АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға қарата тағы да тепсініп сөйледі. Бұл жолы Трамп Зеленскийді «біліксіздігі» үшін сынап, Украинадағы «соғысты бастағаны» үшін жауапкершіліктің бір ұшын Зеленскийге артты.
ЗЕЛЕНСКИЙ МЕН ТРАМП ТАҒЫ АЙТЫСТЫ: ҚАНҚАСАПҚА КІМ КІНӘЛІ?
Президент Трамп айтқан сөздердің маңыздылары мынау болды:
«Зеленский әрдайым зымыран сатып алудың мүмкіндігін іздейді. Сен өзіңнен 20 есе үлкен мемлекетпен соғысуды бастарда алдымен жеңетініңе сенімді болуың керек. Кейін азды-кем зымыран беріңдер деп үміттенесің», - дейді.
Әрі қарай: «Байден бұл соғысты тоқтата алар еді. Зеленский бұл соғысты тоқтата алар еді. Путин ешқашан бұл соғысты бастамауы керек еді. Барлығы кінәлі», - деді.
Зеленский мен Путин туралы пікір білдіре келе: «Мен Путинге ұрысты тоқтату үшін дедлайн белгілеймін. Бұл соғысқа жол берудің өзі қателік. Зеленскийдің қаншалықты білікті екенін білмеймін, біз бұл жігітпен шекісіп көрдік. Бірақ, ол сұрағанынан көп сұрай түсті. Путинге келсек, ешкім періште емес. Менің президенттігімнің 4 жылында мұндай мәселе болған жоқ. Бұл соғыс болмауы керек еді», - деді.
АҚШ президенті Трамптың бұл айыптауларына президент Зеленский жауап беріп үлгерді.
Зеленский: «Әлем жұрты бұл соғысқа кімнің кінәлі екенін біледі! Басқасын айтпағанда, Ресейдің соңғы Сумскіге жасаған соққысын әлемнің 50-ге жуық мемлекеті, Еуропалық қауымдастық пен Халықаралық ұйымдар айыптады. Бұл соғыс түбі аяқталады. Сонда әлем кімнің агрессор екенін айтатын болады», - деді.
Украина президенті осыған дейін АҚШ президенті Трампты Украинаға арнайы шақырып, соғыс болып жатқан елдің жағдайын көзбен көруді ұсынған.
«CBS News» арнасының «60 Minutes» бағдарламасына пікір білдірген президент Зеленский: «Біз Сіздердің осында келгендеріңізді, барлығын көзбен көргендеріңізді қалаймыз. Сіздер: «Біз не болып жатқанын жақсы тсүінеміз», - дейсіздер. Жақсы. Біз Сіздердің позицияларыңызды құрметтейміз. Бірақ, қандай да бір шешім қабылдардан бұрын, қандай да бір келіссөздер өткізерден бұрын Украинаға аяқтай келіңіздер! Мұндағы бейбіт халықты, жауынгерлер менқирап жатқан ауруханаларды, шіркеулерді, қаза тауып жатқан бейкүнә сәбилерді көзбен көріп алыңыздар!сонан соң барып, соғысты қалай аяқтаймыз деген жоспарды талқылаймыз! Сонда ғана Сіздер кіммен келісім жасасқалы отырғандарыңызды, Путиннің қандай қылмыстар жасағанын түсінесіздер», - деді ашына сөйлеп...
АҚШ пен Украина президенттері жария түрде сөзтартыс жасап жатқан тұста, Батыстағы БАҚ президент Трамптың саяси шешімдеріне қатысты түрлі пікірлерді жазып жатыр. Солардың бірсыпырасына шолу ұсынбақпыз...
(Сурет: bbc.com)
АМЕРИКА ОҚШАУЛАНУ САЯСАТЫНА БЕТ БҰРДЫ МА?
