Әлгінде Алматыға Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров келіп-кеткен еді. Ол жай келген жоқ. ТМД СІМ басшыларының кезекті жиынына қатысу үшін келді.
(Сурет: mid.ru)
Сол Лавров кеше көпіріп-лепіріп отырып, Қазақстан президенті Тоқаевтың «территориялық тұтастық» туралы пікірімен келіспейтінін айтыпты.
14 сәуір күні «Коммерсант» басылымында Ресей СІМ басшысының: «Сергей Лавров: Украиналық көршілеріміздің тазалығын тексеру керек», - атты көлемді сұхбаты жарияланды. Аталған сұхбатта министр Лавров Ресей-Украина соғысын бейбіт реттеу туралы келіссөздер, АҚШ-Ресей делегацияларының жекелеген келіссөздері, жаһандық геосаяст, Еуропалық қауымдастықпен қарым-қатынастар т.б. тақырыптарға қатысты пікір бөліседі.
ЛАВРОВ НЕГЕ ЛЕПІРДІ?
Аталған сұхбатта басылым тілшісі министр Лавровқа: «Сергей Викторович, ұлттардың өз билігін өзі анықтау құқығы мен аумақтық тұтастық туралы осы екі тармақ қандай да бір бітіспес қайшылықта деп ойламайсыз ба? Владимир Путиннің қатысуымен өткен бір пленарлық отырыста Қазақстан Президенті бұл туралы айтып, «егер біз тек ұлттардың өзін-өзі билеу құқығы туралы идея мен тармақты басшылыққа алатын болсақ, онда әлемде 650-ге жуық аймақтық қақтығыстар бірден тұтанатынын» ескерткені есімде», - деп сұрақ қояды.
Бұған Сергей Лавров: «Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ол сөздері есімде. Мен онымен келіспеймін. Біз кейін қазақстандық достарымызға өз позициямызды түсіндірдік. Ол үшін тек аумақтық тұтастық құқығы бар. Бірақ мен тағы да айтамын: егер сіз БҰҰ-ның мүшесі болсаңыз, Жарғыны толығымен құрметтеңіз.
Мен отарсыздандырудың мысалын келтірдім: Онда мемлекеттер арасындағы қатынастарды реттейтін қағидаттар декларациясындағыдай жазылған. Үкіметтері бүкіл халықтың пікірін білдіретін мемлекеттерде ғана аумақтық тұтастық құрметтеледі! Ешбір отарлаушы держава өзі отарлап алған аумақтың тұтастай халқының атынан сөйлей алған жоқ. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін мәселе! Париж де, Лиссабон да, Мадрид те, Лондон да... Сондықтан отарсыздандыру процесі БҰҰ Жарғысын толық сақтай отырып өтті», - дейді.
ЛАВРОВ РЕСЕЙДІҢ ОТАРЛАУШЫ ЕКЕНІН МОЙЫНДАЙДЫ!
Реплика: Ресей СІМ басшысының бұл айтқандарынан екі әңгімені аңғаруға болады.
Біріншісі – Сергей Лавров Қазақстан президенті Тоқаевтың сөздерін мысал ете отырып, «жергілікті тұрғындар өз биліктерін өздері аныұтауға құқылы» деген тезисті алға шығаруда. Яғни, «ЛХР» мен «ДХР» деген ергежейлі мемлекетсымақтар болды дегенді айтқысы келеді. Екінші – осы арқылы Ресейдің отарлаушы екенін ашық мойындауда!
Бұл айтылған пікірлердің көздейтін мақсаты біреу. Ол – Ресей Украинадан заңсыз аннекциялаған Қырымды, псевдореферендум өткізіп, өз аумағына қосып алған Херсон, Запорож, Луганскі мен Донецкі облыстарын заңдастыру әрекеті.
(Сурет: akorda.kz)
ТОҚАЕВ: ҚАЗАҚСТАН ДОНЕЦКІ МЕН ЛУГАНСКІНІ МОЙЫНДАМАЙДЫ!
Лавров айтып отырған сөзді президент Тоқаев 2022 жылы Петерборда өткен экономикалық форумда, Ресей президенті Путиннің көзінше айтқан еді.
Аталған форумда Кремль пропогандашысы Маргарита Симонян Қазақстан президенті Тоқаевқа Луганскі және Донецкі сепаратистерінің «мемлекет жариялағанына» қатысты құйтұрқы сұрақ қойды. Ал Тоқаев сепаратистердің әрекетін қолдамайтынын ашық көрсетті.
Тоқаевтың айтуынша, егер ұлттың өзін-өзі анықтау құқығы шын мәнінде жүзеге асырылатын болса, онда БҰҰ құрамына кіретін 193 мемлекеттің орнына жер бетінде 500 немесе 600 мемлекет пайда болар еді, бұл өз кезегінде үлкен хаосқа әкеліп соғуы мүмкін.
«Осы себепті біз Тайваньды да, Косовоны да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз әрі бұл принцип, біздің ойымызша, квазимемлекеттік территорияларға да қатысты қолданылады, ал Луганск пен Донецк сол санатта болып табылады. Міне, бұл сіздің сұрағыңызға ашық жауап», – деді Тоқаев.
Түйін: Ресей саясатшыларының бастарын ауыртып, балтырларын сыздатып жүрген президент Тоқаевтың осы сөздері, міне.
Әлгінде ғана Алматыға арнайы келіп-кеткен Сергей Лавров бұл жайлы жақ ашпай, тыныш келіп, тыныш кетіп еді. «Ауылы жақын күшіктің құйрығы қайқы келеді» дегеннің керін келтіріп, Ресейге бара-сала: «Мен Қазақстан президентімен келіспеймін», - деп көріпіті, енді...
Бізден жалқы сұрақ: Ресейде кемінде 160-қа жуық этникалық топ өмір сүруде. Кремль осы 160-тың атынан тұтастай сөйлеу құқығына ие ме?
Mezgil.kz