Иран мен АҚШ-тың делагицясы 12 сәуірде Иранның ядролық бағдарламасына байланысты алғашқы кездесуді өткізеді. Иран делегациясын Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи бастап келсе, АҚШ-тың делегациясын Стивен Уиткофф бастап келеді деп күтілуде. Әзірге кездесудің форматы белгісіз. Сарапшылар кездесу жабық форматта өтіп, артынша әр елдің өкілдері тілшілерге кездесудің кей сәтіне қатысты ақпарат айтуы мүмкін деп топшылайды.
Иран келіссөздер тікелей форматта емес, үшінші тарап арқылы өтеді дегенді айтты. Ал МемДептің баспасөз хатшысы Тэмми Брюс келіссөзді «толыққанды келіссөз емес, байланыс орнату дегеніміз дұрыс» деп пікір білдірді.
Иранның СІМ өкілі Эсмаил Багаи Х (Туиттер) желісіне былай деп жазды: «Біз барынша салмақты түрде және барынша сақтықпен дипломатияға мүмкіндік бергіміз келеді. АҚШ бұл шешімімізді бағалауы тиіс және ұдайы жасалатын агрессиялық әрекетін азайтуы қажет».
Иранның СІМ өкілі Эсмаил Багаидың бұл пікірімен Ұлыбритания сарапшылысы Джеймс Эльберд келіспейді. Оның ойынша Иран АҚШ-қа емес, керісінше АҚШ Иранға мүмкіндік беруде. «Шындығына келгенде Иран бұл кездесуді өте ұзақ күтті. Тегеран зымыранмен атқылаймыз, дронмен соққылаймыз, әлемдік мұнай саудасының жолын қиып, Таяу Шығыстағы АҚШ-тың базаларын жоямыз деген үндеу жасаса да, ұрыс жағдайында толық жеңілерін біледі. АҚШ-тың әскери әлеуетіне Иран төтеп бере алмайды. Әлемдегі нөмір бірінші авиацияға қарсы Иранда бірде-бір көзір жоқ. Әуе қорғаныс жүйесі нашар күйде. Оның үстіне Трамп өзінің сөздері мен сестері шынайы екенін дәлелдеу үшін, Иранды аяусыз соққылауы ықтимал. Демек Тегеран сыртқа жүнін қампайтып көрсетсе де, жабық кездесуде Вашингтон ұсынған талаптың басым бөлігіне көнеді деуге толық негіз бар», - дейді ол.
The New York Times басылымы болса Трамп әкімшілігі Иранмен ядролық келісім жасауға мүдделі екенін жазды. Алайда ол келісім Обама дәуіріндегі келісімнен өзгеше болады деп болжауда.
2016 жылы Дональд Трамп Обаманың Иранмен жасасқан келісімін сынға алды. Ол Иран өзінің позициясын қорғап қалды деп санайды. «Обаманың келіссөз жүргізуші командасы келіссөз үстелінен тұрып кетіп қалуы тиіс еді. Сонда Иран тарапы жалынып, келісім сұрар еді. Қазір бізде жақсы келісім болар еді. Алайда Обаманың командасы дұрыс келісім жасай алмады», - дейді Трамп.
Батыстық басылым Иран билігі Обама кезеңінде жасалған ядролық келісімді жандандырып, толықтыруды қалайтынын жазуда. Алайда Трамп әкімшілігі Тегераннан ядролық бағдарламасын толық тоқтатып, ядролық нысандарының басым бөлігін демонтаждап, бейбіт атом өндірісін қатаң бақылауға алып, байытылған уран қорып жойып, Иранның зымыран бағдарламаларын тоқтатуды талап етуі ықтимал. АҚШ Тегераннан ХАМАС, «Хезболлы», хуситтер мен өзге де топтарды қолдауды толық тоқтатуды талап етуі де мүмкін.
Принстон университетінің Таяу Шығыс бойынша сарапшысы Сейед Хоссейн Мусавиан былай дейді: «АҚШ тарапынан Стив Уиткофф келіссөз жүргізеді. Менің білуімше ол шын мәнінде келісім жасауды қалайды. Ол Трамп сияқты ойлайды және соғысты қаламайды. Сол үшін де мен бұл келіссөзден үміт күтемін. Нәтиже болуы мүмкін. Алайда Иран мен АҚШ 45 жылға созылған жауластықты ысырып қойып, келіссөз жүргізуі шарт. Бұл қиын», - дейді ол.
Axios басылымы Иран билігінің Оманда өтетін келіссөздерге қатысты ұстанымын жазды. Басылым Иран тарапы ядролық бағдарлама бойынша уақытша келісім жасасуды ұсынады дейді. «Тегеранның ойынша екі айдың ішінде толыққанды келісім жасау мүмкін емес, сол себепті де уақытша келісім жасасу арқылы үлкен келісімге жол ашуа болады деп санайды» дейді басылым.
Сарапшылар Иран мен АҚШ келісім жасаспаса, Вашингтонның Иранға әскери соққы жасайтынын айтты. Қазіргі сәтте АҚШ әскері Таяу Шығысқа екі бірдей ұшақтасушыны аттандырып, оннан астам стратегиялық бомбалаушыны топтастырды. Таяу Шығыстағы әскери базаларының қорғаныс әлеуетін күшейтіп, аймақтағы басты серіктесі саналатын Израильге мыңдаған дана бункерге қарсы бомба жеткізді. Бұл келіссөз алдындағы әскери-психологиялық қысым саналады. Трамп өткен аптада Иранмен келісім жасау мүмкін болмаса, әскери амалға көшетінін айтты. «Біз оларды бомбалаймыз» деді АҚШ басшысы.
Mezgil.kz