаға қарсы айдаһар тістерін қоюда. Алқаптарды миналауды күшейткен. Қалада бункерлер саны артқан.
Сум облысының орталығы саналатын Сум қаласында соғыс басталған сәттен бері қала халқының саны артқан. Бұл шекаралас аймақтағы халықтың эвакуациялануымен тікелей байланысты. Қазіргі таңда қалада 250 мыңнан астам халық бар. Ресей үш айдың ішінде Сум облысына 9 мыңға жуық дрон мен зымыран жіберген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге көп деген сөз.
The Economist басылымы Украина әскері дрондарды қолдануды арттыру арқылы, Ресей әскерінің шабуылдарын баяулатқанын жазды. Дрондарды шығару бойынша Еуропа елдері соңғы айларда Киевке құятын инвестицияны арттырған.
Mezgil.kz