Қырымды мойындау һәм АҚШ-тың жаңа ұсынысы: Трамп не дейді?

Әлгінде ғана АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің «Truth Social» әлеуметтік желісінде Украина мен Ресей арасындағы соғысты бейбіт реттеу туралы кішігірім мәлімдемесін жариялаған еді.

1745225612363550.png

(Сурет: tsn.ua)

АҚШ-тың бизнесмен президенті Дональд Трамп Украина мен Ресей арасындағы «бейбіт келіссөздерге» үлкен бизнес тұрғысынан баға беріп: «Ресей мен Украина осы аптада келісімге келеді деп үміттенемін. Осыдан соң екі ел де (Украина мен Ресей) Америкамен үлкен бизнесті бастайтын болады. Ол елді гүлдіндіруге бастайтын, әл-ауқатты арттыратын бизнес болмақ. Олар осылайша жағдайларын жасайды», - деп жазған болатын.

Ал «Axios» басылымы: «Трамп осыдан бірнеше күн бұрын өз кеңесшілеріне хабарлап, Украина мен Ресей мәселесінде ілгерілеу болмаса, АҚШ келіссөз процессінен шығатынын ескерткен», - деп жазады.

АҚШ: «ҚЫРЫМ – РЕСЕЙДІКІ. УКРАИНА НАТО-ҒА ҚОСЫЛМАЙДЫ», - ДЕЙДІ...

Тақырыпқа тұздық ретінде: «The Wall Street Journal» басылымы АҚШ президенті Трамптың бейбіт келіссөздерге қол жеткізу үшін Ресейдің қандай талап-шарттарына көнгелі отырғанын жазыпты.

Қарабайыр тілмен жеткізсек, АҚШ президентінің командасы Қырымды Ресейдікі деп мойындап, Украинаның НАТО-ға қосылуына тосқауыл қоймақ. «The Wall Street Journal» басылымының жазуынша, Вашингтон осындай жоспарды Киевке жолдап, олардың жауабын күтуде.

АҚШ ұсынған жоспардың мазмұны былай:

Бірінші – АҚШ заңсыз аннекцияланған Қырымды Ресейдікі деп мойындайды;

Екінші – Украина НАТО-ға қосылудан бас тартады;

Үшінші – Запорож АЭС-іне нейтралды статус беріледі және оны АҚШ өз бақылауына алады.

Басылым мәліметінше: АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің жоғары лауазымды тұлғалары бейсенбі күні Парижде өткен кездесу кезінде дәл осы ұсынысты украиналық және еуропалық басшыларға ұсынған.

АҚШ жоспарында тағы былай жазылған:

Бірінші: Трамп әкімшілігі Ресей ұсынған Украинаның төрт облысына қатысты талапты қабылдамайды. Запорож, Херсон, Донецкі мен Луганскі облыстарын Ресей бақылауы тиіс деп есептемейді.

Екінші: Сөйте тұра,  Вашингтон аталған төрт облыстан Ресей әскерінің толық шығарылуын талап етпейді.

Үшінші: АҚШ Украина әскерін азайту керек деп есептемейді. Батыс Украинаға әскери көмекті тоқтатуы тиіс, Украина жеріне Батыс әскери контингенті орналастырылмауы керек дегенмен келіспейді.

«The Wall Street Journal» басылымы: «АҚШ ұсынған бұл жоспар – «көнсең де осы, көнбесең де осы» деген талап емес, Киевке жасалған ұсыныс қана. Киев осы аптада Лондонда өтетін кездесуде бұл ұсынысқа жауап беруі керек. Егер Украина келіссе, жоспар Мәскеуге жіберіледі. Ал Мәскеу оған көне ме, жоқ па, ол жағы белгісіз», - деп жазады.

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар