АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін АҚШ-тың Ресейге салған санкциялар мерзімін ұзарту туралы жарлыққа қол қойды. Аталмыш санкцияларды бұрынғы президент Джо Байден 2021 жылдың сәуірінде енгізген болатын. Бұл туралы Федеральды реестр сайтында жарияланды.
Санкциялар о баста Ресейдің өзге елдерге қарсы құйтырғы әрекеттерін шектеу мақсатында салынды. Ең алдымен бұл АҚШ-тағы сайлауға Ресейдің араласуымен байланысты еді. Байден 2021 жылы №14024 жарлыққа қол қойды және ол бойынша «ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер» санатындағы әрекеттерді іске асыру көзделді. Бұл құжат Ресейдің жеке және заңды тұлғаларына, кибершабуыл ұйымдастырушы топтарына, сайлауға араласқан өкілдерге, ішкі саясатқа араласпақ болған компанияларға, Ресейдің өз ішінде журналистерді және диссиденттерді қудалауға қатысқан шенеуніктерге қарсы санкциялар салуға мүмкіндік ашты.
Құжат жыл сайын толықтырылып, мерзімі ұзартылып келеді. Қазіргі таңда бұл құжат негізінде Ресейдің жеке және заңды тұлғалары ғана емес, сонымен бірге Ресейдің қаржы және әскери құрылымдарына да санкциялар салынуда. АҚШ-тағы ресейлік активтің бір бөлігі осы құжат негізінде бұғатталды. Трамп құжаттың мерзімін соза отырып, «Ресейдің АҚШ-қа қарсы әрекеті әлі де бәсеңдеген жоқ» деп пікір білдірді.
2025 жылдың 27-ақпанында Трамп №13660 жарлықтың да мерзімін бір жылға ұзартты. Аталмыш жарлық Ресейдің Украина тәуелсіздігін жою және суверенитеті мен аумақтық тұтастығын бөлшектеуге қарсы санкциялар салуға мүмкіндік ашады. Құжатты о баста Барак Обама бекітті, артынша Трамп пен Байден құжаттың мерзімін ұзартумен болды.
11-cәуірде Трамп Ресейге үндеу қатып, Украинадағы соғысты аяқтау үшін шынайы әрекетке көшуге шақырды. Axios басылымы Вашингтонның ұрыс қимылдарын тоқтату үшін Ресейге жабық есік артында ультиматум қойғанын айтты. Басылым мәліметі бойынша Ресей сәуірдің соңына дейін ұрыс қимылдарын тоқтатуы тиіс. Егер талап орындалмаса, АҚШ Ресейге салынған санкцияны күшейтуі мүмкін. 4-сәуірде Марко Рубио АҚШ-тың Ресейдің жауабын айлап күтетін уақытын жоқтығын айтты. Ал Трамп Ресейдің ұрысты тоқтатуға ниетті еместігін сезсе, онда Мәскеудің тауарына баж салығын күшейтіп, мұнай саласына санкциялар салатынын мәлімдеді.
Соңғы айларда АҚШ пен Ресей арасындағы делегация соғысты тоқтатуға байланысты бірнеше мәрте кездесті. 11-сәуірде Трамптың арнайы өкілі Уиткофф Мәскеуге келіп, Путинмен кездесті. Бұл Уиткоффтың екі ай ішінде Путинмен үшінші мәрте кездесуі болатын. Алайда Ресей тарапы соғысты тоқтатуға ниетті еместігін аңғартуда. 13-сәуірде Ресей Украинаның Сумы қаласын атқылап, 32 бейбіт тұрғынды мерт етті.
Mezgil.kz