Дугиннің директивасы: Посткеңестік аймақта макромемлекет құрамыз!

Ресейлік идеолог, саясаттанушы, Ресейдің сыртқы және ішкі саясатының келбетін қалыптастырушылардың бірі Александр Дугин «Посткеңестік кеңістік пен постимпериялық кеңістікте макромемлекетті қалпына келтіру қашып құтылмайтын шындық» атты директивасын жариялады. Оның бұл директивасы ресейлік БАҚ-та кеңінен таралып, қызу талқыланып жатыр.


Alexander Dugin: Putin's Brain – Al-Baidar Center for Studies and Planning

(Сурет baidarcenter.org сайтынан алынды)

 

Александр Дугин Ресей билігінің соңғы 20 жылда ұстанатын идеологиясының негізін қалаушылардың бірі саналады. Оның есімі «орыс әлемін» жасаушылардың бірі ретінде аталады. Дугин Украинаның мемлекет ретінде қалыптасуына о бастан қарсылық танытып, 90-шы жылдары бірнеше өткір мақала жазған. Ал 2014 жылы Ресей Украинаның Қырым аймағын аннексиялаған сәтте, Батыс елдерінің санкция тізімінде Александр Дугиннің аты аталды. 2022 жылы, 6-қазанда Дугин ЕО-ның санкциялық тізіміне қосылды. 2022 жылы, 20-тамызда Александр Дугинның қызы Дариья Дугина қастандықтан қаза тапты. Оның көлігіне жарылғыш зат орнатылған еді. Дугин қастандықты Украина тарапы ұйымдастырды деген ойда.

 

Александр Дугиннің директивасы алдымен өзінің телеграм арнасында жарияланды.

 

Ол былай дейді: «Бүгінгі күні макромемлекет құрудың қажеттілігі күн санап арту үстінде. Оны құру ТМД-ны қалыптастыру сәтінде-ақ аңғарылған еді. ТМД біріктіруші болуы тиіс еді, алайда ол бұл міндетті атқара алмады. ТМД интеграция міндетін атқара алмайтыны белгілі болған сәтте, Еуразиялық одақ құрылды. Алайда оған тек қана экономикалық идеялар кіргізілді. Тек қана экономикамен біріктіру іске аспайтыны белгілі ғой, демек ол да кібіртіктеп тұрып қалды. Тек қана Ресей-Беларусь арасындағы одақтас мемлекет жобасымен кішігірім жетістікке қол жеткіздік.

 

Қазір әлемдік жүйені қайта құру басталған сәтте, бұл істің сәті туып тұр. Мұндай сәтте интеграция жасай алатын ұлы державалар ғана өзінің суверенитетін сақтап қала алады. Ал кіші елдерге қай державамен бірге боламын дегенді таңдау ғана қалады. Егер олар өз таңдауын жасамаса, онда олар әлемдік саясаттың негізгі және жалғыз субъектісіне айналып келе жатқан державалардың ықпалында талан-таражға түсетін қайғылы тағдырға тап болмақ.

 

Міне, біз басқаша елестеткен көпполярлы әлем дегеніміз осы. Иа, оның ережелері мен заңдылықтары қатал. Егер сенің экономикалық, әскери, саяси, стратегиялық, ресурстық иелігің және аумақтық суверенитетің болмаса, онда тағдырың қайғылы болмақ. Сен кіретін блокты таңдауың керек. Посткеңестік елдердің басым көпшілігі үшін жалғыз дұрыс шешім – Еуразиялық макромемлекет құрамына өту болмақ.

 

Қазір бұл жайлы түрлі деңгейде өте жиі айтылатын болды. Әлі де көптеген кіші мемлекеттер өздерінің иллюзиялық амбицияға толы суверенділігін қалыптастыруды ойластыруда. Алайда бұл иллюзия біздің Украинада жеңіске жақындай түсуімізге байланысты сейіліп бара жатыр.

 

Кеңес Одағы мен Ресей империясының кеңістігінде макромемлекет құру қашып құтылмайтын тарихи процесс. Бұл державақұрушы циклға қатысып жатқандар үшін суверенитетін сақтап қалудың жалғыз жолы. Осы арқылы біздің «жаңа» территорияларымыздың ғана емес, Украинаның ғана емес, Оңтүстік Осетия мен Абхазияның ғана емес, Грузия, Молдова, Армения мен тіпті Әзербайжанның да тағдырын шешуге болады. Бұл елдердің барлығына да макромемлекет құрамында орын табылады және олар өз суверенитеттерін жоймайды, керісінше қуатты ете түседі.

 

Әрине, бұл макромемлекет құрудың қандай кезеңмен жүретіні әзірге белгісіз. Алайда менің көзқарасымда Ресей Оңтүстік Осетия мен Абхазияны интеграциялау мәселесінде Грузияны да процесске қосылуға шақыруы тиіс деп санаймын. Грузия соңғы уақытта жаһандық саясаттан тәуелсіз бағытта жылжуда. Бұл әрине қуантады.

 

Біздің посткеңестік және постимпериялық кеңістігімізде макромемлекет құру қашып құтылмайтын шындық. Алайда ол бейбіт, ашық әрі достық негізде болуы шарт. Біз бұл процессті қаншалықты жылдам іске асырсақ, соншалықты барлығына да жақсы болар еді», - дейді Дугин.

 

Дугиннің бұл пікірінде макромемлекет құру идеясы Кавказ аймағы мен Шығыс Еуропа бағытын, яғни Украина мен Беларусьты қамтыды. Әзербайжан саясаттанушылары Дугиннің пікірін сандырақ десе, Украина тарапы оның санкциядағы агрессор екенін айтты.


Mezgil.kz 

 

 

 

 



Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар