Еліміздің үшінші мегаполисі саналатын Шымкентте болған шетін оқиға қазақ қоғамында қызу талқы болуда.
(Сурет: exclusive.kz)
Кеше Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовті әкімдік ғимаратының қақ алдында атып кетті деген ақпарат шықты. Бұл ақпаратты құзырлы органдар растады.
БЕРДЕНОВТІ КІМ АТТЫ, НЕГЕ АТТЫ?
БАҚ-та тараған деректерге назар бұрсақ: Оқиға 21 сәуір күні кешкі сағат 20:30 шамасында Шымкент әкімдігінің ғимараты маңында болған. Күдікті адам орынбасар әкім Руслан Берденовке үш мәрте оқ атқан. Берденовтің оң жақ жамбасы мен иығына оқ тиіп, жедел түрде ауруханаға жеткізілген. Оған ота жасалған. Дәрігерлер: «өміріне қауіп жоқ», – дейді. Қазір Берденов есін жиналағы белгілі болды.
Оқ атқан адам оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Шымкент қаласының полициясы қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Қылмыстың мотивіне келсек, әлеуметтік желілер мен БАҚ-та түрлі болжалды нұсқалар айтылған.
Солардың бір нұсқасы бойынша: Берденов ұсталған адамның «әйеліне қырындаған» делінеді. Бірақ Шымкент әкімдігі бұл нұсқаны жоққа шығарды.
«Медиа және әлеуметтік желілерде қалалық әкімнің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандықтың себебі оның шабуылдаушының әйеліне қырындағаны деген ақпарат. Біз бұл мәліметтің жалған екенін хабарлаймыз», – деп мәлімдеді Шымкент әкімдігі.
Тағы бір нұсқада: Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов тарапынан қысым көрсетілді деген сөз айтылады. Шымкент әкімдігі бұл нұсқаны да теріске шығарды.
«Мен қысым көрсету туралы нұсқаны жай ғана айтып қана қоймай, өзінше сот құрып, күдіктіні ақтап алғысы келетін адамдарды түсінбеймін. БАҚ өкілдері, блогерлер, құқық қорғаушылар – Қазақстан Республикасының заңдарын есте ұстауды сұраймын. Күдіктінің, оның жұбайының жеке мәліметтерін, әлеуметтік желідегі парақшаларын, суреттерін жариялау, сондай-ақ расталмаған ақпаратты факт ретінде ұсыну – бұлардың бәріне медиа заңгерлер өз бағасын береді деп сенемін», – дейді Шымкент қаласы, Ішкі саясат басқармасының басшысы Айгерім Жұмакұлова.
Шымкент әкімдігі: «Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – дейді.
Ал Руслан Берденов мүшелік ететін «Respublica» партиясы: «Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылға байланысты «Respublica» партиясының ресми ұстанымы: «Respublica» партиясы орын алған оқиғаға байланысты өкініш білдіреді және партияласымыз Руслан Арысбекұлы Берденовке тез арада сауығып кетуін тілейді.
Оқиғаның мән-жайына қатысты біз де барша жұртшылық сияқты құзырлы органдардың ресми түсініктемесін күтеміз. Тергеу барысына араласу ретінде қабылдануы мүмкін кез келген алдын ала пікір білдіруден біз аулақпыз. Біз тергеу мен сот процестері әділ де объективті өтетініне сенімдіміз. «Respublica» партиясы кез келген даулы жағдай заң аясында шешілуі тиіс деп есептейді», - деп мәлімдеді.
Түйін: «Respublica» партиясы – Қазақстанның саясат сахнасында тура екі жыл бұрын кенет пайда болды. Және жылдам арада Қазақстанның негізгі заң шығарушы органы – Мәжіліске өтті. Руслан Берденов партия атынан Мәжіліске депутат болып таңдалғандардың бірі. Ол биыл депутаттық мандатын тапсырып, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған еді.
Берденовті әкімдік ғимаратының дәл маңында атып кетуіне қатысты қоғамда долбар-юолжамдар аз емес. Мәселенің анық-қанығын құқық қорғау орындары анықтап, заңдық тұрғыдан баға беретінін анық.
Mezgil.kz