Бүгін Түркияда Ресей мен Украина делегацияларының тікелей келіссөздері өтеді. Әлем жұрты көз тіккен бұл кездесу әуелде мемлекет басшыларының деңгейінде өтеді деп күтілген. Яғни, президент Зеленский мен президент Путиннің жүзбе-жүз жолығуы болаты деп күтілген. Сол бағытта ақпараттық алаңда әжептәуір айқас та болды.
(Сурет: lrt.lt)
Дәлірек айтсақ, президент Зеленский мен президент Путиннің ақпараттық айқасы һәм Түркиядағы болады деп күтілген жекпе-жегі жеме-жемге келгенде болмай қалды. Себеп – Ресей президенті Путин өзі үсынған тікелей келіссөзге өзі барудан бас тартты. Түлкібұлаңға басты.
АҚПАРАТТЫҚ АЛАҢДА ЗЕЛЕНСКИЙ ЖЕҢДІ. ПУТИН ЖЕҢІЛДІ
Әуелде Украина мен Еуропа елдерінің басшылары Киевте жолығып, майданның барлық шебінде соғысты 30 күнге тоқтатып, 12 мамырдан бастап тікелей Украина-Ресей келіссөздерін бастауды ұсынған.
Бұл ұсынысты АҚШ та, Қытай да, өзгелер де қолдады. Қолдамаған жалғыз – Ресей.
Бұған Ресей президенті Путин жауап қатып, тікелей келіссөздерді 15 мамырда Түркияда бастап кетіп, сонан соң соғысты тоқтату жайын келісуді ұсынды.
АҚШ президенті Трамп сөзге араласып: «Ресей бәрібір Киевтің ұсынысын қабылдамайды. Ең құрығанда осылай келіссөздерді бастай берген жөн», - деп кеңес етті.
Ал Украина президенті Зеленский тосылып қалған жоқ. «Ендеше, мақұл. Бірақ, Түркияда мен басқа біреуді емес, президент Путиннің өзін күтемін. Кездесуге өзі келсін», - деді.
Осыдан соң, жауап сөз Путиннің жағына ауды. Әлемдік ақпарат: «Зеленский Путинді жекпе-жекке шақырды. Енді Путин не дер екен», - деп жарыса жазып жатты.
Ал Ресей тарабы ең ақырғы сәтке дейін жауаптан бұлтарып, Түркияға келіссөз жүргізуге кім немесе кімдер баратынын айтпай қойды.
Сөзге АҚШ, Бразилия, Түркия басшылары араласып, Путинді тікелей келіссөздерге қатысуға шақырды. Ал Еуропа басшылары: «Егер Ресей келіссөзден жалтарса, бұрын-соңды болмаған санкциялар саламыз», - деп ультиматум қойды.
Президент Зеленский де аянып қалмады. «Путин менімен кездесуден қорқады. Сондықтан ол келмейді, білем. Бірақ, мен сонда да Түркияға барамын. Путинді күтемін. Ол келмесе, Ресейдің өзге делегациясымен кездеспеймін. Түркия президенті Ердоғанмен жолығамын», - деді.
Путин бұған да міз баққан жоқ. Ұрысатын жерін, тұрысатын жерін өзі белгілеп алып, кездесуден жалтарған Путин осылайша жеме-жемде жалтарып, президент Зеленский ақпараттық алаңда басымдыққа ие болды.
Сонымен, бүгін Түркияда Ресей мен Украина келіссөздері өтеді. Оған қос тараптан кімдер қатысады?
РЕСЕЙ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНДА КІМДЕР БАР?
Ресей тарабы ақырғы сәтте жариялаған тізімге көз жүгіртсек, Түркиядағы келіссөздерге баратындар ішінде Ресейдің бас келіссөзшілері саналатын РФ СІМ басшысы Сергей Лавров пен президент Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков жоқ. Оның орнына тізімде:
1.Владимир Мединский – Ресей президентінің көмекшісі (делегация жетекшісі);
2.Михаил Галузин – РФ СІМ вице-министрі;
3.Александр Фомин – РФ Қорғаныс вице-министрі;
4.Игорь Костюков – РФ Қорғаныс министрлігі Бас штабы бастығының орынбасары.
Көріп тұрғандарыңыздай, бұл тізімде негізгі келіссөзшілер жоқ. Тіпті, Лавров пен Ушаков, Қорғаныс министрі Белоусов та аталмайды.
Айта кетейік, бұл тізімдегі Мединский мен Фомин 2022 жылы ЫВстамбұлда өткен Украина-Ресей келіссөздеріне де қатысқан адамдар.
УКРАИНА ДЕЛЕГАЦИЯСЫНДА КІМДЕР БАР?
Украина тарабы әзірге нақты келіссөзшілер тізімін жариялаған жоқ. Алайда, Украина БАҚ-тары президент Зеленскиймен бірге Түркияға ұшып барған лауазымды тұлғаларды атап жазған. Олар:
1.Андрей Ермак – Украина ПК жетекшісі;
2.Рустем Умеров – Украина Қорғаныс министрі;
3. Андрей Сибига – Украина СІМ басшысы;
4.Игорь Жовка – президент кеңесшісі.
Ресей тарабы келіссөзші ретінде ұсынған адамдардың лауазымы Украина делегациясындағы тұлғалардың лауазымынан әлдеқайда төмен екенін ескерсек, Украина тарабы да келіссөзшілер тізімін өзгертуі бек мүмкін.
АҚШ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНДА КІМДЕР БАР?
Осыған дейін: «Егер президент Путин келіссөзге барса, мен де барамын», - деген АҚШ президенті Трамп ақыры Түркияға бармайтыны белгілі болды. Оған себеп – Путиннің түлкібұлаңға салуы.
Ал қазір АҚШ тарабынан Түркияға Мемлекеттік хатшы Марко Рубионың жүргені белгілі. Бұдан бөлек, АҚШ президентінің арнайы өкілдері Ситв Уиткофф пен Кит Келлог те қос тараптың келіссөзіне бақылаушы болып қатысатыны айтылған.
Түйін: Осыған дейін 2022 жылы Түркияның арағайындық жасауымен, Ресей мен Украина делегациялары тікелей келіссөздер жүргізген. Алайда ол сәтсіз аяқталған. Оған себеп – Ресей Украина капитуляциясын талап еткен. Бұл жолы жағдай қалай өрбитіні белгісіз. Mezgil.kz ақпараттық порталы алдағы уақытта Украина-Ресей келіссөздері туралы егжей-тегжейлі сараптама ұсынатын болады.
Mezgil.kz