АҚШ пен Украина арасындағы сирек металдарды игеру бойынша дулы-шулы келісім де нүктеленді. Украина үшін тағдыршешті бұл келісімнің нүктесі әуелде Вашингтонда, сосын Лондон мен Парижде қойылады деп күтіп жүргенде, басты келісім алаңы Рим болды.
(Коллаж: Mezgil.kz)
Рим Папасының жерлеу рәсімінде бетпе-бет жүздескен АҚШ және Украина президенттерінің екеуара әңгімесі көпке созылмаса да, мазмұнды болғанын АҚШ-Украина арасындағы келісімнен аңғарсақ болады. Римде өткен 15 минуттық кездесуді Ақ үй «мазмұнды әңгімелесу» деп сипаттаса, Киев «тарихи әңгімелесу» деп атады.
АҚШ ПЕН УКРАИНАНЫҢ АЙТЫС-ТАРТЫСҚА ТОЛЫ КЕЛІССӨЗДЕРІ
Сөйтіп, АҚШ пен Украина арасында көп талқыланған сирек кездесетін металдарды игеру бойынша келісімге сәрсенбі кеште қол қойылды. Бұл өте ұзақ талқыланған келісім болды.
Осыған дейін АҚШ екі мәрте келісім мәтінін даярлап, Украина тарабына ұсынған. АҚШ пен Украина арасындағы алғашқы келісім мәтіні Трамп пен Зеленскийдің Ақ үйдің доғал бөлмесіндегі сәтсіз келіссөзінен кейін тоқтап қалған. Ал АҚШ әзірлеген екінші мәтінде АҚШ Украинаға қатысты өз талаптарын күшейтті. Бұл шарттар – қазақшалап айтқанда «көтензорлық келісімі» болды. Вашингтон тарапынан түрлі саяси-әскери-экономикалық қысымдар нөсердей сіркіреп, дауылдай күркіресе де, Киев бұл шарттарға да көнбестік көрсетті.
Кейін Зеленский Трамп әкімшілігімен келіссөз жүргізетін командасын жасақтады және АҚШ-тың өзінен кәсіби заңгерлерді жалдап, келіссөз жүргізді. Сонымен келісімнің үшінші мәтіні қабылданды.
ҚАБЫЛДАНҒАН КЕЛІСІМ. ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ?
Сонымен, біздің редакция осыған дейін ұсынылған шарттар мен жаңа қабылданған келісімнің мәтініндегі айырмашылықтарға шолу жасады. Қараңыз:
Бірінші: Трамп әкімшілігі бұған дейін: «Украина 500 млрд доллар қайтаруы тиіс», - деген талап қойды. Кейін ол көрсеткіш 350 млрд, ақырында 100 млрд долларға түсті. Ал жаңа мәтінде ол жайлы әңгіме жоқ. Бұрын Украина аталған қаржыны қайтарғанша Украинаның кеніштері АҚШ иелегінде болатыны айтылса, енді Украина кеніштері, ресурстары өз иелігінде болатыны жазылды.
Екінші: Украина мен АҚШ-тың инвестициялық қордағы құқығы теңестірілді. Бұрын инвестициялық қорға Украина кеніштерден түскен 67% табысын, ал АҚШ 33% табысын құятыны айтылған. Енді ол көрсеткіш 50 де 50 болды. Сонымен бірге, бұрын Инвестициялық Қорды басқаруда АҚШ-тан 3 адам, Украинадан 2 адам болатыны айтылған. Бұл өте қиын еді. Себебі шешуші бір сәтте АҚШ бір адам даусымен басымдыққа ие болатын. Ендігі таңда басымдық екі жақта да болмайды. Басқаруда 2/2 немесе 3/3 адамнан болады.
Үшінші: Бұрын Украинаның «Энергоатом», «Укрнафта», теміржол желілері мен АЭС-терін АҚШ иелігіне жекешелендіру (приватизация) ұсынылды. Алайда енді бұл тармақ алынып тасталды.
Төртінші: Бұрынғы мәтін бойынша Украина 2022 жылдан бері АҚШ тарапынан өзіне берілген әскери және қаржылай көмекті қайтаруы тиіс еді. Алайда жаңа мәтінде ол жайлы жоқ. Қарыз мәселесі көтерілмейді.
Бесінші: Бұрынғы мәтінде (екінші мәтін) Украинаның ЕО-ға қосылуына кедергі келтіретін тұстары болды. Жаңа мәтінде ЕО-ға кіруге кедергі болатын тұстары жоқ.
Алтыншы: Бұрын Украина инвестициялық қорға өз жеріндегі барлық кеніштен түскен пайданың белгілі бір пайызын құюы тиіс болса, ендігі таңда Украина инвестициялық қорға ЖАҢАДАН құрылатын кеніштердің пайдасының пайызын ғана құяды.
Жетінші: Инвестициялық қорға құйылатын үлес АҚШ тарапынан тек қана қаржылай емес, әскери де болуы мүмкін. Сондай-ақ, АҚШ Украинаны қалпына келтіруге Еуропа, АҚШ және өзге де елдердің компанияларын тартады.
АҚШ-УКРАИНА КЕЛІСІМІ: УКРАИНА ҰТТЫ МА, ҰТЫЛДЫ МА?
Бұл келісімге Трамп президенттігінің жүз күндігінің дәл қарсаңында қол қойылуын сарапшылар әртүрлі әңгімелейді. «Бұрынғы екі мәтінмен салыстырғанда бұл мәтін жақсы. Бұл Украинаның келіссөздер барысындағы жетістігі», - деп жатқандар да бар. Бұған себеп те жоқ емес: Байқағанымыздай, Киев үшін қолайсыз тұстар келісім мәтінінен алынған. Келісімде Украинаның АҚШ-қа бұрын берген көмегі үшін қарызы туралы сөз айтылмаған. Осы мәміле бойынша құрылған тәуелсіз әл-ауқат қорына қолданыстағы инфрақұрылым нысандары кірмейді. Қорды паритеттік негізде мәміленің екі тарабы басқарады. Американдық қару-жарақтың болашақ жеткізілімдері Вашингтонның осы қорға қосқан үлесі ретінде есептелетіндігі туралы ереженің өзі Американың Украинаға қару-жарақ жеткізетінін мойындау. Трамп билдікке келгелі Украинаға бірде-бір оқ бермегенін ескерсек, Киев үшін АҚШ-тан қару-жарақ жеткізілімі болатындығы керемек жаңалықтардың бірі саналады.
Ал өз кезегінде АҚШ президенті Трамп: «Бұл келісімнің аясында Украинаға берген 350 млрд доллар қаржымызды қайтарып аламыз. Біз келісім жасадық. Біз енді кеніш қазып, қаржы табамыз. Бұл Украина үшін де жақсы. Өйткені АҚШ бар ауданға қаскөйлер жолай алмайды», - деді.
«МӘСКЕУ – АГРЕССОР, УКРАИНА – ЖӘБІРЛЕНУШІ»: ТРАМП РИТОРИКАСЫ ӨЗГЕРЕ МЕ?
АҚШ пен Украина арасындағы келісімнің қол қойылу уақыты Трамп президенттігінің 100 күндігімен дәлме-дәл келгеніне назар бұрған абзал. АҚШ тарабы Украина келісімі арқылы президент Трамптан ең жақсы мәмілегер образын сипаттауды көздейді.
Және бір назар аударарлық мәселе – соңғы уақыттары Америка президентінің риторикасы өзгере бастағаны да факт. Вашингтон тарабынан Мәскеуге кіжіну мен айыптаулар көбейе бастаған. Трамптың: «Татуласып, бірге бизнес жасайық», - деген риторикасы: «Біз сөзсіз, бітімге келуді жақтаймыз. Шарттарымызды айттық. Бірақ, Мәскеу агрессиядан бас тартпай отыр», - дегенге ауып барады. Десе де, Трамптың құбылмалығы бейбітшілікке мүдделі барлық тарапты алаңдатпай қоймайды.
Ал Мәскеудің: «Украинамен тікелей келіссөздерге дайынбыз», - деген лег-лег мәлімдемелері президент Трампты өз жағына тарту амалы екені жасырын емес. Сондықтан Киев Вашингтонмен табиғи ресурстар бойынша келісім жасауы жай ғана жақсы жаңалық емес, Украинаға қолайлы бағыттағы бейбіт келіссөздердің барысына әсер ететін фактор!
Abai.kz