Осыған дейін Киевте бас қосқан Еуропа елдері басшылары мен Украина 30 күндік бітім жоспарын әзірлеп, Ресеймен тікелей келіссөздерді бастауды ұсынған. Бұл ұсынысты АҚШ президенті Трамп та қолдап, Ресей мен Украина тікелей келіссөздерді бастауы керектігін айтқан.
(Сурет: report.az)
Ресейдің жауабы көп күттірмеді. Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығын алаулатып-жалаулатып тойлаған Кремль қожайыны Путин едел-жедел жиын жасап, Украина ұсынысына жауап ұсыныс жасады.
Әуелі Украина ұсынысы қандай еді?
Украина ұсынысы – 12 мамырдан бастап майданның барлық шебінде, әуеде, жерде, теңізде ұрыс қимылдарын 30 күнге толық тоқтатып, тікелей Украина-Ресей келіссөздерін бастау болатын.
«Ең бастысы біз барлығымыз 12 мамырдан бастап ұрыс қимылдарын 30 күнге толық тоқтатуға келістік. Және біз енді осыны Ресейден талап етіп отырмыз. Біздің бұл ұсынысымызды АҚШ қолдайтынын білемін. Ешқандай шартсыз деген сөз – ешқандай талапсыз деген сөз! Жалпы ұрыс қимылдарын тоқтату деген сөз – әуеде де, жерде де, теңізде де, майданның барлық шебінде ұрыс қимылдарын тоқтату деген сөз. Егер Ресей бұл ұсынысқа көнбесе, онда оның энергетикалық секторына және банк жүйесіне өте қатал санкциялар енгізу керек», - деді президент Зеленский.
Бұған Ресейдің жауабы қандай болды?
Ресейдің ұсынысы – әуелі Ресей-Украина арасында тікелей келіссөздердді бастап, сосын барып ұрыс қимылдарын тоқтатуды келісу. Келіссөздерді 15 мамырдан бастау. Ал келіссөһз алаңы ретінде Түркияны таңдау.
Президент Зеленский де жауабын көп бөгемеді. «Ресейдің енді ғана болса да, әйтеуір соғысты тоқтату туралы ойлана бастағаны жақсы белгі. Бейкүнә адамдарды, жауынгерлерді қыра берудің мәні жоқ! Біз Ресей тарабынан ұрыс қимылдарын тоқтатуды күтеміз. Толықтай, ұзақ уақытқа ұрысты тоқтатуымыз керек. 12 мамырдан бастап Украина бетпе-бет жүздесуге, тікелей келіссөздерге ашық», - деді Украина президенті.
Осы тұста сөзге АҚШ араласты. АҚШ президенті Дональд Трамп арнайы жазба жариялап, тараптарды дереу арада кездесіп, келіссөз жүргізуге шақырды.
АҚШ не дейді?
Президент Трамп: «Президент Путин Украинамен атысты тоқтатуға келіскісі келмейді. Ол бейсенбіде Түркияда жолығып, қантөгісті тоқтатудың мүмкіндіктерін талқылағысы келеді. Украина бұған дереу келісуі керек!
Ең кемі - бұл бізге Ресеймен қандай да бір келісім бола ма, жоқ па, соны түсінуге мүмкіндік береді. Егер Ресеймен келісу мүмкін болмаса, Еуропа лидерлері мен АҚШ әрі қарай қалай қимылдауы керектігін білктін болады және сәйкесінше қадамдар жасайды!
Украина Путинмен келіссөз жүргізгісі келеді дегенге күмәндана бастадым. Ал Путин Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңісті тойлаудан қолы босамай жатыр. Олар бұл соғысты АҚШ-сыз мүлде жеңе алмас еді! Қос тарап, дереу арада келіссөз өткізіңдер», - деді әлеуметтік желіде.
Осыдан сөз сөзге Украина президенті Зеленский қайта араласып, Ресей президенті Путинді жүзбе-жүз кездесуге шақырды.
Зеленский: Путиннің өзін Түркияда күтемін!
Президент Зеленский: «Біз ертеңнен бастап толықтай, ұзақ уақытқа ұрысты тоқтатуды күтеміз. Бұл дипломатияға негіз болып саналады. Қантөгісті жалғастырудың жөні жоқ! Бейсенбі күні Түркияда Путиннің өзін күтемін! Жеке өзін! Бұл жолы Ресей сылтау іздемейді деп үміттенемін», - деді.
Ресей тарабы әзірге бұл ұсынысқа жауап қатқан жоқ. Ал «Axios» басылымы: «Президент Зеленский Ресей ұрысты дүйсенбіден бастап тоқтатуға келіспесе де, Түркияға бармақ», - деп жазады.
Бұл арада америкалық БАҚ АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың 14-16 мамыр аралығында Түркияға ресми сапармен баратынын хабарлады.
Путин: Украина капитуляциясын талап етпек!
«The Times» басылымы: «Путин Ыстамбұлда Украина капитуляциясын талап етеді», - деп жазады.
Басылымның жазуынша, Путин ұрыс қимылдарын тоқтатудан бас тартып, келіссөздерді қайта бастауды ұсынғанда «Украина соғыстың басталуының түпкі себептерін жоюы тиіс» деп сөйлеген.
Осы арқылы Кремль қожайыны Украина қойған бұрынғы талап-шарттарын қайталап қойып отыр. Басылым дерегінше, Путин Түркиядағы келіссөздер кезінде: Украина капитуляциясын, НАТО-ға қосылу идеясынан бас тартуын, президент Зеленскийдің биліктен кетуін, Мәскеуге 4 облысты беруін, соның ішінде Ресей бақылауынан тыс жатқан Херсон мен Запорожды Ресейге беруін талап етпек.
Mezgil.kz