Каддафи кейсі: Ұшақты кім атты? Путин өтемақы төлей ме?

2014 жылы, 17-шілдеде малайзиялық лайнер Украинаның әуе кеңістігінде апатқа ұшырады. Ұшақты Донецк облысында әуе қорғаныс жүйесі атып түсірген болатын. Әуе кемесіне «жер-әуе» санатындағы зымыран тигені анықталды.


 

MH17 рейсінің апатқа ұшырауы он жылдан астам уақыт бойы зерттелу үстінде. 298 адамның өмірін жалмаған апатқа сот және сарапшылар қауымдастығы Ресейді кінәлі деп табуда.

 

The Times басылымы аталған апатқа байланысты БҰҰ-ның Авиациялық кеңесі Ресейді жауапты деп тапқанын жазды. 2022 жылы Нидерланды соты ұшақты атып түсірді деген айыппен ресейлік үш азаматты сырттай өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесті. 2020 жылы Амстердамда сот басталды. Сотта Игорь Гиркин (Стрелков), Ресей; ФСБ-ның запастағы полковнигі, Сергей Дубинский, Ресей; Ресей армиясының ГРУ-дағы зейнеттегі аға офицері, Олег Пулатов, Ресей; Ресей армиясының Әуе-десанттық күштерінің (ВДВ) запастағы подполковнигі, Леонид Харченко, Украина; «ДХР» (Донецк Халық Республикасы) ГРУ-сының барлау бөлімшесінің командирінің ісі қаралды. Сот екі жылға созылып, үш адамды өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ал Олег Пулатов сотпен әріптестікке келісіп, ақталып шықты. Сот барысында есімін жасырын сақтап, «М58» лақап атымен куәгерлік еткен Донецк облысынан шыққан сепаратистің бірі ұшақты атып түсіруге ресейлік тараптың кінәсі барын айтты.

 

Ресей сот шешімін мойындаған жоқ және кінәлілерді Нидерландыға беруден бас тартты. Ресейдің бұл шешімі және атылған ұшаққа қатысты айыпты ұдайы жоққа шығаруы Нидерланды үкіметін Украинаны белсенді түрде қолдауға мәжбүр етті.

 

Малайзиялық ұшаққа байланысты жақын аралықта Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) арнайы шешімі шығып, шешімде компенсация мәселесі жазылмақ. Бұл туралы Аустралия мен Нидерланды үкіметі мәлімдеді. Ұшақта қаза тапқандар арасында Нидерландының 196 азаматы, Малайзияның 43 азаматы, Аустралияның 38 азаматы және Ұлыбританияның 10 азаматы бар еді. Әр мемлекет Ресейден өтемақыны талап етуді халықаралық қауымдастық арқылы жүзеге асыруға ниетті.


Следственная группа:

 

Нидерландының СІМ басшысы Каспер Вельдкамп былай дейді: «Қазіргі таңда маңызды шешім қабылданып жатыр. Бұл қадам қаза тапқандардың отбасы мен жақындарын қолдау және MH17 рейсінің трагедиясына қатысты әділ шешімді сұраудан тұрады. Біз өтемақы мәселесін міндетті түрде көтереміз. Сот шешімі тағы бір дүниені айқындайды. Мемлекеттер халықаралық құқықты аяққа таптап, ойына келгенін жасай алмайды деген сөз».

 

Ал Аустралияның СІМ басшысы Пенни Вонг Ресейді өз кінәсін мойындап, халықаралық қауымдастық алдында кешірім сұрап, өтемақы төлеуге шақырды.

 

2023 жылы Нидерландының тергеу тобы ұшақты атып түсірген «Бук» кешенін Украинадағы сепаратистерге Путиннің бұйрығы бойынша Ресей әскері жеткізгенін айтты. Операцияны мойындалмаған ДХР-дің сол сәттегі «қорғаныс министрі» «Стрелков» Гиркин басқарған. Қазіргі таңда Гиркин Ресей түрмесінде отыр. Ол Путинді Украина соғысындағы сәтсіздігі үшін айыптап, 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

 

Ұшақты атып түсірді деп айыпталып, сырттай өмір бойына сотталған Сергей Дубинский мен Леонид Харченко жайлы ақпарат жоқ. Болжам бойынша олар Ресейде тұрады.

 

Сарапшылар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) Ресейден өтемақыны талап етуі маңызды дейді. Бұл шешім Ливияның бұрынғы президенті Муаммар Каддафиді қысымға алу әдісімен ұқсас екенін айтуда.


Vladimir_Putin_with_Muammar_Gaddafi-2.jpg

 

1988 жыл, 21-желтоқсанда Pan American компаниясына тиесілі Boeing-747 ұшағы Майндағы Франкфурт-Лондон-Нью-Йорк-Детройт бағытында рейске ұшып шығады. Лондоннан әуеге көтерілген ұшақ 35 минуттан кейін радардан жоғалып кетеді. Ұшақта жарылыс болған еді. Ұшақтың бөлшектері Шотландиядағы Локерби қалашығына түседі. Құлаған ұшақ бірнеше үйді жапырып өтеді. Салдарынан ұшақтағы 259 адам мен қалашықтағы 11 адам көз жұмады. Ұшаққа бомба қойылғаны анықталды.

 

Бірнеше ай бойы тергеушілер ұшақтың 2 мыңнан астам бөлшегін жинап, әр бөлшекті мұқият зерттей бастады. Ұзақ уақыттан кейін, тергеудің бағыты Ливияға қарай бастады. Бомбадағы таймердің бөлшектері табылды. Оны Meister-Boiler компаниясы Ливия азаматтарының тапсырысымен жасағаны анықталды. Тағы бір күдікті зат табылды. Ол чемоданның ішіндегі киімдер болатын. Киімдердің бірі Мальтада тігілген. Тергеушілер дереу Мальтаға аттанып, киімнің этикеткасы бойынша дүкенді іздеп тапты. Дүкен иесі тапсырысты кімдердің бергенін айтты. Олар Ливия азаматтары болып шықты.


1991 жылы тергеушілер Ливия азаматтары Әль-Меграхи мен Ламин Фимахқа айып тақты. Екеуі де сол сәтте Мальта әуежайының қызметкері болатын. Әль-Меграхи Ливияның арнайы қызметінің бұрынғы агенті еді. Оларды тергеушілер Мальтадан таппады. Екеуі де Ливияға қашып, ізін суытып үлгерді. Муаммар Каддафи күдіктілерді халықаралық соттың қолына беруден бас тартты. Қарымтасына АҚШ пен Ұлыбритания Ливияға санкция салды.

 

1999 жылы Каддафи екі күдіктіні беруге келісті. Сот Шотландия заңдары бойынша Нидерланды аймағында өтті. Әль-Меграхи өмір бойына сотталды, ал Ламин Фимах ақталып, бостандыққа жіберілді. 2009 жылы Шотландия билігі Меграхидің обыр ауруына байланысты аз ғана уақыты қалғанын айтып, оны түрмеден босатты.

 

2003 жылы Ливия билігі ұшаққа бомбаны қоюға ресми өкілдерінің қатысы барын мойындады, алайда Каддафидің еш қатысы жоқ екенін айтты. «Бомбаны қоюға қатысты шешімді биліктегі беделді тұлғалардың бірі іске асырған, алайда бұл мемлекеттің шешімі емес» деді. Ливия ұшақта қаза тапқан әр жолаушыға 10 млн доллар өтемақы беретінін айтты. Қарымтасына Ливияға салынған санкциялар алынып тасталды.

 

Сарапшылар Ресей тарапы кінәні ашық мойындамаса, өтемақы төлеуден бас тартса, халықаралық қауымдастық Муаммар Каддафиге жасаған қысым әрекетін Мәскеуге қайталауы мүмкін дейді. Болжам бойынша сот Ресейден бірнеше млн доллар өтемақы талап етпек. 


Mezgil.kz



Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар