4,5 миллион дрон: Мәскеудің мазасын алған Украинаның отты қарулары

Ресейдің басқыншылық соғысы басталғалы-бері Украина өзіндегі әскери-өндіріс саласын мықтап қолға ала бастағаны белгілі. Ескіні жаңғыртып, жаңаны өмірге әкелу арқылы Украина Қара теңіз акваториясында технологиялық артықшылыққа қол жеткізе алды. Яғни, Украина Батысқа тек қол жаюды ғана біледі деген ресейшіл теріс көзқарасты жоққа шығара алды.

1746435997938750.jpg

Бұл орайда Батыс одақтастарының, соның ішінде Ұлыбританияның технологиялық көмегі арқылы ішінара қолдау тапқан дрондарды әзірлеу Украинаның қазіргі заманғы соғыс талаптарына тез бейімделуін көрсете білді.

Төртінші жылға бет алған ұрыс қимылдарына қарамастан, Украина броньды техниканы, артиллериялық қару-жарақ пен оқ-дәрілерді, сондай-ақ жауынгерлік ұшқышсыз ұшақтарды жөндеуді ғана емес, сондай-ақ өндіруді де жолға қойып жатыр.

Соңғы кездері БАҚ-та Батыстың Киевке әскери көмегі құрғап бара жатқандығы туралы материалдар жиі шығуда. Бұл хабарламаларға жауап ретінде украиналық БАҚ-тар бүгінде Украинаның өзі қандай қару-жарақ шығаратыны туралы материалдар жариялауда.

Сонымен, Украина қандай қару-жарақ жасап шығаруда? Біз бірсыпырасын шолып шыққанды жөн санадық. Бұл реттегі топтамаға тек украиналық өндірістің қару-жарағы мен оқ-дәрілері ғана емес, сондай-ақ украиналық өнеркәсіп шығарған батыстық қару-жарақ та кіріп отыр.

УКРАИНА ҚАНДАЙ ҚАРУЛАР ЖАСАП ШЫҒАРУДА?

КСРО кезінде барша конструкторлық бюро Украинада топтасқан болатын. Украина ендігі жерде соның қызығын көре бастады.

«AA-11» зымыраны: Бұл НАТО-ға «Р-73 Archer» белгісі бойынша белгілі. 1984 жылы шыққан, шағын қашықтықты көздейтін «әуе-әуе» классты кеңестік зымыран қазір замана талабына сай бейімделген. «Вымпел» конструкторлық бюросы әзірлеген жаңа «дрон-зымыран» ұшақ қозғалтқыштарының жылу ізі бойынша, жоғары маневрлік және инфрақызыл жүйесін бірден сезініп, дереу көзін жоя білуімен дәл қазір танымал бола бастады.

Зымыранның салмағы шамамен – 230 фунт. Ұшу қашықтығы – 28 шақырымға дейін және нысананы бұрыштан 60 градусқа дейін соғуға қабілетті. Оның 16 фунт жарылғыш заттардан тұратын жауынгерлік оқ тұмсығы ұшақтарды бір ғана соққымен жоюға арналған.

«Magura V5» һәм «Р-73» зымыраны: Украиналық инженерлер әдетте МиГ-29 немесе Су-27 үлгісіндегі истребительдерден ұшырылатын «Р-73» зымыранын «Magura V5-ке»  икемдеп түрлендірді. Нәтижесінде бір данасының  құны 250 мың долларға бағаланатын «Magura V5» өзінің құнынан 200 есе асатын нысанды жоя алатын күшке ие болды. Бұл өзкезегінде, экономикасы шағын елдің соғыс қаруының тиімділігін көрсетеді.

Бүгінде Украина зымырандарды да, снарядтарды да, броньды техниканы да, зениттік қондырғыларды да, радарларды да, жауынгерлік дрондарды да өзі шығарып отыр. Іс тек өндіріспен шектелмейді. Мысалы, 2022 жылы елдің тыл аудандарында 3 мыңнан астам броньды техника жөнделген. Сонымен қатар, өткен жылы жаңа БТР өндірісі бес есеге ұлғайды, сондай-ақ танктердің жүріс бөлігі де өндіріле бастады.

«Богдан» 2С22: Украина 2023 жылдың басында 155 мм-лік «Богдан» 2С22 өздігінен жүретін гаубицаларын толық шығара бастады. Зауыт өндірісі қазір қарқын ала бастады. Кей деректерде, ай сайын 6 данадан қолданысқа беріліп отырғаны айтылады.

«Ольха» реактивті дүркін ату жүйесін (РСЗО): Бұл РДАЖ-дың атыс қашықтығы 130 шақырымға жетеді. Әскери сарапшылар жазғандай, олардың оқ-дәрілерінің пайдалы жүктемесі американдық әйгілі снарядтардағыдан да жоғары.

«Корсар» және «Стугна-П» РК-3:  Сонымен қатар, Украина әскери зауыттары қазір танкіге қарсы зымырандар мен «Корсар» және «Стугна-П» РК-3 шығаруды ұлғайтқан.

«Баба Яга» соққылаушы дроны: Мұндай дрондардың көпшілігі қолдан жасалған, сондықтан оларда жалпы стандарт жоқ. Бұл пилотсыз ұшақтардың алты қозғалтқышы мен бұрамасы болады, ал бұрамалардың біреуі жоғалған жағдайда жөндеу үшін базаға қайтып орала алады. Бұл дрондар әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарынан, радиоэлектрондық күрес кешендерінен қорғалған, бірақ оларды атыс қаруымен атып түсіруге болады.

«Нептун» қанатты зымыраны: Украина әскери инжинерлерінің жемісті қаруы. Украина дәл осы зымыранмен Қаратеңіздегі Ресейдің «Мәскеу» крейсерін суға батырған. Жаңғыртылған нұсқада дөп тиіп, зақымдау қашықтығы 140 шақырымға дейін жетеді.

Соққылаушы дрондар: Украина Қорғаныс министрі Рустем Умеровтің сөзінше, Украина 2025 жылы 4,5 миллион дана дрон мен 3000 зымыран жасап шығарады. Бұның барлығы Украинаның өз өндірісі. Қазір майдан даласында қолданылып жатқан дрондардың 96 пайызы Украинада жасап шығарылған.

Украина әлемде алғашқылардың бірі болып дрондар армиясын жасаған. Украина 2025 жылы 4,5 миллион дана соққылаушы дрон жасауды көздеп отыр. Оның 700 мыңы теңіз дроны болса, 35 мыңы алыс қашықтыққа ұшатын дрондар болмақ.

Осындай соққылауды дрондардың көмегімен, Украина Ресейдің Қара теңіз флотының 30 пайыз күшін жойған. Биылғы жылдың басынан бері Ресейдің ішкі аудандарына 300-ге жуық нысанға дрон соққылары жасалған.

Украинаның зымырандық бағдарламасы: Жоғарыда «Р-360 «Нептун» қанатты зымыраны туралы айттық. Одан бөлек, дрон-зымырандар өндірісі де жолға қойылып келеді. Атап айтқанда, Украина «Паляниця», «Рута» және «Пекло» дейтін дрон-зымырандар жасап шығарады. Бұл дрон-зымырандар да майдан даласында өз тиімділігін көрсеткен. Және украиндық әскери роботтар да майдан даласында өз айбынын танытып жүрген жайы бар.

Биыл сәуір айында Украина президенті Зеленский: «Украина Ресей басқыншылығына қарсы қорғаныста 40 пайызға жуық өз өндірісінің қаруын қолдануда. Біздің әскери өндіріс саламыз қазірдің өзінде 1 мың түрлі қару-жарақ пен дрондар жасап шығаруда», - деген еді.

Түйін: Украинаның барша әскери технологиялық жетістігін жіпке тізіп жазып шығу мүмкін емес, біз тек солардың ішінде тек кейбірлеріне ғана қысқаша тоқтала кеттік.

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар