Армения екі оттың ортасында қалған елге айналды. Қапқазға орнығып қалу үшін АҚШ Ереванға шындап көз тікті. Ал, Кремльдің бұнымен еш келіскісі келмейді.
(Коллаж: Mezgil.kz)
Лавров Арменияға сапарламақ
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров жақын арада Арменияға барады. Бұл туралы Армения Республикасының Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Армян СІМ-інің айтуынша, сапардың нақты күні кейінірек жарияланады.
Басты түйтіл – АЭС
Армения өзінің моральдық тұрғыдан ескірген Мецамордағы ядролық нысанын ауыстыруға мүдделі екені белгілі. Оны қайта құрудан кейін пайдалану мерзімі 2036 жылға дейін ұзартылды. Сондай-ақ, «Westinghouse Nuclear» компаниясы «Gen III + AP1000» реакторын әзірлегені де белгілі. Ол «ықшам өлшемдері» мен модульдік құрылымымен ерекшеленеді. Аталған компанияның айтуынша, «қауіпсіздік мәселелеріне оңайлатылған, инновациялық және тиімді көзқарастың арқасында «PWR» (қысымдағы су-су реакторлары) үшін жаңа салалық стандарт орнатқан».
АҚШ Арменияда ядролық нысанның құрылысын бастай ма?
Армения мен АҚШ 2024 жылдың ортасынан бастап азаматтық ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жолдарын зерттеуде. Қаңтарда Байден әкімшілігінің соңғы күндері қол қойылған стратегиялық серіктестік туралы келісім аясында тараптар ядролық технологияларды АҚШ-тан Арменияға беруге мүмкіндік беретін «123 келісімі» бойынша келіссөздерді бастауға келісті. Енді оны Трамп әкімшілігі жалғастырмақ.
Жақында Еревандағы АҚШ елшілігі әлеуметтік желілерде бірнеше құпия мақалалар жариялады. Бұл посттардан Вашингтон Арменияда ядролық реактор салуға дайындалып жатыр деген қорытынды шығаруға болады.
«Росатом» кәріне мінді
Өз кезегінде «Росатом» бұл стратегиялық ықпалды жоғалтқысы келмейді және Арменияда жаңа АЭС салу бойынша өз қызметтерін ұсынуда. Кремль «Росатомды» геосаяси қысым құралы ретінде қарастырады: осы корпорацияның қатысуымен АЭС құрылысы қай жерде басталса да, онда Мәскеуге белгілі бір тәуелділік пайда болады. Себебі - Ресей құрылысқа бөлетін миллиардтаған несиелерді, сондай-ақ «Росатом» ядролық отын жеткізуге және станцияға техникалық қызмет көрсетуге бақылауды сақтап қалуға барын салатыны белгілі.
Осылайша, «бейбіт армян атомы» үшін күрес геосаяси қарсыласуға да айналып барады. Армения үкіметі Ресейге энергетикалық тәуелділікті азайту үшін қызу күш салуда және америкалық компанияларды жаңа АЭС құрылысының жобасына тартуға ұмтылуда. Алайда, Мәскеу бұл нарықты қарсылықсыз беретінін көз алдымызға елестету аңғалдық болар еді.
Мәскеудің басты көзірі
Кремль өзі тасада тұрып, «сырттан көп ақша жұмсап», Арменияға қарсы гибридтік соғыс жүргізуге қызу кірісп кетті. Оған армян текті ресейлік сарапшылар қатысып, дүркін-дүркін жанданып отыр. Әлгі бәлекеттер «билікті ауыстыру» үшін митингілерге шақырып, түрлі елбұзар әрекеттер жасап, елді іштен бүлдіруге тырысуда.
Ел скипері Симонян бұл әрекеттер 2026 жылғы сайлауға қарай жандана түсетініне және ел өмірне кері әсерін тигізетініне кәміл сенімді. Тап осы гибридтік соғыстың себептеріне қайта орала отырып, спикер Симонян Арменияның дербестігі барлығына ұнамайтынын мәлімдеді.
«Олардың пікірінше, Армения әрқашан қандай да бір орталыққа тәуелді болуы керек. Оның үнемі арқа сүйейтін мықты ағасы болуы керек. Өйтпесе, оны үлкен ағасыз немесе үлкен қағанатсыз (державасыз) өзгелер түтіп жейді деп ой қалыптасып, осы пікірдің негізінде күшті қолдаушысыз ел бола алмайды деген ұғым қалыптасып отыр», - деп түсіндірді Симонян.
Кремль өз адамын билікке әкелуге тырысады
Айастанның (Арменияның) екінші президенті болған Роберт Кочарянға «ресейлік шпион» деп айдар тағылуында көп нәрсе жатыр. Кремль Кочарянға тағын қайырып беріп, Айастанды өз құшағына қайта алғысы келеді.
Әлемдік БАҚ бұрын хабарлағандай, Ресей президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Сергей Кириенко Кремльдің Армения бойынша жаңа кураторы болып тағайындалған. Кириенконың армян бағытына енуі – Ресей және армян БАҚ-тарында, соның ішінде оппозициялық «Грапарак» басылымының беттерінде кеңінен жариялануда.
Сонымен АҚШ Қапқазға бас сұқпас үшін Ресей қолдан келгеннің бәрін жасайтын болады. Біраз нәрсенің ұшығы Лавровтың Айастанға сапарынан кейін анықталатын болады. Осылайша, шағын ел екі оттың ортасында қалып отыр.
Mezgil.kz