Бүгін Киевке Еуропа елдерінің басшылары барды. Украинаны қолдауға арналған «ниеттестер коалициясына» қосылған Ұлыбритания, Франция, Германия және Польша басшылары Киевте президент Зеленскиймен жолықты.
(Коллаж: Mezgil.kz)
Киевке сапарлап барғандар: Германияның су жаңа канцлері Фрадрих Мерц, Франция президенті Эммануель Макрон, Ұлыбритания премьері Кир Стармер және Польша премьері Дональд Туск. Талқыланған басты тақырып – Украина мен Ресей арасында ұрыс қимылдарын толықтай 30 күнге тоқтату туралы ұсыныс.
Украинаны қолдауға арналған «ниеттестер коалициясының» басқосуынан соң, президент Зеленский бастап, өзгелері қостап, ақылдасып-мақұлдасылған ұсынысты АҚШ президенті Дональд Трампқа телефон арқылы жеткізген.
УКРАИНА: 30 КҮНГЕ ҰРЫСТЫ ТОҚТАТАЙЫҚ!
Украина СІМ басшысы Андрей Сибига: «Украина мен оның барлық одақтастары дереу арада ешқандай шартсыз, ешқандай талқысыз жерде, әуеде және теңізде ең кемі 30 күнге ұрыс қимылдарын тоқтатуға дайын. Бұл бітім дүйсенбі күннен, яғни, 12 мамырдан бастап күшіне енеді. Егер Ресей осыған келіссе және бітімнің бұзылуын қадағалайтын мониторинг қырағы болса,онда бұл тыныштық бейбіт келісімге бастау болатыны анық», - деді.
Украина президенті Зеленский: «Ең бастысы біз барлығымыз 12 мамырдан бастап ұрыс қимылдарын 30 күнге толық тоқтатуға келістік. Және біз енді осыны Ресейден талап етіп отырмыз. Біздің бұл ұсынысымызды АҚШ қолдайтынын білемін. Ешқандай шартсыз деген сөз – ешқандай талапсыз деген сөз!
Жалпы ұрыс қимылдарын тоқтату деген сөз – әуеде де, жерде де, теңізде де, майданның барлық шебінде ұрыс қимылдарын тоқтату деген сөз. Егер Ресей бұл ұсынысқа көнбесе, онда оның энергетикалық секторына және банк жүйесіне өте қатал санкциялар енгізу керек», - деді.
ЕУРОПА БАСШЫЛАРЫ: РЕСЕЙ КӨНБСЕСЕ, САНКЦИЯНЫҢ КӨКЕСІН САЛАМЫЗ!
Франция президенті Макрон: «Егер Ресей біздің ұсынысымызға көнбесе, онда оған ұзақ уақыттық жойқын санкциялар саламыз. Бұл дұрыс ұсыныс және алдағы уақытта ұрыс қимылдарын тоқтатуды әрі қарай да созуға мүмкіндіктер қаралуы тиіс. Біздің «ниеттестер коалициясына» қосылуға кім құлықты болса, қабылдаймыз. Майдан шебіндегі мониторинг жасаушы күштерді тең бөлуіміз керек. әуелі ұрысты 30 күнге тоқтиатсақ, және осы уақыт аралығында бірде-бір оқ атылмауын жақсылап қадағаласақ, әрі қарай да бұл тыныштықты созуға болады. Ал егер Ресей ұсынысқа көнбесе, оған қосымша қатал санкциялар саламыз. Санкциялардың жаңа пакеті әзір тұр. Ал Украинаға қару-жарақ жеткізуді ұлғайтамыз», - деді.
Германия канцлері Мерц: «Мен Путинмен жолығуға қарсы емеспін. Бірақ, ең әуелі Украинадағы ұрысты тоқтатуға күш салуымыз керек. Украинада ұрыс тоқтамай, ешқандай кездесу де өтпейтіні анық», - деді.
РЕСЕЙ: БҰЛ БІЗГЕ ТИІМСІЗ, УКРАИНАҒА ТИІМДІ БІТІМ!
Ресей атынан президент Путиннің баспасөз хатшысы Песков пікір білдіріп: «Ресей президенті Владимир Путин атысты тоқтату келісімін ұзарту туралы келісімге келмес бұрын ұрыс алаңындағы «белгілі бір динамикаға» көз жеткізуі керек. Ұрыс қимылдары тоқтатылмас бұрын, Украинаның одақтастарынан қару-жарақ жеткізілімі тоқтатылуы керек. Бұл Путиннің шарты. Өйтпегенде, бұл Украинаға тиімді. Украина майдан шебіне жаңа әскерлер жіберіп, толық жұмылдыруды жалғастырады. Украина бұл кезеңді жаңа әскери қызметшілерді дайындауға және бұрынғыларын демалту үшін пайдаланбақ», - деді.
АҚШ: БҰЛ БЕЙБІТШІЛІКТІҢ БАСТАМАСЫ БОЛАТЫН ҰСЫНЫС!
АҚШ атынан президент Трамптың арнайы өкілі Кит Келлог сөз алып, Украина мен Еуропа басшыларының ұсынысына пікір білдірді: «Жалпы (әуеде, құрлықта, теңізде және инфрақұрылымдарда) 30 күндік атысты тоқтату Еуропадағы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен және ең ұзақ соғысты аяқтау процесін бастайды. Президент Трамп бірнеше мәрте: «Ұрысты тоқтатыңдар, адамдарды қыруды тоқтатыңдар», - деп мәлімдеді.
Mezgil.kz