Стратегиялық сапар: Ақтау портының әлеуеті қандай – сарапшылар пікірі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақтау халықаралық теңіз портына жасаған сапары – Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың жарқын көрінісі.  

1745074708801587.jpg

(Сурет: portaktau.kz)

Алматы қаласы  Жетісу-2 комьюнити орталығының директоры Әкежан Кеңесов Президенттің Маңғыстау өңіріне жасаған стратегиялық сапарын қолдап отыр. Сарапшының сөзінше, Ақтау порты бүгінде еліміздің негізгі логистикалық хабтарының біріне айналып отыр. Оның Шығыс – Батыс және Солтүстік – Оңтүстік бағыттарындағы тиімді жұмысы халықаралық сауда мен транзиттік жүк тасымалында маңызды рөл атқарады. Порттың тәулік бойы, жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуі – Қазақстанның халықаралық деңгейде сенімді серіктес екенін дәлелдейді.

«Бұл порттың географиялық орналасуы да үлкен мәнге ие. Ол ірі халықаралық көлік дәліздерінің тоғысында орналасқандықтан, Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге зор үлес қосып келеді. Осы сапар барысында Мемлекет басшысына Маңғыстау облысының көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту жоспарлары таныстырылып, порттың қуатын арттыру бағытындағы жұмыстар жөнінде баяндалды. Бұл – өңірдің ғана емес, тұтас елдің экономикалық өрлеуіне ықпал ететін маңызды жобалар»,-деді Әкежан Бақытұлы.

Оның айтуынша, көлік және логистика саласында жүзеге асырылып жатқан 1,9 трлн теңгені құрайтын 24 инфрақұрылымдық жоба – болашақтағы үлкен өзгерістердің бастауы. 2024 жылы Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы тасымалданған жүк көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаны құрауы – бұл бағыттың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. 358 контейнерлік пойыз және 27 мың автокөлік бірлігінің жүруі – Қазақстанның Еуропа мен Азияны жалғайтын алтын көпір ретіндегі рөлін айқындай түседі. Сонымен қатар, 3,2 миллион тонна экспорттық өнімнің осы бағытпен сыртқа шығарылуы – отандық өндірістің де әлеуетін байқатады. 2028 жылға қарай бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспары – батыл әрі стратегиялық қадам.

«Ақтау қаласында салынып жатқан жаңа контейнерлік хаб – порттың өткізу мүмкіндігін 140 мыңнан 240 мың ДФЭ-ге дейін арттырады. Бұл өз кезегінде жүк айналымын ұлғайтып, Қазақстанның логистикалық қызмет көрсету саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Кендірлі демалыс аймағында жаңа әуежай құрылысы басталды. Бұл нысанның жылдық жолаушылар өткізу қабілеті 150 мың адамға жететін болады. Бұл – туризмді дамытуға, шетелдік инвестицияны тартуға, сондай-ақ өңір халқының өмір сапасын жақсартуға бағытталған игі бастама. Жалпы алғанда, Ақтау портының дамуы мен оған қатысты жаңа жобалардың жүзеге асырылуы – еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымын заманауи деңгейге көтеріп, Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі жетекші транзиттік орталықтардың біріне айналдыру жолындағы нақты қадамдар. Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы жүргізіп отырған стратегиялық саясаттың өміршеңдігін және ел экономикасының тұрақты өсімге бет алғанын көрсетеді»,-деді Әкежан Кеңесов.

Сәтбаев университеті М.Тынышбаев атындағы Көлік инженериясы және логистика мектебінің басшысы, техника ғылымдарының докторы, профессор Сейдулла Абдуллаевтың айтуынша, Ақтау портындағы контейнерлік хабтың өткізу қабілетін арттыру Қазақстан экономикасына көп аспектіден әсер ете алады.

«Біріншіден, логистика саласында жүк тасымалдау тиімділігі артады, бұл сауда айналымының ұлғаюына, оның ішінде экспорттық және импорттық операциялар көлемінің өсіп, халықаралық нарыққа Қазақстанның өнімдерін жеткізудің жылдамдығы мен тұрақтылығының артатынына себеп болады. Мұндай инфрақұрылымдық жетілдірулер сауда саласында Қазақстанның халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады, әсіресе аграрлық секторда және минералды ресурстарды өңдеу салалары дамиды. Бұл жаңа нарықтарға шығуға жол ашып, өнімдерді тұтынушыларға қолжетімді етеді. Бұдан өзге жұмыспен қамту саласына да оң әсерін тигізеді. Порттық инфрақұрылымды дамыту, контейнерлік хабты кеңейту жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді, мамандарды оқыту және қосымша қызметтер (мысалы, тасымалдау, кедендік рәсімдер) көрсетуге мүмкіндік береді»,- деді Сейдулла Абдуллаев.

Ғалымның пайымдауынша, Маңғыстау облысында жүзеге асырылатын 1,9 трлн теңгеге бағаланған инфрақұрылымдық жобалар облыстың инвестициялық тартымдылығын едәуір арттырады. Бұл жобалар аймақтағы транспорттық және логистикалық инфрақұрылымды нығайтып, шетелдік және отандық инвесторларға тұрақты, тиімді әрі кеңінен дамыған нарықтармен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Маңғыстаудың теңізге шығатын жолы мен көлік дәліздері бұл өңірді Қазақстанның транзиттік хабына айналдыруға бағытталған маңызды шаралар болып табылады.

«Шетелдік инвесторлар үшін бұл жобалар жаңа бизнес мүмкіндіктерін ашып, ауыл шаруашылығы мен өндіріс секторында ұзақ мерзімді серіктестіктерге жол ашады. Сонымен қатар, облыстағы экономикалық белсенділікті арттыру, жаңа өндірістік алаңдар мен логистикалық орталықтарды құру шетелдік капиталды тартуды жеңілдетеді. Отандық инвесторлар үшін инфрақұрылымдық жобалар өнеркәсіптік және сауда салаларында жаңа мүмкіндіктер тудыруы мүмкін. Өңірде жаңа өндіріс орындарын ашу, сауда көлемін арттыру және экспорттық нарықтарға шығу мүмкіндігі инвестиция тартуға әсер етеді»,- деді Көлік инженериясы және логистика мектебінің басшысы .

Сейдулла Абдуллаевтың айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің жүк тасымалдау көлемінің 2028 жылға дейін 10 млн тоннаға ұлғаюы Қазақстанның сыртқы сауда балансында оң өзгерістерге алып келеді. Бұл бір жағынан экспорттық және импорттық тауарлар көлемінің артуына, сауда серіктестерінің санын көбейтуге, сондай-ақ жаңа нарықтарға қолжетімділікке мүмкіндік береді. Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түскен сайын, сыртқы сауда балансының оңды болуы ықтимал. Алайда, бұл бағытта тәуекелдер мен кедергілер де болуы мүмкін.

«Біріншіден, инфрақұрылымдық жобаға қажетті инвестициялар мен қаржыландыру мәселелері туындауы ықтимал. Сонымен қатар, көлік дәлізін басқару және координация мәселелері де маңызды рөл атқарады, өйткені бірнеше елдің аумағын қамтитын халықаралық транзиттік дәлізде әртүрлі саяси және экономикалық кедергілер пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ, табиғи кедергілер мен экологиялық мәселелер де ықпал етуі мүмкін, өйткені көлік дәлізінің жүру маршруты экологиялық тұрғыдан әлдеқайда сезімтал болуы ықтимал. Қытай мен Орталық Азия елдерінің экономикалық және саяси жағдайлары да көлік дәлізін тиімді пайдалану мәселелеріне әсер етуі мүмкін. Осы тәуекелдер мен кедергілерді жеңу үшін Қазақстан халықаралық серіктестермен тұрақты келіссөздер жүргізіп, инфрақұрылымның экологиялық және экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі қажет»,-деді Сейдулла Абдуллаев.

Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, Қазақстандағы негізгі логистикалық тораптардың бірі - Ақтау халықаралық теңіз порты еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруда айрықша рөл атқарып отыр. Қазіргі заманға сай жабдықталған терминал ретінде порт тәуліктік режимде жұмыс істейді. Ол Шығыс – Батыс, Солтүстік – Оңтүстік бағыттары бойынша, атап айтқанда, Батыс Еуропа – Батыс Қытай сынды маңызды дәліздермен жүк тасымалын үздіксіз қамтамасыз етіп келеді.

«Порттың халықаралық теңіз дәліздерінің түйіскен жерінде орналасуы – оның стратегиялық маңызын арттыра түседі. Бұл тек Маңғыстау өңірінің ғана емес, тұтас Қазақстанның көлік-логистикалық жүйесін дамытуға зор серпін береді. Мұндай инфрақұрылым экономикаға нақты пайда әкеліп, транзиттік мүмкіндіктерімізді кеңейтуге жол ашады. Қазірдің өзінде аймақта 24 ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 2023 жылы жүк тасымалы 62%-ға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жетті. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Ал 2028 жылға дейін бұл көлемді 10 миллион тоннаға жеткізу жоспары бар»,-деді Бауыржан Ысқақов.

Сарапшының сөзінше, теңізге тікелей шығатын балама жол ретінде Ақтау порты еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда маңызды факторға айналып отыр. Бұл тек шикізатты ғана емес, дайын өнімдерді де сыртқы нарықтарға жеткізуді жеңілдетеді. Сондықтан мұндай инфрақұрылымдық жобаларды қолдау – экономикалық стратегиямыздың басым бағыттарының бірі болуы керек.

 Жанна Жомарт

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар