Ресей билігі Украинадағы соғысты аяқтауға қатысты пікір білдірді. CBS News арнасына сұхбат берген Ресейдің СІМ басшысы Сергей Лавров Қырым мәселесін және Запорож АЭС-ін талқы етіп, ұрыс қимылдарын дереу тоқтату ұсынысы туралы ойын айтты.
Бұған дейін Батыстық БАҚ Трамп әкімшілігінің Украина-Ресей соғысын аяқтау бойынша арнайы өкілінің бірі саналатын Стив Уиткоффтың жоспарын жариялаған болатын. Reuters басылымы Уиткоффтың Украина мен Ресей арасындағы соғысты аяқтауға қатысты ұсынысы 17-сәуірде Парижде өткен Еуропа, АҚШ және Украина кездесуінде таныстырылғанын айтты. Жоспар келесідей еді:
- Ұрыс қимылдары түбегейлі тоқтайды;
- Қос тарап келісімге келу үшін нақты талқылауды бастайды;
- АҚШ Қырымды де-юре Ресей аумағы деп мойындайды;
- АҚШ де-факто Луганск облысын, Донецк пен Запорож облыстарын және Херсон аймағын Ресей бақылауындағы аймақ деп таниды;
- Украинаға Ресей оккупациялап алған Харьковтың аймақтары толық қайтарылады;
- Украинаға Запорож АЭС-і қайтарылады. АЭС-ті АҚШ бақылауына алып, энергияны Ресей мен Украинаға жеткізіп отырады;
- Украинаға Каховка ГЭС-і қайтарылады;
- Украина Днепр өзенінен еркін жүзу құқығын алады (қазір ол аймақ майдан шебі саналады);
- Украинаға Кинбурн мойнағын бақылауға алады;
- Украина НАТО-ға кіруге ұмтылмайды;
- Украина ЕО-ға кіре алады;
- Украинаға сенімді қауіпсіздік кепілдігі беріледі. Оған Еуропа елдері мен өзге де мемлекеттер қатысады;
- АҚШ пен Украина экономикалық байланысты арттырады. Оның ішінде минералдарды игеру туралы келісім де бар;
- Украинаға толық қаржылай өтемақы беріледі;
- Ресейге 2014 жылдан бері салынған санкциялар күшін жояды;
- АҚШ пен Ресей экономикалық байланысын арттырады.
Сергей Лавров сұхбат барысында аталған жоспарға қатысты өз пікірін білдірді. Лавров Қырым мәселесі талқыланбайтынын айтты. «Бұл шешілген тақырып. Талқыланбайды. Ресей өзінің аумақтық тұтастығы туралы ешкіммен келіссөз жүргізбейді», - дейді Лавров. Ол бұл пікірінің Запорож, Донбасс және Херсон аймақтарына да қатысты екенін мәлімдеді.
Украина президенті Владимир Зеленский Киевтің Ресей оккупациялап алған аймақты ешқашан заңды түрде Ресей аумағы деп мойындамайтынын айтқан болатын. Украина мен Еуропа АҚШ-қа жаңа жоспар ұсынып, ол бойынша ең алдымен ұрысты тоқтату керектігін, кейін территория мәселесін талқылайтынын айтумен келеді.
Ресей билігі Запорож АЭС-ін Украинаға беруден бас тартты. Бұл жайлы Сергей Лавров CBS News сұхбатында айтты. Ол «Мәскеу Запорож АЭС-іне қатысты ұсыныс алған жоқ» деді. «Біз ондай ұсынысты алған жоқпыз. Егер ондай ұсыныс түсетін болса, онда Запорож АЭС-інің «Росатом» корпорациясы тарапында тиімді болатынын, ал АЭС-те МАГАТЭ өкілдері ұдайы бақылау жүргізіп жатқанын түсіндіреміз», - дейді Лавров.
Ол АЭС-ті Украинаға қайтарып, АҚШ бақылауына беруге қатысты қарсылық танытты. «Бұл мәселеде өзгеріс болмайды деп ойлаймын» деді Ресей СІМ басшысы. Ресейдің СІМ-і Запорож АЭС-іне қатысты бірнеше мәрте ресми мәлімдеме жасаған болатын. «Запорож АЭС-ін ресейлік атом саласына қайтарылуы іске асқан факт. Халықаралық қауымдастық бұл фактіні мойындауы тиіс», - деген еді Ресей СІМ-і.
Ресей Запорож АЭС-ін 2022 жылдың наурызында басып алды. АЭС Еуропадағы ең үлкен атом нысаны саналады. Соғысқа дейін аталған АЭС Украинадағы электр энергиясының 20 пайызын өндірді. 2022 жылдың 11-қыркүйегінде АЭС-тің реакторлары жұмысын тоқтатты.
МАГАТЭ АЭС маңында демилитаризацияланған аймақ құруды ұсынған еді. Алайда Ресей ол ұсыныстан бас тартты. Халықаралық заңдылық бойынша соғыста қандай да бір АЭС-ті басып алуға, АЭС маңында ұрыс қимылдарын жүргізуге болмайды. Дей-тұра Мәскеу бұл заңдылықты өрескел бұзуда.
26-сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп Римде Украина президентімен кіші кездесу өткізді. Трамп кездесу нәтижесін «жақсы» деп бағаласа, Зеленский «тарихи» деп баға берді.
Mezgil.kz