BBC басылымында: «Трамп американдық оқшаулануды қалай жандандыруда» атты мақала жарияланды. Онда: «Трамп өзінің бірінші мерзімінде 1930 жылдары американдық оқшаулаушылар қабылдаған «Біріншіден Америка» қағидатын жариялады. Ал Трамп Ақ үйге оралғаннан бері АҚШ бірқатар халықаралық ұйымдардан (ДДҰ, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңес) шығып үлгерді және БҰҰ мен НАТО-дан шығу (немесе оның қатысуын минимумға дейін азайту) мүмкіндігін меңзеп отыр. 2024 жылғы сайлау науқаны кезінде Трамп АҚШ қорғаныс шығындарын арттырмаған НАТО елдеріне көмектеспейтінін айтты. Содан кейін ол мұны президент лауазымына кіріскенде тағы растады. Трамп Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Америка Құрама Штаттары демократияның кепілі (немесе «әлемдік полицей») болған кезде пайда болған әлемдік тәртіп – «Pax Americana-ға» қарсы тұрды. Енді Трамп доктринасы келесідей: «Шетелдік» соғыстарға араласпау. Тек ақылы негізде көмек көрсету. Америка мүддесін бәрінен биік қою», - деп жазылған.
(Сурет: wsj.com)
ТРАМП ПУТИНГЕ СЕНЕ МЕ?
«The Wall Street Journal» басылымы: «Трамптың кеңесшілері – Мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен арнайы өкіл Кит Келлог АҚШ президентіне Мәскеуге қатысты ұстанымда қатал болу керектігін айтуда. Алайда, Ақ үй қожайыны тағы бір арнайы өкіл – Стиф Уиткоффтің сөздерін тыңдап, «Путин бейбіт келісім жасағысы келеді» деп сенеді», - деп жазады.
Айта кетейік, Ресейдің соңғы Сумскіге жасаған соққысын АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен арнайы өкіл Кит Келлог айыптап сөйлеген. Ал президент Трамп: «Бұл Ресейдің өрескел қателігі» деп сылап-сипап қойған.
(Сурет: telegraph.co.uk)
БАҚ: ТРАМП СОҒЫСТЫ ТОҚТАТУДЫҢ ОРНЫНА СОЗЫП ОТЫР...
«The Telegraph» басылымында: «Трамп Украинадағы соғысты тоқтатып отырған жоқ, оны ұзартып жатыр» деген атпен көлемді сараптама жарияланды. Авторы – Лиза Хаселдайн дейтін журналист.
«Ақ үй Пасха мерекесіне дейін Украинадағы соғысты тоқтату бойынша бейбіт келісім жасауға тырысты. Бұл мақтауға, сән-салтанат пен дабыра-даңғазаға әлсіз АҚШ президенті Трамп үшін ең керемет символдық мәнге ие дата еді. Егер бұл жүзеге асқанда өзі армандаған Нобель сыйлығына да бір табан жақындап қалар еді. Бірақ, бұл датаға аз ғана апталар қалды. Ал Трамптың Пасхаға дейін соғысты тоқтату ниеті – жай ғана қалау күйінде қалуда.
Путин ұрысты, соғысты тоқтатуға деген құлшыныс-ниетін көрсетпей отыр. Путин бейбітшілікке қол жеткізу үшін сәл де болса шегініс жасауға көнбейтінін білдірді. Украинаны демилитаризациялау мен НАТО-ға қосылмау, оккупациялап алған аумақтарды заңдық тұрғыдан мойындау туралы талаптарынан айныған жоқ. Ал бұл талаптарға Украина да көнбейтінін ашық айтты.
Наурыз айында Ресей 30 күнге ұрысты тоқтату шартына келісті деген ақпарат шыққанына қарамастан, Ресей Украинадағы энергетикалық инфрақұрылымдарды соққылауын тоқтатқан жоқ.
Осылайша, Трамп Путинді келіссөз үстеліне отыруға мәжбүрлемек түгілі, соғысты ұзартып жатқанын жақсы біліп отыр. Трамп Путинге ашулы. Себебі, Путин келіссөздерді тежеуде. Ал Трамп, Украинаға қандай соққы боларына қарамастан, Путинмен кез келген шартпен келіссөз жүргізуге ниетті», - деп жазады мақала авторы.
Mezgil.kz