Америкалық «ISW» соғысты зерттеу институтының сарапшылары «New York Post» басылымына сұхбат беріп, Ресейдің соғысты жалғастыру потенциалы жайлы сөз қозғапты.
«ISW» сарапшыларының пікірінше Ресей президенті Путин Украинаға қарсы соғысты әлі 12-16 ай бойы жалғастыруы мүмкін. Шамамен бір жылдан кейін Путин режимінде жауынгерлік іс-қимылдарды қаржыландыру үшін бюджет резерві де, соғысқа айдап салатын «еріктілерді» табу мүмкіндігі де таусылуы мүмкін.
Қазірдің өзінде Ресейдің өңір-өңірлерінде күн сайын 1-1,5 мың адам соғысқа тартылуда. Кремльдің «ақшалы тұзақтарының» орташа мөлшері 1,4 млн рубльге жеткен. Ресейдің «ақылы түрде» соғысқа тарту резерві ай сайын 30-45 мың адамға, ал соғыс басталғаннан-бергі тізім бойынша 900 мыңнан астам адамға деп есептеледі.
«ISW» сарапшыларының пікірінше, Кремль билігі әскерге тартудың бұл жолын шексіз қолдана алмайды. Ақыр соңында бұл саясат бюджет проблемаларын тудырады. Қазірдің өзінде келісім-шартқа қол қою үшін уәде етілген төлемдер күн сайын Ресей қазынасына 2 млрд рубль немесе жылына 730 млрд рубль салмақ салуда. Бұл Ресейдің Свердлов немесе Красноярскі секілді бай әрі ірі өңірлерінің бюджетіне екі есе күш түсіруде.
«ISW» сарапшылары: «Кремль Трамп әкімшілігі Украинаға көмекті тоқтатады немесе қысқартады деп үміттенеді. Бұл Ресей армиясының шығынын азайтып, Путинге соғысты ұзақ жалғастыруға мүмкіндік береді. Президент Путин «соғыс әскери жолмен шешіледі» дегенге сенеді», - деп санайды.
Батыстағы әскери аналитиктердің дерегінше: 2022-2024 жылдар аралығында Ресей соғысқа 22,3 трлн рубль және Ұлттық әл-ауқат қорының «резервтік қаражатының» 3/2 бөлігін жұмсаған. Салдарынан РФ Ұлттық әл-ауқат қорының өтімді активтері 3 жылда 106 миллиард доларға қысқарған. Ал 2025 жылдың бюджетіне Кремль тағы да 13,2 трлн рубльді әскери шығын ретінде енгізген.
ЗЕРТТЕУ: РЕСЕЙ ӘСКЕРІ ТОЛЫҚТАЙ КХДР СНАРЯДТАРЫНА ТӘУЕЛДІ!
Ал тағы бір америкалық зерттеу институты – «Open Source Centre» (OSC): «Ресей майдан даласында Солтүстік Корей снарядтарына тәуелді болып отыр», - деп мәлімдейді.
«OSC» зерттеушілері: «Ресей майдан даласында қолданып жатқан снарядтардың 50%-дан 100%-ға дейінгі қоры Солтүстік Корейден әкелінген снарядтар. Соңғы 20 айда Солтүстік Корейден Ресейге 64 мәрте жеткізілім болған. 16 мыңнан астам контейнермен миллиондаған артиллериялық снарядтар жеткізілген. БҰҰ сарапшыларының дерегінше: Былтыр жаз бойы Запорож бағытында атылған 152 мм-лік снарядтардың 50%-ы, 122 мм-лік снарядтардың 100%-ы КХДР снарядтары болған», - деп жазады.
САРАПШЫЛАР: СОҒЫС 2026 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ЖАЛҒАСАДЫ...
«Associated Press» (AP) агенттігінің әскери сарапшылары: «Соғыс 2025 жылы толық жалғасады», - деп болжайды.
Басылым: «Кремль Украинамен 1000 шақырымға созылған майдан шебінде қайта ұрыс бастауды жоспарлап отыр. Және бұл соғыс 6 айдан 9 айға дейін дейін созылады деп күтілуде. Украина әскерін Курскіден ығыстырып шығарған Ресей мен КХДР әскері Украинаны келіссөздердегі басымдығынан айырды. Ал Киев Курскіде піскен Ресей-КХДР әскері майданның басқа шептеріне жөнелтілуі мүмкін деп есептейді», - деп жазады.
Mezgil.kz