Ресей билігі мұнай бағасының құлдырауына дайындалу үстінде. Экономикалық даму министрлігі 2025-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуды бағдарлау барысында Urals сұрыпты мұнайының бағасын 2025 жылы барреліне 56 доллар болады деп болжам жасауда. Бұл пандемиядан кейінгі ең төменгі көрсеткіш саналады. Пандемияда Urals мұнайының бағасы 41,7 долларға дейін түскен болатын.
Бұл көрсеткіш Ресей билігінің 2025 жылғы бюджетке арнап есептеулерінен әлдеқайда аз. Ресей 2025 жылғы бюджетті есептеу барысында мұнай бағасын 69,7 доллар болады деп бағамдаған еді. Жоспар бойынша мұнай бағасы 60 доллардан жоғары болса түскен қаржының бір бөлігі «Ұлттық әл-ауқат қорына» жөнелтіледі. Ал егер 60 доллардан төмен болса, онда керісінше бюджеттің қажеттілігі үшін «Ұлттық әл-ауқат қорынан» қаржы алынады.
Ресейдің Экономикалық даму министрлігі жылдың алғашқы кварталында мұнай және газдан түсетін пайда өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға аз болғанын айтты. Ал наурыз айында бұл көрсеткіш 17%-ға жеткен.
Ресейлік сарапшылар рубльдің тым қарқынды күшеюінен де қауіптенуде. Себебі мұнай және газ саласының түсімі мен салықтары доллармен есептелген, ал рубльдің қуатты болуы сол табысты азайта түспек.
Ресейдің Экономикалық даму министрлігі инфляция көлемін 4,5%-дан 7,6%-ға көтеріледі деп болжам жасады. Ал экономикалық өсім көрсеткіші 2,5%-да болады деген пікірге тоқтады. Алайда инфляцияның шынайы көрсеткіші әлдеқайда жоғары.
Ресейдің Экономикалық даму министрлігінің болжамынша 2026 жылы Urals сұрыпты мұнай бағасы 61 доллар, 2027 жылы 63 доллар, ал 2028 жылы 65 доллар болуы мүмкін.
Mezgil.kz